Әлем • 01 Тамыз, 2018

Қазақстан-Палестина арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді

641 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов елімізге алғаш рет ресми сапармен келген Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатрианттар министрі Рияд әл-Мәлкимен кездесіп, бірқатар құжаттарға қол қойылды.

Қазақстан-Палестина арасындағы ынтымақтастық қарқынды дамып келеді

Қ.Әбдірахмановтың айтуынша, Палестина министрінің сапары екі ел арасында халықаралық және аймақтық өзекті мәселелер бойынша пікір алмасуға, екі­жақты ынтымақтастықтың қа­зір­гі жағдайы мен болашағын ай­қын­дауға мүмкіндік беріп отыр.

Оған қоса 26 жылдық тарихы бар қарым-қатынастар аясында Қазақстан мен Палестина саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы байланыстарды одан әрі нығайтуға мүдделілік білдіруде. Оның ішінде қос тарап ауыл шаруашылығы, медицина, білім салалары бойынша қарым-қатынастарды жандандыра түспек.

– Қазақстан Палестинамен екіжақты ынтымақтастықты дамытуға аса үлкен мән береді. Аталған ынтымақтастықтың негізін Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялаған кезде 1991 жылы Палестинаны азат ету ұйы­мы­ның, Палестина ұлттық әкім­шілігінің көшбасшысы, марқұм Я.Арафаттың Қазақстанға, сон­дай-ақ Елбасымыз Н.Назар­баев­тың 1995 жылы Палести­наға өткен сапарлары қалады. Биыл екі ел арасында дипло­ма­тиялық қарым-қатынастар­дың орнағанына жиырма алты жыл толды. Осы уақыт ішінде елдеріміз арасындағы екіжақ­ты қарым-қатынастармен бірге, БҰҰ, ИЫҰ және басқа да халық­аралық ұйымдар шеңберінде көпжақты ынтымақтастығымыз дами түсті, – деді Қазақстанның Сыртқы істер министрі.

Оның үстіне Палестина мемлекеті халықаралық ұйымдар шеңберінде еліміздің негізгі халықаралық бастамаларына тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді.

Қайрат Әбдірахманов еліміз Палестина проблемасының реттелуі Таяу Шығыс өңірінде ұзақ мерзімді бейбітшілік пен тұрақтылықты орнатудың не­гізгі шарты болып табылаты­нына сенім арта отырып, Палес­тинаны тәуелсіз мемлекет ретін­де мо­йындап, халықаралық қауым­дастықтың толыққанды мүшесі болуын дәйекті жақтайтындығын да атап өтті.

– Қазақстанның аталған мәсе­леге орай ұстанымы өзге­ріссіз қалады. Палестиндік-израильдік жанжалдың шешімі 1967 жылғы шекараларда астанасы Шығыс Иерусалим болып табылатын Палестина мемлекетінің құ­рылуын көздейтін «екі халыққа – екі мемлекет» қағидасы бойын­ша іске асуы тиіс. Түрлі қиын­дық­тарға қарамастан, келіссөздер процесі әрі қарай жалғасуы керек, – деді өз сөзінде Қайрат Әбдірахманов.

Ал Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатриант­тар министрі Рияд әл-Мәлки Қа­зақстан тарапының ыстық ықы­ласпен қарсы алып, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік бергендігі, қиын-қыстау жылдары аймақтық және халықаралық қоғамдастық алдында үздіксіз қолдау білдіріп отырғандығы үшін алғысын жеткізді. 

– Біздің байланыстарымыз тек саяси қарым-қатынастармен шектелмейді. Атап айтқанда, туризм, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, мәдениет салаларындағы ынтымақты өрістетуге мүдделіміз. Оның үстіне Астана бүгінде аймақтық, халықаралық маңызды хабқа айналды, – деді Рияд әл-Мәлки. 

Кездесу барысында еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұ­рақ­ты емес мүшесі ретінде Таяу Шығыста бейбітшілікті орнату­дың ажырамас шарты болып табылатын өңірдегі тұрақтылықты қалпына келтіру процесіне толық қолдау көрсетуді жалғас­тыратыны айтылды.

Сондай-ақ Рияд әл-Мәлкидің ресми сапары аясында Сыртқы істер министрлігі мен Палестина мемлекетінің Сыртқы істер және экспатрианттар министрлігі арасындағы «Саяси консульта­циялар жөніндегі өзара түсі­ністік туралы» және  Палес­ти­на­ның Сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы пала­та­лары­ның федерациясы және «Қа­зақ­­стан­ның Сыртқы сауда пала­­тасы» ЖШС арасындағы ынты­мақ­тастық туралы меморандумдарға қол қойылды.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»