Руханият • 01 Тамыз, 2018

Қуаныш Жиенбай: Арналы өзеннің ағысы білінбейді

672 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Атақты адамның ұрпағы болып өмір сүру оңайға соқпайды. Бұл орайда жауаптылығы бес батпан екі бірдей міндетті қатар алып жүруге тиістісің. Біріншісі, ата-анаңның дүйім-жұрт алдындағы абырой-беделіне иненің жасуындай дақ түсірмеу, екіншісі, сыртыңнан бақылап жүретін сұғанақ көздер мен сыпсың сөздердің кез келген тұстан жылт ете қалатындығын іштей ұғынып, өзіңнің шамаң келетін шаруаны ғана місе тұтпай, асқаралы биіктерді бағындыру, қолға алған ісіңді аяғына дейін жеткізу, жеткізіп қана қоймай содан толыққанды нәтиже шығару... Жә, мұның бәрі айтуға ғана оңай ғой, ал жеме-жемге келгенде ішпей-жемей қара терге малшынатын осы тұс.

Қуаныш Жиенбай: Арналы өзеннің ағысы білінбейді

Көзі тірісінде күллі қазақ жур­на­лис­тикасының көшбасшы­ларының бірі атан­ған Сапар Байжановтың ұлы – Ұлан Байжанов әкесінің жүрекжарды мына бір өнегелі өсиетін әлі күнге дейін есінен бір сәт те шығарған емес: «Жалын мен оттан жаралған Сөзді ұғатын қайсың бар?!» Мұны ұлы Абай еріккеннен айт­қан жоқ. Сен қазақтың қасиетті Ана ті­лін қастерлеген және Сөз арқылы мұ­рат-мақсатына жетуге тырысқан отба­сын­да өмірге келіп, тәрбие алғансың. Көп ежік­тейтін несі бар, қазақтың тілін қас­тер­леу арқылы-ақ көп нәрсеге қол жет­кі­зесің. Сөзді аяғына дейін тыңдап үй­рен, өз ойыңды бүкпесіз ашық әрі анық айтуға тырыс. Шамаң келмесе, құрғақ уәде беруден бойыңды аулақ ұста. Үйдің үлкенісің, кейінгілер саған қарап бой түзейді. Алдымен соларға үлгі бол».

Сөз ұғатын ұлағатты отбасы дегеннен шығады-ау, Сапар ағамыздың анау партияның түкірігі жерге түспей тұрған шағында, бір әріп қисық түсіп, бір сөз орнымен қолданылмаса, Орталық Комитеттің «шұғыл қоңырауы» жер-көктен іздеп таптыртып алатын аласапыран уақытында он жылдан астам «СҚ»-ның бас редакторы болғандығын тағы да ел есіне салып жатқанымыз артық бо­лар. Қаламгер «қызыл оттың» орта­сын­да жүргендігіне қарамай, жалқы сәт қа­ғаз-қаламнан бой суытқан емес. Ел тұ­шынып оқитындай талай прозалық кі­таптарды дүниеге әкелді. «Сұңқар кө­ңіл самғайды», «Бес қиян – бес дәптер», «Ұлыма хат», «Ер еңселі ел», «Архив –айғақ», «Абай және архив», «Құштарлық қуаты», «Ала көбеде оят мені» және үш томдық шығармалар жинағы. Кейін құрметті демалысқа шыққан соң да, «осы тындырғандарыма да шүкіршілік» деп жұмсақ төсекке жантая кеткен жоқ. Қ.Исабаев екеуі бірігіп жазған «Қа­жы­ға барған қазақтар» дерегі мен та­ным­­дылығы жағынан қолға түспейтін жи­наққа айналды.

«Лениншіл жастың» жұмысшы-жас­тар бөлімінің меңгерушісі бола жүріп, Са­пар ағамен талай мәрте іссапарда бір­ге болып, тумысынан сабырлы, бір­қа­лыпты, аспайтын да саспайтын, аузы­нан шыққан әрбір сөзге соншалық мән-мағына сыйғыза білетін қадірлі кі­сінің кең­седегі емес, сырттағы өмірлік тә­жі­ри­беден туындаған зерделі «лекцияларын» көбірек тыңдадым.

