Медицина • 01 Тамыз, 2018

Қазақстандықтардан пәтер және көлік сатқан кезде зейнетақы жарнасы ұсталмайды

328 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстандықтардан пәтер және көлік сатқан кезде зейнетақы жарнасы ұсталмайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова қоғамды дүрліктірген мәселеге орай кеше тағы да түсініктеме берді.

Қазақстандықтардан пәтер және көлік сатқан кезде зейнетақы жарнасы ұсталмайды

Бұған дейін зейнетақымен қам­сыздандыру заңына енгі­зілген жаңа өзгерістер бойынша қазақстандықтар пәтер немесе көлік сынды жеке мүлікті сатудан түскен кірісінің 10 процентін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына аудару керектігі туралы жалған ақпарат тараған болатын. Осы мәселенің мән-жайын түсіндірген С. Жақыпова тараған хабардың негізсіз екенін жеткізді.

− Жаңадан өзгерістер енгі­зілген зейнетақы туралы заң қоғамда қызу талқыланып жатыр. Соның ішінде азаматтық-құқықтық шарт бойынша жеке тұлғалардың міндетті зейнетақы жарналарын аударуына қатысты бірқатар сұрақ туды. Осы ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі уақтылы түсініктеме бермеді, заңға тәуелді актілер неге уақытында қабылданбаған деген мәселе туындап отыр. Министрлік неге түсініктеме бермегені жайында айтатын болсам, бұл мәселе менің құзыретімде. Мен еңбек демалысында болуыма байланыс­ты бұл мәселеге жексенбі күні ғана тиісті түсініктеме бере алдым, – деді вице-министр.

Оның айтуынша, заңға тә­уел­ді актілердің дер кезінде қабыл­данбауына қатысты Үкімет­тің регламентіне сәйкес, құзыр­лы орган заңнамалық акті қабыл­дан­ған күннен бастап екі ай ішін­де барлық заңға тәуелді ак­ті­­лерді, егер бұл бұйрық болса, Әді­­лет министрлігіне, қаулы бол­са, Үкімет қарауына енгізуі керек.

− Аталған заң 2 шілдеде қа­был­данса, сәйкесінше, 2 қыр­күйекте  мерзім аяқталады. Яғни бұл жерде ешқандай да кешігу, уақыт созу деген мәселе туындап отырған жоқ, – деді С.Жақыпова.

 Сонымен қатар вице-министр пәтер мен көлік секілді жеке мү­лікті сату кезінде зейнетақы жарнасын төлеу міндеттемесі жа­йында да түсініктеме берді.

− Министрлік әркез диалогке ашық. Қоғамда талқыланып жат­қан кез келген мәселеге қа­тысты біз пікірімізді, түсінік­те­мемізді беруге дайынбыз. Сол себепті мен қоғамда туындаған мәселелерді дұрыс пайымдап, дұрыс түсіндіруге шақырамын. Қазір әлеуметтік желілерде адам­дар пәтер мен көлік сатылымы­нан зейнетақы жарнасы ұсталатынын жазып жатыр. Бұл айтылғандар шындыққа жанаспайды. Тағы да айтамын, табыстан зейнетақы жарнасы ұсталмайды. Зейнетақы жарнасы, егер сіз қызмет көрсету немесе жұмыстарды орындау туралы келісімшарт бойынша табыс тапқан болсаңыз ғана ұсталады, – деді С.Жақыпова.

Министрлік өкілінің мәлім­деуінше, қазіргі уақытта көп­теген жұмыс берушілер мен жеке тұлғалар міндетті төлем­дер­ден «қашып», келісімшарттар жасап, зейнетақы жарна­ларын төлемейтінін, ешкім өзі­нің зейнетақымен қамсыз­дан­дырылуы жайлы толған­байты­нын айтты. Аталған заң жобасы қоғамда орын алған осын­дай олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып отыр. Бұған дейін келісімшарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалардың зейнетақы қорларына қаражат аударылмайтын болса, енді көрсетілген қызмет түрінен 10 процент БЖЗҚ-ға аударылып отырады. Жаңа заң бойынша Қаржы министрлігіне қарасты Кірістер комитеті аталған шарттардың қатаң қадағалануын уақтылы тексеріп отырмақ. Ал келісімшарт бойынша зейнетақы қорына қаражат аударылмаған жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 44-ші, 91-ші бабына сәйкес, жеке тұлға зейнетақы қорына уақтылы я толық жарнаны аудармағаны үшін аталған сомадан 10 процент айыппұл алынады.

Бұған қоса, жаңа заң жобасында бірінші топтағы мүгедек балаларға күтім жасаушыларға арналған жаңа жәрдемақы енгізу нормалары бекітілген болатын. Аталған заң биыл 2 шілде күні күшіне енді, қазір елдегі 10 мыңға жуық отбасы аталған жәрдемақыны алып отыр.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»