Руханият • 31 Шілде, 2018

Ш. ЖЫЛҚЫБАЕВА. Мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие

2891 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Әлемдегі әр халықтың рухани мұрасында фольклорлық шығармаларында, қолөнерінде, би өнерінде ұлттық дүниетанымы айқын көрінеді. Ел тағдыры да даналық сөз өрнектерінде сайрап жатыр. Тәрбие ұғымының түп-тамырына үңілсек, ұлттың рухани құндылықтарында теориялық негізі, яғни тәрбиенің «шарттары» берік орныққандығын аңғаруға болады. Мәселен, бесік жырын айтқанда, сөздің күші ананың жүрек мейірімі арқылы сәби санасына нұрлы қасиет дарытады. Немесе күнделікті балалар ойынында пайдаланылатын тақпақ-өлеңдер келешек тұлғаның рухани болмысының қалыптасуына, ақыл-ойының толысуына әсер ететін тәрбие құралы санатында. 

Ш. ЖЫЛҚЫБАЕВА. Мақал-мәтелдердегі ұлттық тәрбие

Салт-дәстүрге қатысты ғұрыптар халықтың өмір тәжірибесін ғана бей­не­лемейді, ұлттық педагогикалық ұс­танымын да танытады. Мәселен, ерте заманда күн шыға киіз үйдің түндігін ашу міндеті келінге жүктелген. Бұл аса ауыр міндет болмаса да отбасының өзге мүшелері емес, жас келіннің осы істі атқаруы «ерте тұрған еркектің ырысы артық, ерте тұрған әйелдің бір ісі артық» деген ұғыммен ғана шектелмейді. Шаңырақтың құт-берекесі анадан, әйел затынан екендігін ұғындырады.

Таңмен бірге күн сәулесінің  шаңы­рақтан енуі таңғы нәсіптің үйге кіруін біл­діреді. «Таңғы нәсіп – Тәңірден» деген  сөз осымен байланысты. Эпос жыр­ла­рында, мәселен, Қызыр баба ел бас­шысына, батырға, ақсақалына таң атар сәтте аян береді, алдағы ізгі істер­ден хабар береді. Түнге қарай емес, күн­нің шығуымен жақсылық нұрының себілуін түсіне білу ұлттық таным дең­гейін аңғартады. Табиғи ортада өсіп, таби­ғаттың құпиясына үңілген елдің баласы кез келген  құбылыстың сырын түйсінеді. Ал бүгінгі урбандалған ор­тада мұны толығымен, сол күйінше енгізбегенмен ұлттық сананы жаңғырту қажет екендігі белгілі боп отыр.

Мысалдардың барлығын көшпенді елдің тұрмысымен байланыстырудағы себебіміз, қазіргі уақытта ұлттық тәрбие қо­ғамдық формацияға сай формасын өзгерткен. Мақал-мәтелдер тек ғылым­ның объектісіне айналғандай. Күнделікті тіршілікте сирек қолданы­лады. Ырымдар мен тыйымдар секілді мақал сөздің мағынасына нанбаушылық, әсіресе жас ұрпақ тарапынан айқын байқалады. Мысалы, «Оңынан басталмаған іс  оңбай тынар», «Сол аяғыңнан бастап билесең сүрінерсің» деген бір жағынан нақыл сөз, бір жағынан ырымнан хабар берер  мәтелдерді бүгінгі заманның жастары ғана емес, үлкендердің де мойындауы сирек.

Мақал-мәтелдерді, шешендік нақыл­дар мен толғауларды «тәрбие категория­сының теориялық қағидаларының алғашқы нұсқалары» деп топтастыруға, тұжырымдауға болады. Осылардың ішінде мақал-мәтелдердің ұлттық тәр­бие­ге, жеке тұлғаға, «өзіндік мен» тәрізді ұғымдарға әсері ерекше. Егер жыр-дастандарды тыңдауға бірнеше сағат жұмсалса, нақыл сөздер «байқаусыз» түрде санаға сіңе береді. Іс-әрекетке кел­генде ой арқылы дұрыс әсерге бағыт­тауға септігін тигізеді.

