Спорт • 01 Тамыз, 2018

Азия ойындарына қатысатын каратэшілер анықталды

448 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Индонезияның бас шаһары – Жакартада өтетін жазғы Азия ойындарында Қазақстанның каратэішілері қандай құрамда өнер көрсететіні белгілі болды.   

Азия ойындарына қатысатын каратэшілер анықталды

Байрақты бәсекеде ел намысын сегіз спортшы қорғайды. Ерлер сайысында Дархан Асаділов (60 кило), Дидар Әмірәлі (67 кило), Ермек Айназаров (75 кило), Данияр Юлдашев (+84 кило) күш сынасса, әйелдер арасында Мөлдір Жаңбырбай (50 кило), Сабина Захарова (55 кило), Мәдина Өтелбаева (61 кило) және Гузалия Гафурова (68 кило) сынды каратэшілердің өнерін тамашалаймыз.

Жекпе-жектің осы түрін меңгерген спортшыларымыз Азия ойындарында табысты өнер көрсетуде. Соңғы үш жарыстың өзінде жерлестеріміз толағай табысқа қол жеткізді. Мәселен, 2006 жылы Дохада өткен додада Халид Халидов алтын алса, Венера Жетібай мен Шаттық Қажымұқанов қолаға қол созды. 2010 жылы Гуанжоуда Дархан Асәділов пен Ринат Сағындықов шақ келтірмей, Қазақ елінің әнұранын шырқатса, Халид Халидов үшінші орынға табан тіреді. 2014 жылы Инчхондағы көрсеткішіміз тіптен керемет болды. Андрей Актауов (55 кило) пен Гузаль Гафурова (55 кило) алтын тұғырға көтерілсе, Ринат Сагындықов, Сабина Захарова және Екатерина Хуповец екінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ Халид Халидов бұл бәсекеде де үшінші орынды олжалады. 

Қазақстан құрамасының бас бапкері Жасталап Санауовтың айтуынша, жеңіспен өрілген дәстүрді Жакартадағы жарыста да жерлестеріміздің жалғастыруға барлық мүмкіндігі бар. Және де сол мақсатқа жету үшін каратэшілеріміз еш аянып қалмайтыны анық.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»