Медицина • 01 Тамыз, 2018

«Шелек фермерлері» жобасы Лондонда үздік әлеуметтік бастама ретінде танылды

474 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Шелек фермерлері» жобасы Лондонда халықаралық CSR Excellence Award сыйлығын «Үздік әлеуметтік-экономикалық жыл жобасы» аталымы бойынша жеңіп алды.

«Шелек фермерлері» жобасы Лондонда үздік әлеуметтік бастама ретінде танылды

Бұл марапатқа басқа елдерден 100 шақты номинант үміткер болған. Марапаттау рәсімі тұманды Альбионда, Корольдік Драмалық өнер академиясында (RADA) өтті. Биыл қазылар алқасы жергілікті қоғамдастықтармен жұмыс істеу, қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік-экономикалық және инновациялық жобалар салаларының үздіктерін іріктеді. Ал «Шелек фермерлері» әлеуметтік жобасы аталған беделді марапатқа бірінші рет ие болып отыр.

Дәстүрлі марапатты 1994 жылдан бері Ұлыбританияның халықаралық коммерциялық емес, The green orga­ni­sation ұйымы тағайындап келеді. Бұл бәйге әлемде іске асырылатын кор­поративтік әлеуметтік жауап­кер­шілік саласындағы жобаларды қамтиды.

Ал «Шелек фермерлері» жобасы 2013 жылдан бастап «Ауылдық аймақ­тарды дамыту» кешенді бағ­дарла­масы аясында Алматы облысы «Еңбекшіқазақ ауданының жергі­лікті қауымдастығы» қоғамдық қоры және Philip Morris Kazakhstan компа­ниясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Бұл бастама агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру және өңірдің ауыл тұрғындарының тұрмысын жақ­сартуды көздейді. Бүгінде облыстың фермерлері шағын бизнесті табысты жүргізуге және көкөністерді өсіруде заманауи технологияларды қолдануға мүмкіндігі бар. Осы мақсатта жергілікті қоғамдастықтар қоры 2013 жылы ашылған Агробизнес орталығының базасында фермерлер үшін тренингтер мен семинарлар өткізіп, түрлі кеңес береді. Бұған қоса басқа облыстардан келген шаруалармен кездесулер өткізеді. Осы іс-шаралар барысында тәжірибе алмасуға және көкөністерді өсіруге арналған озық практикалар мен әдістерді игеруге болады.

Жобаның маңызды бөлігінің бірі – фермерлерді көкөніс шаруашылығы негіздерін және ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірудің жаңа технологияларына оқыту. Тренинг арнайы ашылған Агробизнес орталығы базасында өтеді. Оған Шелек фермерлері ғана емес, Алматы облысының әр аудандарынан келген фермерлер де қатысуда. Сондай-ақ жоба шеңберінде ауыл шаруашылығына жаңа инновациялық әдістер үнемі енгізілуде. Жергілікті қоғамдастықтар қоры Қазақ ұлттық аграрлық университеті және АҚШ-тың Флорида университетінің зерттеу тобы фермерлерге үздік тәжірибелерді енгізуге және өнімділікті арттырумен өнім сапасын жақсартуға көмектеседі. Осы іспетті соңғы инновациялардың қатарында жылыжайларда өтімді Шелек бұрышын өсіру бар. Бұл өнімді жинау мерзімін ұзартуға мүмкіндік береді.

2017 жылдан бастап облыстың кішігірім шаруа қожалықтары Алматы қаласының ірі сауда желілеріне ауылшаруашылық өнімдерін бірле­сіп өткізу мақсатында «Шелек фермер­лері» әлеуметтік кәсіпкерлік корпора­циясына бірікті және ресми түрде тір­келді. Оның ішінде Arzan және Metro супермаркеттер желісі бар.

Биыл мамыр айында да Қазақ­стан­ның Еуропалық бизнес-қауымдастығы (EUROBAK) байқауында «Шелек фермерлері» әлеуметтік жобасы «Жыл­­дың үздік серіктестік жобасы» аталымы бойынша жеңімпаз атан­­ған еді. Ал өткен жылы «Шелек фер­­мерлері» әлеуметтік жобасы Қазақ­­стандағы америкалық сауда пала­та­сының басты марапатына ие болған болатын.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