Жиынды Сыртқы істер министрлігі мен «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы» ұйымдастырды. Іс-шараға сала мамандары, халықаралық бизнес қауымдастық өкілдері мен дипломатиялық корпус қатысты.
Брифингте баяндама жасаған «KAZENERGY» бас директоры Әсет Мағауов елде атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Оның айтуынша, қазіргі таңда мұнай және энергетика саласында маңызды жұмыстар атқарылуда.
«KAZENERGY» заңнамалық жұмыстарға белсенді қатысады. Біздің мақсат – мұнай және энергетика саласындағы инвестиция климатын жақсарту. Энергетика министрлігімен бірлесе жер қойнауы туралы кодексті реформалауға атсалыстық. Былтыр осы заң жобасы қабылданды», деді Ә.Мағауов.
Биыл еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты толығымен іске қосылғаннан кейін мұнай өнімдерінің көлемі артпақ. Сондай-ақ бензин және дизельді отынның экспорты бойынша кедендік баж салығына өзгертулер енгізіледі. Спикердің айтуына қарағанда, ауыл шаруашылығына арналған жанармай жеткізу мен коммуналдық кәсіпорындарға арналған жылытатын мазут жеңілдіктері алынып тасталған.
«Былтыр экспорт доллар эквивалентінде 25%-ті құраса, біздің зауыттарға жеткізілетін мұнай бағасы 47%-ке өскен. Биыл үш зауытты жаңғырту аяқталды. Қазір бензин мен дизель отынына қатысты экспорттың кедендік бажын реформалау бойынша жұмыстарға қатысудамыз. Келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап бензин мен дизельді отынды экспортқа шығармаймыз. Бірақ елдегі мұнай өңдеу көлемі айтарлықтай көбейеді. Сондықтан жақын және алыс шет елдерге мұнай өнімдерін тасымалдау жолдары ашылса құба-құп», деді Ә.Мағауов.
Сонымен қатар мұнай өнімдерінің акциздері саласындағы бірқатар мәселеге тоқталды. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, отандық өндірушілер осы бағытта көп қаражат жұмсайды екен. Салыстырмалы түрде қарасақ, Ресейде акциздердің құны еліміздегі бағадан екі есе төмен.
«Акциздің мөлшері бірдей болғаны жөн. Мәселен ресейліктер өз бензинін импорттағанда 4 500 теңге төлесе, отандық зауыттар 10 500 теңге жұмсайды. Сол секілді дизельді отынды импорттық жеткізу тоннасына 540 теңгені құрайды. Ал қазақстандық өнімге 9 300 теңге төлеуге тура келіп отыр», деді Ә.Мағауов.
Бұдан бөлек, жиын барысында мұнай және энергетика саласындағы жоспарлар да айтылды. Мәселен мұнай және газ өндіру бойынша Қазақстандағы ең үлкен үш мекен – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған ел экономикасын дамытуға елеулі үлес қосады. Ал 2025 жылы мұнай өндіру көлемі 104 миллион тоннаға дейін жетпек.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»