Футбол • 24 Шілде, 2018

«Астана» Данияның «Мидтьюлланд» командасын жеңді

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елорданың «Астана» командасы УЕФА Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясында өз алаңында Данияның «Мидтьюлланд» командасын қабылдады, 2:1 есебімен басым түсті.

«Астана» Данияның «Мидтьюлланд» командасын жеңді

Кездесуі қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи Олимпиадасының жүлдегері Денис Теннің мезгілсіз қайтыс болуына байланысты, 1 минуттық еске алумен басталды.

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап «Астана» командасы басымдықты өз қолына алып, шабуылдаумен болды. Ара-тұра ұйымдастырылған шабуылдар көбіне нәтижесіз аяқталып жатты. Дегенмен 31-минутта алаң орталығында доп венгриялық футболшы Ласло Кляйнхайслер қарсыластың қорғаныс шебінде пайда болған бос кеңістікті ұтымды пайдаланып, «Мидтьюлланд» қақпашысы Йеспер Хансенді қапы қалдырды. Есеп – 1:0.  Қонақтар тайм соңына дейін есепті теңестіруге ұмытылғанымен, бәрі нәтижесіз аяқталды.

Екінші таймның қонақтар қарқынды бастады. Ойынның 51-минутында даниялықтар есепті теңестіріп кетті. Бұл нәтиже сырт алаңдағы қарымта кездесу алдында «Астана» үшін қауіпті есеп болғандықтан, елорда командасы бүкіл ұжым болып шабуылға ұмытылды. Төреші қосқан қосымша уақыттың соңғы минутында Ласло Кляйнхайслер айып алаңының орта тұсынан тағы да күшті соққы бағыттап, «Астанаға». Қорытынды есеп – 2:1. Екі команда арасындағы қарымта кездесу 1 тамыз күні Данияның Хернинг қаласында өтеді.