Медицина • 31 Шілде, 2018

Қайта оралған туристе қайыр бар

691 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Алматы қаласының маңындағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортында III халықаралық тау және спорт фестивалі аяқталды. Үш күнге созылған шарада таулы жарыстар ұйымдастырылып, Денсаулық күні де өтті. Бірақ мұндағы басты оқиға – фестиваль аясында өткен дәстүрлі Халықаралық тау форумы болды.

Қайта оралған туристе қайыр бар

                                                                                            Туризмнің трендтері

Шымбұлақтағы биыл­ғы форум «Алматыда тау туриз­мін және бұқаралық спорт­ты дамы­ту тетіктері: бүгін және ертең» тақырыбын таң­дады. Алқалы жиын тау ту­ризмі­нің аузы дуалы, қолынан іс келе­тін шетелдік мамандарын тоғыс­тырып отыр­ғандықтан, алдымен Алматы қаласы әкім­інің орынбасары Әсел Жүні­сова сөз алып, туризмнің дамуын бейнелейтін бірқатар көрсет­кіштерді алға тарт­ты.

– Алматы қаласы республика бойынша барлық келушілердің бестен бірін құрайды, соның ішінде Қазақстанға ат басын бұратын шетелдік туристердің 40 проценті Алматыға соқпай кет­пейді. Соңғы үш жылда қала­ға келген туристер саны жылы­на 14 процентке өсті. Өткен жы­лы Универсиада арқасында 20 процентке артты. 2018 жыл­дың қаңтар-мамыр айларында әуежай арқылы 232 мың ше­тел­дік турист келді. Бұл өт­кен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 20 процентке артық. Қазақстандық және шетелдік туристер арасында жүргізілген сауалнама нәтижелері бойынша, шетелдік туристердің 60 проценті Алматыны экотуризм үшін таңдайды. Ал қазақстандық турис­тердің 55 проценті түрлі бел­сенді іс-шаралар мен ойын-сауық үшін ат басын тірейді. Табиғат пен мегаполистің заманауи ойын-сауықпен үйлесуі  – қаламыздың ауыз толтырып айтарлық ерекшеліктерінің бірі, – деді Әсел Жүнісова.

Қала әкімінің орынбасары Алматыға TripAdviser әлемдік плат­формасында қызығушылық артып келе жатқанын атап, соң­ғы екі жыл ішінде Алматы мик­росайтының көрілімі 140 есе арт­қанын мысалға келтірді. Парақ­шаға негізінен Ресей, АҚШ, Ұлы­­британия, Үндістан мен Германия азаматтары кіреді. Әсі­ресе экотуризмге деген қызы­ғушылық байқалады. Алматы қаласының әкімдігі Іле-Алатау ұлттық паркі және Алматы об­лы­сындағы әріптестері саналатын «Қазақтуризм» компаниясымен бірге тау туризмін дамытудың бас жоспарын іске асыру жұмыстарын қолға ала бастаған. Аталмыш жоба жаңа тау шаңғысы курорттарының пайда болуын, ұзындығы 500 шақырымнан астам жаяу жүру (хайкинг) мен бақылауға (трэкинг) арналған тау маршруттарын ұйымдастыруды қарастырады.

Сол сияқты Еуропа мен Азия­дан келетін туристердің 60 проценттен астамы Қазақстанды тұм­са табиғаты бұзылмаған ел ретінде таңдайды. Бірақ осыған қарамастан, Алматы туризмнен айтарлықтай табыс тауып отырмағаны аян. Сондықтан да қалада Ян Гейлдің «Адамдарға арналған қала» жобасы бойынша «Туризмді дамыту жөніндегі 100 қадам» сынды арнайы жоспар жасалып отыр. Бұл жоба қаланың тарихи орталығын жаңғыртып, шаһардың туристік тартымдылығын түбегейлі өзгер­туі тиіс.

Қалай десек те, Алматы қа­ласы мен онымен іргелес облыс­та туризмді дамытудың барлық алғышарты бар. Ең бастысы, визасыз және Шымбұлаққа әуежайдың өзінен бір сағаттың айналасында жетуге болады.

Осындай ресми статисти­ка­лық деректерді бизнес өкілдері де растады. «Эйр Астана» әуе­ком­паниясының маркетинг және сату жөніндегі вице-прези­денті Ричард Леджердің айтуын­ша,­ 2017 жылдың жазында турис­тер саны өткен жылмен салыс­тырғанда 17 процентке арт­қан. Алай­да ше­телдік қонақтар Қазақ­станға іссапарға немесе туыс­тарымен көрісу мақсатында сирек келеді. Мәселен, 2016 жы­лы елімізге келген 6,5 миллион шетелдік туристің тек 50 мыңға жуығы ғана еңбек демалысын осында өткізу үшін келген. Сарапшының айтуын­ша, қазақстандық туризмнің не­гіз­гі мәселесі – халықаралық нарық­тағы өнімнің жеткіліксіз дистрибуциясы.

