Қоғам • 31 Шілде, 2018

Туристік маусым табысты өтіп жатыр ма?

383 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жерұйығы Жетісу өлкесінің қай бұры­шы да туризмнің туын көтеруге да­йын әрі лайық. Ал демалушылар легі­нің толастамауына қарап биыл Алакөл жағалауының аты озып тұр деуге әбден болады.

Туристік маусым табысты өтіп жатыр ма?

Жалпы, еліміздің жауһарына баланатын Алакөлдің қос жағалауы еншілес екі облыстың маңдайға басқан бағы десек болады. Алматы облысының аумағына кіретін жағалауға келетін демалушылар саны жыл сайын артуда. Алакөлдің шипалы суының даңқы көрші Ресей, Өзбекстан, Қытай елінен асып, Еуропа туристерін қызықтыра бастаған. Бұл – былтырғы жылдың дәйектемесі. Келушілердің жыл сайын көбеюі аймақтағы туристік нысандардың дамуы мен инфрақұрылымның жақсаруына да ықпал етіп отыр. Яғни соңғы 4 жыл ішінде бұл салада ілгерілеу бар. Аймақта туристік қызмет көрсету көлемі екі есеге өскен. Сол былтырғы есеп бойынша туристік қызмет көрсетуден бюджетке 8,3 миллиард теңге табыс келген. Көктемде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жетісуға жасаған сапарында Алакөлді арнайы барып көрген болатын. Сонда облыс әкімі Амандық Баталовтың биыл көл жағалауындағы көрсеткіш одан әрі жақсарып, келетін туристер саны 1 миллион адамға жетіп, түсетін табыс 10 миллиард теңге шамасында болады деген еді.

Қазір сол мақсат орындалып жатқанға ұқсайды. Мысалға, жағажайдағы демалыс маусымы ашылғаннан бергі нәтиже жаман емес. Алакөлге шомылуға келген адамдардың алғашқы легінің қарасы 300 мыңнан асып жығылыпты. Бұл – бір айдағы есеп-қисап. Оның ішінде мыңнан астам турист Үшаралға ұшақпен ұшып келсе, 15 мыңның үстіндегі жолаушы пойызбен жеткен. Ал осы аралықта жеке көлікпен, туристік компаниялардың тасымалдауымен келген демалушыларда толас жоқ. Рас, дәл қазір Талдықорғаннан Үшаралға көлікпен жету қиындау. Негізгі жол жөнделіп, жөнделгенде де толықтай қайта салынып жатыр. Үшаралға дейінгі автобан құрылысы басталған. Осы жол әрі қарай Шығыс Қазақстан облысының аумағына жалғасатын болады.

Жалпы, еліміздің туристік әлеуетін сөз еткенде бір сұрақ көлденеңдейді: кеткен шығын өзін ақтай ма? Бұл сауалға жауап беру үшін өткен, тіпті арғы жылдардың есебіне жүгінейік. Мәселен, соңғы төрт жыл  аралығында Алматы облысында туристік қызмет көрсету көлемі екі есе артыпты. Демек, сұраныс бар деген сөз. Көрсетілген қызметті ақшаға шағып көрейік. Өткен 2017 жылы аймақта қызмет көрсетуден түскен табыс 8,3 млрд теңгені құрапты. Салыстыру үшін қараңыз: дәл осы табыс көзі 2014 жылы 3,9 млрд теңге шамасында болған екен. Өсім бар, демек шығын ақталатыны анық. Және былтыр Алакөл жағасында көрсетілген қызмет құны ғана 3,5 млрд теңгеге жетіпті. Биыл да «қазан аузы жоғары». Қазір көл жағалауында заманауи үлгідегі демалыс орындарының саны оннан асты. Демалыс аумағын жаңғыртуға 1 млрд теңге инвестиция тартылған.

Жағажай демалысы туралы сөз қозғағанда, облыстағы демалушылар қатары сиремейтін Балқаш көлін де ұмытпауымыз керек. Рас, Балқаштың бәсін арттырып, бағасын білмей жүргеніміз өкінішті. Әсіресе жол мен жағалаудағы жатын орын мәселесі өткір. Облыс тарапынан қадамдар жасалып жатыр. Қазір қолға алынған шаралар толығымен жүзеге асса, Балқаш жағалауында да туристердің қатары үстемеленетіні анық. Мәлімет бойынша Балқаш көліне баратын жолдарға күрделі жөндеу жүргізу жұмыстары жасалуда. Яғни Сарқан ауданындағы «Лепсі – Балқаш көлі» автомобиль жолы мен «Алматы – Өскемен – Қызыл қайың – Лепсі» бағытындағы тас жол толық жөнделіп бітсе, су аңсаған туристің бір соғып кететін орны Балқаш болмақ...

Айтпақшы, биыл аймақта сервистік қызмет көрсету бойынша 100 нысан жаңадан ашылған. Бұл 25 мың жұмыс орнының құрылып, 12 мың жеке құрылымға тұрақты жұмыс істеуге мүмкіндік беріп отыр. Осы шаралардың барлығы Алматы облысының туристік әлеуетін арттырып, Жетісудың отандық туризм индустриясының көшбасшысы болуына жол ашуы тиіс.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»