Айтса да әңгіме Ұлан жайында болуы тиіс қой... Ұлан дүние есігін ашқанда азан шақырып атын қояған Кәкімжан Қазы­баев ағамыз екен. Тағы да кішкене «тұз­дық». Сапар ағамен студент кезінде шаңырақ құрып, шәй деспей қырық үш жыл бірге өмір сүрген, талай қиындық пен қызықты да бастан бірге өткізген, «Қазақ зиялыларына тән тіршілік» – «Тастақтағы» орыстың үйінде пәтер жалдап тұрған «Қазақстан әйелдері», «Парасат», «Отбасы және балабақша» журналдарында ұзақ жыл жемісті қызмет істеген, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Күләш апаны тыңдасаңыз, өткен дәуірге сүңгисіз де кетесіз. Абай Бейсембаев, Кәкімжан Қазыбаев, Ұзақ Бағаев, Әбсәттар Бөлдекбаев, Баянжан Мәдиев, Камал Смайылов, Шериаздан Елеукенов, Әбілфайыз Ыдырысов, Мұқан Мамажанов, Хайдолла Тілемісов, Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов, Тельман Жанұзақов, Бүркіт Ысқақов... Ұланның «өкіл әкелері». Сапар аға мен Күләш апаның үйлену тойында Баукеңнің (Момышұлы) бәйбішесі Жа­мал апай: «Өмір бойы махаббаттарың суы­масын, бір-біріңді қадір тұтып сый­лаң­дар. Бақытты ғұмыр кешіп, үбірлі-шүбірлі болыңдар» деп бата беріпті.

– Ұлан әке өсиетіне барынша адал бол­ды. Кейінгі іні-қарындастарын өзі тәр­биеледі десе де артық болмас. Адал­дық, үлкен-кішісі деп қарамай, қол­ға ал­ған істің қандайын болмасын жау­ап­кершілікпен атқару және Бай­жа­новтар әу­ле­тінің абырой-беделіне нұқсан кел­тірмеу... Осы қағиданың әлі күнге де-
й­ін бұзылмай келе жатқанына куәгер болудың өзі мен үшін үлкен бақыт,– дейді бүгінде сексеннің сеңгіріне шықса да, шаршадым, қартайдым деместен Сапар ағамыздың мәуелі шаңырағының түтінін түтетіп, немере-шөберелерінің  қуаныштарына ортақ болып жүр­ген қадірлі қаламгер апамыз Күләш Бейсенбіқызы.

Осындай ортада өмірге келген әрі әке­сінің серттен таймас серіктеріне ай­нал­ған жазушы-журналистердің тә­лім-тәрбиесін көрген Ұланның бүгін қа­быр­ға­лы азамат болып қалыптаспауына қақысы бар ма?! Мынау кішкене ғана штрих, елеу­сіздеу оқиға... бірақ жас өскінге тап­тыр­мас өмірлік сабақ. Сапекең «СҚ»-ның бас редакторы, астында арқыраған ақ «Волга», Күләш апамыз «Мәдениет және тұрмыс» (қазіргі «Парасат») жур­налының қызметкері. Екеуі күнде ер­теңгілік бір үйден шығады, баратын жер­лері де бір нүкте. Көк базардың жа­­нындағы «Дәуір» баспа-үйі. Оу, бір ба­ғытқа баратын болған соң Күләш апа­ны да ілестіріп, мәшинемен бірге әке­туге болады ғой. Жоқ. Мұны қалай түсі­несіз, тазалық, қаңқу сөзден аулақ жүру, қалыптасқан тәртіпке сызат түсірмеу дей­сіз бе, өзіңіз біліңіз. «Әйелін қыз­мет­тік көлікпен тасып жүр деген өсекке қал­майын». Қоғамдық мүддені жеке бастың мүд­десінен жоғары қою, таза жүру, жау­­дай қаптаған жамандықты ізіне ілес­­тірмеу – айқайламай, даурықпай, іш­тей, жүрекпен ұғысатын ұлағатты тәр­биенің әке бойынан ұрпағына жұ­ғысты болғандығы қандай ғажап!

