Медицина • 30 Шілде, 2018

Ақылы паркоматтар жүргізушілердің ақысын жей ме?

408 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еуразия құрлығындағы соңғы үлгіде салынған ірі тер­ми­налдардың біріне айналған астаналық әуежайда тәулігіне 160-қа дейін ұшақтардың ұшу және қону сапарлары орындалады, сағатына 2500 жолаушыға қызмет көрсетеді. Былтыр халықаралық әуежай 4 миллионнан аса жолаушыға қызмет көрсетіпті. 

Ақылы паркоматтар жүргізушілердің ақысын жей ме?

Алайда келіп-кетушілерге қатысты көрсеткіштер көрім болғанымен, көпшілік орындарда көзге көріне бермейтін көкейкесті мәселелер де орын алып жатады. Бұл әрине жолау­шылардың жаңа жүйеге бірден дағдыланбауымен де байланыс­ты болуы мүмкін. Айталық, әуе­жай алдындағы автотұраққа бұрын алғашқы 30 минутқа тоқ­тау тегін болса, қазір бұл жеңілдік алынып тасталды.

Арнайы жолақтарда 15 минутқа дейін тұрақтау ғана тегін. Яғ­ни көлік иесі тұраққа кірген сәт­тен бастап 10 сағатқа дейін саға­тына 100 теңге төлейтін болады. 10-шы сағаттан бастап, 24 са­ғатқа дейін 1000 теңге төлеуі тиіс. Келесі әрбір тәулігі – 500 теңгеден. Бірақ жуырда әуе­жайға барғанымызда бұл жаңа­шылдық көлік кептелісін тудырып, жүргізушілердің мазасын қашырғанын байқадық.

Әуежайға кіретін көліктер Қа­банбай көшесі арқылы 4 бекеттен өтсе, көліктердің шығуы үшін 5 шлагбаум қойылған. Мәселенің бәрі шыға беріске қойылған бес бекеттің айналасында орын алып жатқан сыңайлы. Әуежай алдындағы көлік кептелісі көптеген жүргізушілердің нара­зы­лығын тудыруда. Кейбірі бұл жердегі белгілердің түсініксіз қойыл­ғандығын айтса, кейбірі жаңа жүйенің тетіктері дұрыс же­тіл­дірілмегеніне шағымдануда. Ай­талық 15 минутта шығып кетуге болатын жерден ұшақ ке­шігіп, одан түсетін жолаушы кешігуі мүмкін. Нәтижесінде қонағын күтіп алуға келген көлік жүргізушісі әуе компаниясының қателігі үшін көпе-көрінеу 1000 теңгеге шығынданады. Сондай-ақ кейбірі көлік кептелісінде тұрып-ақ 15 минутын өткізіп алғандықтарына наразы. Кейбірі қалтасынан ұсақ тиын таппай дал болып қалғандықтарын жасырмайды.

«Жалпы тұраққа көлік қою бағасы 10 сағатқа дейін 100 тең­ге болады, 10 сағаттан 24 сағат­қа дейін 1000 теңге деп белгі­лен­ген. Бірақ тегін шығып кететін жолақта тұрып қалып, 15 минуты өтіп кеткен көлік жүргізушісі 100 теңге емес, 1000 теңге төлеуге міндетті. Бұл – әділетсіздік», дейді астаналық тұрғын Бекзат Мыр­захмет.

Негізінен әуежай аума­ғын­­дағы көлік қоятын орындар­дың тәр­тібіне сүйенсек, арнайы жолақ Т1 және Т2 терми­нал­дары­на жақын орналасқан және төрт жолақтан тұрады. Екеуі авто­кө­ліктердің қозғалысына, ал қалған екеуі жолаушылардың мініп-түсуіне арналған. Көлік қоятын орындардың ақысын төлеу ыңғайлы болуы үшін, ар­найы жолақтан шығатын жер­ге үш паркомат қойылған. Тағы екі паркомат Т1 және Т2 терми­нал­дарының маңайында тұр. Бұ­дан бөлек әуежай паркингінің бірінші қабатында арнайы касса бар. Сонымен қатар аумақтағы ав­то­көліктердің қозғалысын рет­теу үшін диспетчер-қызмет­кер­лерге жүгінуге болады.

Автокөлік пен авто­тұ­­рақ ие­лерінің арасында та­­рифтердің бұ­лайша өзге­­руіне байланысты туған дау­ға «Astana LRT» ЖШС жа­ңа шарттар туралы бір ай бұ­рын хабарланғанын алға тартады.

«28 маусым күні біз хабар­лан­дыру тараттық. Көлік қоятын орын­ға кіретін жерде тарифтер көр­сетіліп, шлагбаумға жақын­даған әр адам онымен таныса ала­­тындай мүмкіндік болды. Со­ны­мен қатар әуе­жай маңайын­дағы тегін тұрақ­тар мен тариф­тер­дің өзгер­ген­дігін хабарлау үшін арнайы қызметкерлерді де қой­дық. Арнайы жолақтарды қою­дан кірісіміз жоғарыламады. Кері­сінше төмендеп отыр. Себебі тариф­тер 300 тең­ге­ден 100 теңгеге дейін арзан­дады. Соңғы екі күннің мәлі­меті бойынша, кіріс 20-30%-ке қысқарған. Жалпы бол­жамға сү­йенсек, айналым бұ­рынғы дең­гей­де қалады. Сегіз сағаттық бақы­лау нәти­же­сінде автотұраққа 5000 көлік құралы кірсе, 700-ге тар­та көлік арнайы жо­лақ­қа тоқ­таған. Бұл – бірін­ші күннің нәти­жесі», дейді «Astana LRT» ЖШС көлік қоя­­тын орындарды бас­қару бо­­йынша департамен­ті­нің ди­­ректоры Николай Ан­ти­пов.