Ең алдымен,  «мақал» ұғымын қай ха­лық қалай түсінеді дегенге келсек, бұл сөзге әр елдің берген анықтамасы, оның ұлттық келбетін, таным деңгейін көрсетеді. Шығыс халықтарының түсінігі бойынша: «Мақал – бабалардың кейінгі ұрпақтарға қалдырған даналық өсиеті». Ал Батыс елдерінің ұғымында: «Мақал дегеніміз – қанатты, әдемі сөздер». Осы­ның қайсысы тереңірек мәнге ие? Қазақтың ұлттық болмысы мен өмір тәжірибесі тұрғысынан алғанда, бабалар сөзі, кейінгі ұрпақтарға алдыңғылар өсиет еткен, тәрбие функциясының теориясы тәрізді нақылдар адамның жетілуіне, кемелденуіне тұлғалық қалып­­тасуына игі әсерін тигізетін фактор. Демек даналық сөз өрнектері көркем образды ықшам сөз тіркестері ғана емес, мың­даған жылдар өтсе де қасиетін бойына сақтаған, философиялық та, филологиялық та, педагогикалық та қуа­ты зор өсиетнамалық нақылдар.

Көшпенді Шығыс халықтары, соның ішінде қазақ елі футуролог болған. Футуролог дегеніміз кім? Future – келешек деген мағынаны білдіреді. Яғни  ал­дыңғы өміріне  қажет құндылықтарды жүйелі түрде нығайтып, жас буынның бойына сіңіру – футурологиялық қасиет­тің бірі. Бұл тек әлеуметтану мен педагогика ғылымдарының ғана термині емес. Ол бүкіл ғылым салаларына қатысты. Қазіргі заманда, футурология оқыту про­цесінде, педагогикада қолданыла ма? Келешекке қажетті мамандықтарды алдын ала болжап, маңызды кадрларды дайындау ісін жетілдіруге келгенде осы мәселе басты назарда болуы керек.

Сонымен қазақ елінің әрбір отбасы болашақ батырын, ақынын, зергерін, ұстасын, би-шешенін бала кезінен тәрбиелеуде жан-жақты педагогикалық әдістерді қолданған. Яғни барлығын келешегі үшін дайындаған. Оған арнайы уақыт бөлмеген. Тәрбиелеу процесі шек­теусіз жүріп отырған. Бірнеше күн жырланатын жыр-дастандар, үлкендердің екі сөзінің бірінде қолданатын мақалдар мен мәтелдер жас ұрпақтың ізгі қасиеттерді бойына жиып, аутогогикалық дамуы­на зор ықпал еткен. Жеке тұлғалық қалыптасу, «өзіндік меннің» игілікті орны­ғуына ғана емес, қоршаған орта – ата-ана, бауырларына, дос-жаран­дарына деген баланың ізгілікті қарым-қатынасына әсер етеді. Мақал сөз ар­қылы үрдістің дұрыс бағытта өрбуіне ықпал етіледі.

Жапон халқында «Көргенді көгер­шін әке-шешесінен үш бұтақ төмен қонақтайды» деген нақыл бар. Дәл осы мақалды осы күйінде Батыс Еуро­паның бір баласына соның тіліне аударып жеткізсек, екі түрлі реакцияны аңғаруға болады: еуропалық бала, бұл сөздің мәнін түсінбеуі мүмкін немесе «Мен неге төмен қонақтауым керек? Тең құқықты заманда өз үлесім бар» де­гендей жауап қайтарары анық. Мәсе­ле, жас буынның «шығыстық» немесе «батыстық» болуында емес. Барлық негіз ұлттық тәрбиеде екендігін осыдан көреміз. Қазақ отбасында дастарқанға ас келгенде жасы кішілер қолын бірінші созбайды. Ақсақал мен әже алдымен ауыз тиген соң ғана өзгелер тамаққа қол созады. Үлкендердің жолын сыйлау дәс­түрі бүгінгі заманға дейін жеткен. «Әке тұрып ұл сөйлегеннен без, шеше тұрып қыз сөйлегеннен без» деген нақыл да осыған орайлас.