Сапекең мен Күләш апа түбі бір бала­сының өз жолдарын қуатындығына шүбәсіз сенген. Бірақ тұңғыш ұл Ұлан­ға «бостандық» берді, қалаған маман­дық­­ты таңдасын деп ұйғарысты. Қазақ мемлекеттік университетінің заң факультетіне білім-білігінің ар­қа­сын­­да қиналыссыз түсті. Неге қинал­ма­­сын, қиналған сәттерін сыртқа шы­ғар­­мады. Ол кезде КазГУ-ге, оның ішін­де заң факультетіне түсу – айға қол жеткізгенмен бірдей-тін. Жас маман тоқсаныншы жылдардың басында Алматы қалалық атқару комитетіне нұс­қ­аушы болып орналасты. Тәуелсіздіктің ба­лаң кезеңі, біріне тартса біріне жет­пейтін азын-аулақ қаражат, кеңес уағын­дағы іргелі кәсіпорындар ырғақты жұ­мыс­тарын тоқтатқан, дүкен сөрелері жы­лан жалағандай, жәрдемақы мен жа­лақыны түсіңде көресің, тірі теңге айналысқа енді-енді ене бастаған... Көп­ке белгілі кешегі дәуірдің драмасы. Ішім-жемнен таршылық көрмесе де, күнделікті тұрмыс тауқыметін тарт­паса да, өмірмен қоян-қолтық жа­­ңа араласа бастаған жас жігіттің тө­ңіре­гіне бас­қаша, мүлдем басқаша көз­қа­рас­пен қарауына тура келді. Әке-шешесі Ұлан­ның жұмысына араласқан емес, «өмір көргендігін» араға тықпалап, шектен тыс «ақылман болуды» да артық қылыққа жатқызды. Жас жігіт қызметіне ерте кетіп, түннің бір уағында оралатын. Талай сыннан сүрінбей өткендігі былай тұрсын, сол кездегі қиын жағдайдың бел ортасында жүрген Сапекеңнің уақытын алып, бір нәрсе сұраудың өзі қиын еді. Байжановтар елмен бірге және алдыңғы қатардан табылып, тәуелсіздіктің елең-алаң шағында келешектің кемел болмағы үшін, халықтың уақытша қиындықты ұмытып, бой тіктеп қатарға қосылып кетуі үшін «ерте тұрып, кеш жатып» жан­­қиярлықпен жұмыс істеді. Ұлан ерте қатайды, «бас редактордың ұлы» екен­­дігін де естен шығаруға тырысты. Ұжым­да өзін көрсету, іскерлігін дәлел­деу – кезек күттірмейтін міндет ретінде бірінші планға шықты. Қалалық комитет атқаруға тиісті шашетек шаруадан ес жия алмай қалды десе де болғандай еді. «Темір қақпаның» құлпы тәуелсіздік кілті­мен айқара ашылып, сірескен сең мен тоң жібіген соң шетелдік қар­жы­герлердің, инвесторлардың ниеті біз жаққа қарай ауа бастаған-ды. Ал олардың қаржысы мен қабілет-қарымы біз үшін ауадай қажет. Бірақ заңсыз, заң болғанда да сүзгіден, талқылаудан өтіп ысылған, тәжірибе жинақтаған заңның көмегінсіз ол бар болғырлар бір адым ілгері аттамайтын. Келісім, түсіністік, сұхбаттар, күн сайынғы келісімшарттар кеңірдектен алғанымен, дені біздің пайдамызға шешілді. Және күнде бір өзгеріс, күнде бір жаңалық.