«Мысалы, Аустралиядағы ин­тернет қолданушы туристік пор­талға кіргенде, елдің көрікті жерлері туралы ақпаратты ғана алып қоймайды, сонымен қатар ішкі нарыққа әлеуетті туристер үшін қызмет ететін туро­пера­торлардың тізімін қарауға да мүм­кіндік алады. Kazakhstan.org сай­тында көрнекті орындар туралы ақпаратты және элек­трон­ды поштаны жіберуді сұрай­тын форманы көреді. Ал шетел­діктер хат жазбайды, оларға жер­гі­лікті нарықтағы серіктестер қажет. Қазақстан туралы ештеңе біл­мейтін турист ол жерде өзін не күтіп тұрғанын білмей, бөтен елде екі аптасын өткізгісі келмейді», деді Ричард Леджер.

Сондай-ақ «Эйр Астана» әуекомпаниясы транзиттік жо­лау­шыларға стоповер бағдар­ламасын ұсынған. Яғни бұл ар­қылы турист қонақүйде бір­не­ше түн тұрақтай алады, сон­дай-ақ жергілікті көрікті орын­дарға баруға мүмкіндігі бар. Атал­мыш бағдарлама – брендті халықаралық әдіс, жергілікті маз­мұнға негізделген және халық­аралық нарықта елдің беделін арттырады. Бағдарлама Алматы мен Астанада жұмыс істейді. Ұлттық тасымалдаушы бұл жүйені әлем бойынша 40 мың туристік агентке таратқан және стоповерге компания сайты арқылы қатысуға болады. Нәти­жесінде биылғы бірінші жар­тыжылдықта 9 мың түнеу тіркеліп, бұл өнімді 50 мың турист пайдаланған.

                                                                          Шымбұлаққа бәсекелестік жетпейді

2010 жылы, яғни Шымбұлақ­тағы арқан жолдарын қайта қал­пына келтіру жұмыстарына дейін, демалыс күндері курортқа 1 мың адам ат басын тіресе, қазір Шым­бұлаққа сенбі, жексенбі күндері 15 мың адам қыдырып келеді. Жыл сайын келушілер саны артуда, биылғы көрсеткіш 600 мың адамға жетті.

– Шымбұлаққа бәсекелестік жетіспейді, бірақ біз оның рельеф пен жолдардың ауқымы бойын­ша шектелетінін түсінеміз. Ең көп қонақ келетін күндері курорт тұншығып тұрғандай әсер­ қалдырады. Мұның салдары­ қызмет көрсету сапасынан да көрінеді. Егер Алматы облысында кәсіпқой спортшылар үшін ғана емес, әуесқойларға, балалар мен қарт адамдарға да бірнеше жеңіл әрі қолжетімді жолдары бар курорттар бар болса, ол шетелдік туристерді тартуға септігін тигізеді, есесіне барлығы ұтатын еді, – деп есептейді Шымбұлақ тау шаң­ғысы курортының бас директоры Ержан Еркінбаев.

Еркінбаев дайындық­тан өткен адамдарға ғана емес, мүгедек жандарға, кішкентай балалары бар ата-аналарға арнал­ған жаяу жүргіншілерге арнал­ған жол­­­дар­ға қолжетімділік мәсе­лесіне де тоқ­талды.

«Шымбұлаққа келетіндер саны біз әрекет етпесек те көбейе түсетін болады», дейді Еркін­баев. Оның айтуынша, мұнда келетіндер саны келер жылы өздігінен 20 мыңға жуықтайды және Шымбұлақтағы барлық нысанды бірте-бірте дамы­туға болады.

Сақтандыру полисте­рін он­лайн және тау шаң­ғы­сы ку­рорт­тарының кас­­саларында сату тәжі­ри­­бе­сін енгізу қажет. Қа­зақ­­стандық KITA кірме және ішкі туризм қауымдастығының вице-президенті, ACT Adventure экстремалды туризм жобасының жетекшісі Анатолий Савичев Алматы облысының таулы аудандары жолдарымен ғана емес, сонымен қатар ат топтарына арнал­ған маршруттарды, парапланмен ұшу орындарын және велосипед пен квадроцикл айдауды ұна­татын әуесқойлар үшін таптырмас мүмкіндіктер ұсынатынын атап өтті.