Көлік жүргізушілері бұ­дан былай тегін автотұрақ жоқ еке­нін ескергені жөн. Жалпы мұн­дай тариф пен бағаны қоюда халық­аралық тәжірибелер ескерілгенін айта кетелік. Еуропа елдер­інде те­гін көлік тұрағы жоқ. Ал ТМД елдерінде Киев әуежайында 10 ми­нут, Мәс­кеудің Шереметьево және Домодедова әуежайларында 15 минут тегін беріледі. Бұл өзге­рістер аталған орындарда көлік кептелісінің болмауы үшін жасалып отыр.

«Тәжірибеге сүйенсек, жолау­шылар аталған орындарда кө­ліктерін ұшаққа отырғызу алаңына барынша жақын қалдыруға тырысады. Бірақ негізінде бұл үшін арнайы жолақтар салынған. Ал жалпы көлік қоятын орындарға арнайы тарифтер бекітілген. Бұл азаматтардың Астана аумағынан ұзақ мерзімге сапар шегуіне әрі көлігін алаңсыз қалдырып кетуіне жағдай жасайды, екі тәулік уақыт ішінде шамамен 2500 теңге, ал келесі тәуліктердің әрқайсысына 500 теңгеден жұм­салады. Болашақ­та біз атал­ған тарифтерді жеңіл­дету үшін барлық шараны қа­рас­тырамыз. Әлемдік тәжіри­беде, мы­салы, Мәскеу, Ду­бай сынды қа­ла­лардың әуе­жай­ларында да ар­найы жо­­лақтар бар. Бірақ олармен са­лыс­тыратын болсақ, біздегі кө­лікті тегін қалдыру уақыты 15 ми­нутты, ал басқа мемлекеттерде 7 минутты құрайды», дейді Н.Ан­типов.

Бұрын әуежайдың көлік қоятын орындарында алғашқы жарты сағат тегін еді. Арнайы тір­кел­местен жолаушыларды тасу­мен айналысатын такси қызме­тіне тосқауыл қою үшін компа­­ния бұл ережеден бас тарт­қан. «Astana LRT» компа­ния­сының ай­туынша, көлік қоя­тын орын­дарда тәртіпсіздік көп кез­деседі. Адамдар ты­йым салынған орын­дарда көліктерін қалдырып, кеп­­теліс тудырады.

Азамат­тар бұл жердің көлік қоятын орын екендігін және мұнда жол қоз­ға­лысының арнайы ережелері бар екендігін сезінуі қажет әрі сол ере­желерге бағынуға тиісті. Соны­мен қатар әуежайдың аума­ғында заңсыз жолау­шы тасыма­лы да орын алып жатады. Бірінші жо­лақ­та арнайы таксилер орна­лас­тырылған және жолаушылар со­лардың қызметіне жүгінуі тиіс. Алай­да жарты сағат тегін тұрақ­тауға болатындығын пайдалан­ған заңсыз тасымалдаушылар тұр­ғындар үшін де, көлік қоятын орын­дардың қызметі үшін де қиын­дық туғызады.

Бұл жағдайды одан сайын ушық­тырып, заңсыз та­сы­мал­даушы таксилер әр 15 минут са­йын келіп-ке­тіп отырмай ма деген сұра­ғымызға департамент ди­ректоры «Бұл үшін жүйеде ар­найы қызмет қарастырылған. Яғни бір адам көлік қоятын орынға кірсе, оның 15 минут тегін уақыты болады, бірақ ол аймаққа бір сағаттың ішінде тек үш рет кіре алады. Егер бір адам көлік қоятын орынға келуін жиілетсе, жүйе оны қара тізімге енгізеді де, ол үшін алаңдардың есігі жабылады» деп жауап берді. Сондай-ақ әуежайдың көлік қоятын орнына кіріп, ақысын төлеуден бас тартқан жағдайда кө­лік үшін «қара тізім» қарас­ты­рылған.

Нұрсұлтан Назарбаев ха­лықаралық әуежайы кел­тір­ген мә­лі­меттерге сүйенсек, 2018 жылғы қаң­тар-маусым айларында 2 млн 145 мың 154 жолаушыға қызмет көр­­сеткен. Осыншама жолаушы әуе ар­қылы қатынап жат­қан болса, олар­ды қарсы алып, шығарып салу­шы­лар­­дың саны да көп бол­ма­са аз емес екені анық.

Со­ған бай­ланысты «Astana LRT» ЖШС көлік қоятын орын­­дарды басқару бойын­ша де­пар­таментінің бас­па­сөз қыз­метіне хабарла­сып, көлік тұрағынан түсе­тін қар­жының қайда жұм­са­латын­дығын сұраған бола­тынбыз. Компания өкілі Науат Азан­баеваның айтуын­ша, кә­сіпорын одан түс­кен қара­жатқа қыста әуежай алаңын­д­ағы қарды таза­лау­ға, тех­никаларды жаңар­туға, жа­рықтандыру қыз­метіне жұмсап, сонымен қатар жол белгілерін орнатып, күзет­ші­лердің жалақысын төлеу­ді қарастырады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Еріктілер күш біріктірді

Волонтер • Бүгін, 10:51