Жасы отызға да жетпеген жас жігіт санаулы жылдар ішінде Алматы қалалық әді­лет басқармасының бастығына, ізін­ше «Алматы–Заң» құқықтық орта­лығ­ы­ның директорлығына жоғарылады. «Қазақ­телеком» ашық акционерлік қоғамының вице-президенті – атқаушы директоры болып та бірер жыл абыройлы қызмет істеді. Абыройлы қызмет оңайлықпен келмейді, талмай ізденіс, оқу-тоқу, арпалысқан әлемдік құбылыстардың қай жаққа бет түзегендігін тап басу, солардың ішінен өзіңе қажеттіні ғана жүзеге асыру, ұлы дүрмектің арасына сыналап кіріп, өз орныңды еншілеу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Ұланның бойынан алғырлық, адалдық, та­бандылық, ұйымдастырушылық қа­бі­­леттер молынан ұшырасатын және о­ны қызметтестері де мойындай­тын. Ең бастысы – айналаңның, адамдардың көңілін табу дегеніңіз – шеті, шекарасы жоқ түгесілмейтін мұхит екен. Жасы­ра­тыны жоқ, сол кездегі еңсені ез­ген тұрмыс ауыртпалығының түйт­кіл­дері-ақ жүйкені жүндей түткені рас қой. Көңілді көлеңкелі тұстар тұмшалап алған, қасаңдыққа, қытымырлыққа үйреніспеген нәзік жүректер қашанғы шыдайды, бірде болмаса бірде сынып кетуі де мүмкін-ау. Адамдармен түсі­ні­суді, қолдан келгенше адамдардың жыр­тық көңілдеріне жамау болғанша жан­дары қалмай, ылғи ептілік, ылғи икем­ділік танытуға бейім тұратын Сапекең мен Күләш апа ұл-қыздарына ай­қай-ұйқайсыз, иек қағумен-ақ көп нәр­сені ұғындыра, көп нәрсенің тігісін жатқызып түсіндіре білетін. Ұланның да адамдармен аралас-құраластығы өзгеше-тін. Көлгірсіп, біреуді көзінше өп-өтірік мақтамайтын. Жек көрсін мейлі, көрмей кетсін мейлі, адам бойынан, әсіресе әріптестерінің бойынан көрген кішкене кемшілікті де жалпақшешейлікпен кешіре салуға ымырасыз-ды. Ал біреуді жылы сөзімен, адал қызметімен қуанта білді екен, сол күні Ұланнан мықты адам болмайтын. Үйге де кең пейілмен оралатын. Қысқасы, қолдан келсе адамдарды ренжітіп емес, қуанта білгенге не жетсін!

Ұлан Байжановтың одан кейінгі қыз­меттік баспалдақтарын санамалай бастасақ, былайша жалғасар еді. Екі мыңыншы жылдардың басында ҚР Мемлекеттік кіріс вице-министрі, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» жабық акционерлік қоғамының құ­қықтық қамтамасыз ету жөніндегі ат­қа­рушы директоры, «ҚазМұнайТеңіз» компаниясы» жабық акционерлік қоғамы бас директорының орынбасары, «Мұнайконсалтинг» АҚ-ның пре­зиденті, «ҚазМұнайГаз» Ұлттық ком­па­­ниясы» АҚ президентінің аппарат бас­шысы, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ басқарушы директоры, «Тау-Кен Самұрық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы. 2011 жылдың қаңтарынан ҚР Бас прокуратурасы аппаратының жетекшісі, 2015 жылдың тамызынан Бас прокуратура жанындағы Құқық қор­ғау органдары академиясының рек­­­торы, «Казкоммерцбанк» басқар­ма төрағасының орынбасары... «Даңқ» орденімен марапатталған, «ҚР Про­ку­ра­турасының құрметті қызмет­ке­рі» атағының иегері.

Бір адамның маңдайына тар келетін қыз­мет түрлері ме? Жоға, қуана мақұл­дай­тын және осыған қалай қол жеткізді екен деп таңданыс тудыратын да айтулы жетістік. Алпыс – екінің бірі келетін жас, оған бас ауыртудың қажеті шамалы. Ал осы санаулы ғұмырда кім халықтың әл-ауқатының жақсаруына, елдің өркендеуіне қандай қызметімен үлес қосты дейтін сұраққа ауыз толтыра жауап беру – міне, бізді ойландыратын да, толғандыратын да басты мәселе осы!

Байжановтар әулетінен тараған ұрпақ есім­дері жұрт жадында. Ұланның інісі Ерлан Байжанов Мәскеу университетін тә­мамдаған белгілі журналист, білікті ма­ман. «Нұр Отанның» «Нұр-Медиа» хо­лдингін басқарды, бұл күндері Ре­сей­дегі Қазақстан елшілігінде жауапты қызметте. Назымның да мамандығы жур­­налист. Мен білетінде Сапекеңнен бастап, Байжановтар талай шаруа тындырып жүргендеріне қарамай, жалқы сәт кеуде керіп, мақтаныш сезіміне берілген емес. Қашанда көпшілікпен бірге, бір қалыпты, көзге түсіп, көпіртіп сөйлеуді де мұрат тұтпайды. Арналы өзен асығып-аптығып ақпайды, баппен тұнып ағады, ағысы да білінбейді. Ал мөлдірлігі әркез жұртты жанына тартып тұрады.

Қуаныш ЖИЕНБАЙ