Шымбұлақ пен Кіші Алматы шатқалдарының туристеріне бір күндік сапар үшін шамамен айналма саяхаттың 15 нұс­қа­сы және альпинистік тауға кө­терілудің түрлі маршруттары бар. Мұндай ресурстар барлық тау жүйелерінде қолжетімді емес.­ «Жергілікті өнімнің артық­шы­лығы – көптеген тау маршруттары, жабайы және жүрілмеген жолдар, оның өзіндік ерекше тұсы – маусымаралық кезеңнің болмауы. Қауіпсіздік – шетелдік турис­тердің біздің таулар мен курорт­тарға толық сенуі үшін маңызды әрі қажетті шарт­тардың бірі. Өзге елдің тау курор­тында турист ая­ғын сынд­ырып алса, оны дереу тік­ұшақпен ауруханаға жеткізеді. Францияда турист ски-пасс алған уақытта, оған қоса полисті де алу ұсынылады. Сақтандыру по­лис­терінің онлайн және тау шаңғысы курорттарының кассаларында сату тәжірибесін енгізу біздің жағдайымызда әб­ден мүмкін. Дегенмен, әзірге турис­терге арналған көңілге қонымды сақтандыру жүйесі жоқ­тың қасы», деді Анатолий Савичев.

Жергілікті туристердің қауіп­сіздігі бойынша семинарлар мен практикалық тренингтерді тұрақ­ты ұйымдастыру өте маңызды. Себебі олардың тәжірибесі мен дағдылары арта түседі, сәйке­сінше шетелдік қонақтар тауларымызда өзін-өзі қауіпсіз сезінеді.

Өмірде іске аспайтын еш­теңе жоқ. Форумға қатысушы­ларды қай тұрғыдан болсын құлшындырған адам белгілі швед саяхатшысы, Халықаралық таби­ғатты қорғау одағы және Snow Leopard Foundation қорының елшісі Йохан Нильсон болды. 20 жылда бұл жиһанкез әлемнің 169 елін аралап, 70 шыңды бағын­дырған.

Саяхатшы әлемнің әр елінде ұшырасатын қоршаған табиғатқа қатысты мәселелерді қозғады. Мысалы, дүние жүзінің ең биік шыңдарында, оның ішінде Эвересте тау болып үйілген қо­қыс мәселесін де алға тартты. Үш­ жыл бойы Нильсон және оның әріптестері жалпы саны 250 адам­ның қатысуымен арнайы экс­­­пе­диция ұйымдастырған. Экс­пе­диция мүшелері әлемнің ең биік нүктесі төңірегінен 15 тонна қоқыс­ты жинаған. Гималайды да тазалаған.

Өмірде барлық нәрсеге қол жеткізуге болады деп есептейтін саяхатшы Оңтүстік полюстен Солтүстік полюсті жаяу кесіп өт­кен адам екендігін айтпағанның өзін­де, Арктикаға да барған, ден­тапл­анмен де ұшқан. Қыс­қасы, көрмеген жері жоқ.

Барлық кезде бейтарап болу­ға тырысқан Йохан, ең бастысы адам баласы қоршаған ортаға зия­­нын тигізбеу қажет деп біледі. «Қазір қайда барсаңыз да алдыңыздан қоқыс шығады. Са­лыс­­тырмалы түрде сіздердің тау­ларыңыз айтарлықтай таза», дейді саяхатшы.

18 жастағы мүгедек жігітті Шве­ция шыңына алып шыққан Йоханның тау туризміне қатысты айтары көп болды. Оның өмірлік қағидаты – табиғатқа қарсы шық­­пау, ұлттық саябақтарды көр­кейту, жабайы хайуандарды бос­тандыққа жіберу. Өйткені адамдар осы айналадағы өмірдің бір бөлшегі ғана.

Швед саяхатшысы Қазақ­станда тау туризмін мемлекет мақ­­­танышына айналдыра ала­тын­дай барлық мүмкіндік бар деп есептейді.

50 жыл бұрын Францияға да туристер ағылып келетініне ешкім сенбеген. Франциядағы Les Portes du Mont Blanc тау шаң­ғысы курортының бас директоры Лукас Маршанд үшін Шымбұлақ шатқалдары таңсық емес. Ол 2010-2014 жылдар ара­лығында Шымбұлақта қызмет еткен.

Туризм саласында жинаған тәжіри­белері мен бастан өткен­дері жайлы қызулана, құлшына баяндайтын Лукастың ойынша, Алматы жақсы жағына қарай өзгерген.

– Соңғы 15-20 жылда туризм ғаламдана түсті. Қазір адамдар әлемнің барлық нүктесін шарлайды. Қазақстанға келген, тауларына жолы түскен адам көрген-білгендерін интернет арқылы баяндайды. Жақсылы-жаманды пікірлерін ғаламтор арқылы таратады. Сондықтан да осы елге келген турист қайтып оралатындай және өзімен бірге басқаларды да ертіп әкелетіндей жағдай туғызу қажет, – дейді Лукас Маршанд.