«Көгершінге» қатысты мақалды жиі қолданатын жапон халқы, мәселен, ер адамды ерекше құрметтейді. Көшеде жүргенде ер адам әйел адамнан сәл ілгері болады. Үйдің төрі – отағасының орны. Осындай ұлттық ұстанымдар қазақ халқында толық сақталмаса да, кейбір сипаттары бар. Ал Еуропа жұртында әлгіндей үрдісті аңғару қиын.

Қазақта осы нақылға орайлас мәнде қолданылатын «көргенді елдің баласы» деген тамыры терең сөз бар. «Өзіндік мен» кісі бойында мәңгілік болатын қа­сиет. Ал «эгоистік мені» басым кісі «көр­генді елдің баласы» деген атқа ие бола алмайды. «Көргенді елдің баласы» болу үшін елдік мұратқа, ортақ игілікке «өзіндік менді» бейімдей алған жөн. Елдің баласы бола алмаған,  данасы да бола алмайды.

Ұлттың ақыл-ойы тудырған даналық сөздер оның өмір тағдырынан алынған. Ұлттық тәрбие ұлттық қасиеттерді бойға сіңіруді мақсат етіп қана қоймайды, тұлғалық дамудың түрлі факторларын да айқындайды. Тіршілік үнемі қозғалыста болатындықтан, кісіге берілетін қоғамдық статус та белгілі бір мерзімге дейін «өз қызметінде» болады. Сондықтан адам қай жаста болса да өзіне берілген міндетті адал атқарып, тура жолдан таймауы қажет деген қағиданы ежелгі қазақ даналық сөзіне түйіпті. Осы тәрізді нақылдар қай заманда болса да тәрбиелік күшін жоғалтпайды, әр уақытта бағыттаушылық функциясында болады.

«Қанатты атқа да қамшының артығы болмас» дейді халық даналығы. Ат қанша қанатты болса да, қамшысыз бағы­тынан адасуы мүмкін. Патша қан­дай данагөй болса да, қасында ақыл-кеңес берерлік қарияның болғаны жөн.  Тұлғалық даму барысында ішкі қасиеттер ғана емес, сыртқы факторлар елеулі рөлде болады. Нақыл сөздегі «қамшы» – сыртқы фактор. Сын есту, тәжірибелі кісінің ақыл-кеңесін тыңдау – жетілуге жан-жақты ықпал ететін факторлар. Алайда мақал-мәтелдердің тәрбиелік функциясындағы басты бағыт – аутогогикалық даму екендігі рас. Өзін-өзі бақылау, өзіне-өзі іштей баға беру қашан да қажет. «Өзіндік мен» өзін-өзі тәрбиелеуге бағытталса, іс-әрекет дұрыс бағытта өрбиді.

Мақал сөзді қолданудағы мақсат – тың­даушыға өсиет түрінде немесе ес­керту, кеңес беру формасында ізгі ықпал ету. Ұлттық тәрбие халықтың өмірлік тәжірибесі берген эстетикалық, этикалық нормалардың жас буынның санасына өшпестей ұялап, оның іс-әрекет дағдысынан айқындалуы мұ­рат болып орныққан. Атақты педагог К.Д.Ушинский: «Халықтық тәрбиенің тәжі­рибесінен тыс жерде педагогика да, педагог та жоқ» деген еді.  Ал осы тәжірибе халық өмірінің бүкіл сала­сын, материалдық та, рухани да құнды­лықтарын қамтиды.

Адамның парасат болмысының толысуы өзін-өзі тәрбиелеу барысында жүзеге асатын үдеріс. Нақыл сөздерді жиі естігенде құлақ арқылы санаға бекіп, ізгі қасиеттердің адам бойында жетілуіне түрткі болады. Сонымен қатар мақал-мәтелдер өмірлік қағида ретінде ой-жүйеде жатталады да, іс-әрекет сәтінде, белгілі бір ситуацияда игі қадам жасауға себін тигізері мәлім. Шынайы ұлттық тәрбиедегі рухани тағылымды мәңгіге жалғастырушы даналықтың негізі осы мақал-мәтелдер болғандықтан, қазіргі педагогикалық процесс барысында да, отбасы жағдайында да нақыл сөздерді қолдану қажет. Түпкі мәнін талдап-түсіндіру ісін де қолға алған жөн.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА