Спорт • 01 Тамыз, 2018

Азиадада өнер көрсететін таэквондошылар анықталды

575 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жакартадада алауы тұтанатын жазғы Азия ойындарында таэквондодан Қазақстанның ұлттық командасы қандай құрамда күш сынасатыны белгілі болды.

Азиадада өнер көрсететін таэквондошылар анықталды

Ерлер мен әйелдер арасында өтетін айтулы додада Елдос Ысқақ, Қазыбек Бақтиярұлы, Ерасыл Қайырбек, Нұрлан Мырзабаев, Руслан Жапаров, Айнұр Есбергенова, Фариза Алдоңғарова, Маржан Төлепбергенова, Ақсәуле Ерқасымова және Дениз Жанселге сенім артылып отыр. Сондай-ақ пумседен өтетін жарыста Руслан Манасбаев, Ерлан Нұрканов, Артем Шелков және Вячеслав Чен өнер көрсетеді.  

Қазіргі кезде жерлестеріміз Оңтүстік Кореяның Тэджун қаласында оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Сол жерде олар 14 тамызға дейін жаттығады. Ұлттық командамыздың бас бапкері Батырбек Есдәулетовтің айтуынша, Азиядаға соңғы дайындық ойдағыдай өтуде. Спортшыларымыздың көңіл-күйі жақсы, барлығы да бабында. Жакартада қазақстандық таэквондошылардың бірнеше салмақ дәрежесі бойынша жеңіс тұғырына көтерілуге мүмкіндіктері бар. Өз шәкірттері арасынан білікті бапкер аса ауыр салмақтағы Руслан Жапаров пен Жансел Дениз және 80 келі салмақ дәрежесіндегі Нұрлан Мырзабаевтың бас жүлде үшін таласуға әзір екенін айтты.   

Отандық таэквондошылардың соңғы үш Азия ойындарындағы нәтижелеріне зер салатын болсақ, 2006 жылы Дохада Ренат Құралбаев пен Арман Шылманов қола медальді иеленді. 2010 жылы Гуанжоуда Феруза Ергешова күміс алса, Арман Шылманов пен Гүлфайруз Айтмұхамбетова үшінші орынға табан тіреді. 2014 жылы Инчхонда Нұрсұлтан Мамаев екінші сатыға жайғасса, Қайрат Сарымсақов қолаға қол созды.   

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»