Оның пікірінше, курортты дұрыс позициялау және вау-эффекті тудыру өте маңызды.

                                                                    «Біз езуімізбен күлеміз, қазақтар жүрегімен күледі»

Былтыр Ресейден Қазақ­станға келген туристер саны 65 мыңға, Грузияға барғандар – 166 мыңға дейін жетті. Неге? Франциядан келген қонақ­тың заманауи туризмнің жаһан­дануы жөніндегі пікірімен «Шек­сіз әлем» (Ресей) туристік қауымдастығының атқа­рушы директоры Александр Агамов та келіседі. Оның айтуынша, 2017 жылы Ресейден Қа­зақстанға келген туристер саны 65 мыңға, ал Грузияға барғандар – 166 мыңға дейін жеткен. Осыған қарап, сарапшы ресейліктер Қазақстанның туристік мүмкіндіктері туралы аз біледі деген қорытынды жасады. Ресей туризм индустриясының өкілі өз елінің тәжірибесіне сүйене отырып, туристерді тартуда Қазақстан үшін ең тартымды нарықтарға назар аударуға кеңес берді. Ол осы ретте Қытай, Оңтүстік Корея, Иран және Үндіс­тан мемлекеттерін атап өтті.

Оның сөзін Франциядағы Les Portes du Mont Blanc тау шаңғысы курортының бас директоры Лукас Маршанд қайта қуаттап: «Қазақстанда бәрі де бар. Түрген мен Шарын керемет емес пе?! Мен мұны артық мақтау үшін айтып отырғаным жоқ. 4 жыл осы елде тұрдым. Адамдардың қонақжайлық пейі­лін аңсайтын кездерім болады. Еуропалықтардың бір-біріне жылуы жоқ. Біз езуімізбен күлеміз, қазақтар жүрегімен күледі.

Аустрия табыстың 30-40 про­центін қайта оралған туристен табады. – Алматының тау­­ларын жақсы көремін! – деп сөзін бір ауыз қазақшамен бас­таған Аустрияның Қазақ­стандағы Елшілігі сауда бөлі­мі­нің басшысы Михаэль Мюл­лер өз елінің үлгісінде тау туриз­мін дамытудың құқық­тық аспек­тілеріне назар аударды.

Аустрия тау туризмі нарығын­дағы негізгі ойыншылар – түрлі қауымдастықтар, олардың негізгі бөлігі аустриялық Альпі клубы, оның құрамында 500 мыңнан астам мүше бар. Клубтар 20 мың шақырымнан астам тау жол­дары мен соқпақтарды басқа­рады. Бұл істі еріктілер ерекше ын­тамен атқарады. Клуб дұрыс жол белгілері орнатылып, тиіс­ті маршруттар салынғанына жауап­ты. Аустриядағы тау туриз­мі дамуының екінші компо­ненті – федералды жерлер. Олар ин­фрақұрылымды қаржы­лан­ды­руда, жеке компаниялармен ын­тымақтастық орнатуда маңыз­ды рөлге ие. «Туризм өте табыс­ты бағыт болуы мүмкін, бұл үйлес­тіру мәселесіне келіп тіре­леді, сондықтан жергілікті және шетел­дік туристер қызықты ұсы­ныс­тар пакетін және тау маршрут­тары туралы толық ақ­парат ала алуы шарт», деді Михаэль Мюл­лер.

Осы тұрғыда «Сіздердің ку­рорт­тарыңызда шағын және ор­та бизнес жеткіліксіз, көптеген мейрам­ханалар мен ойын-са­­уық орталықтары жоқтың қа­сы», – деді ресейлік маман Алек­­сандр Агамов. «HORECA Қазақ­­стан» мейрамханалар мен қонақүй бизнесі кәсіпорындары Ұлттық қауымдастығының прези­денті Игорь Копайловтың ойынша,­ Алматы облысындағы тау шаң­­­­­­ғысы курорттарына келе­­тін­ туристер үшін жағым­сыз жа­­­ңа­­лықтардың бірі – қазір­гі заманғы халықаралық стан­дарт­тарға сәйкес келетін туризм және қо­­нақ­­жайлылық индус­триясы нысандарының жетіспеушілігі.

Қорыта келгенде, форум ая­сында өткен баспасөз мә­с­­­­­­лиха­тында қазақстандық және шетелдік спикерлер БАҚ өкілдерінің барлық сұ­рағына бүкпесіз жауап берді. Қазақ­стандық туризм индустриясы мен белсенді спортты дамытуға мамандандырылған қауымдастық өкілдері Алматы қаласының әкімдігіне тау ту­ризмін және белсенді демалысты насихаттайтын іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»