Медицина • 02 Тамыз, 2018

Биыл грант көбейді

454 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еліміздегі Білім гранттарын тағайындау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысы басталды. Кеше комиссияның алғашқы отырысы өтті. Комиссия отырысын Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жүргізді. Жиында еліміздің жоғары оқу орындарына биылғы оқу жылына студенттер қабылдауға дайындық жұмысы қорытындыланды. 

Биыл грант көбейді

Басқосуда мәлім болғандай, жыл бойы министрлік іріктеу сапасын арттыру және студенттер контингентін қалып­тас­тыру бойынша бірқатар жүйелі жұмыстар атқарған. Ма­ңыздысы, биыл Мем­лекет бас­шысы Нұрсұлтан Назар­баев­тың «Бес әлеуметтік бас­тама­сы» аясында мемлекеттік тап­сырыстың көлемі 20 мың грантқа артып отыр. Оның 11 мы­ңы техникалық бағыттарға, оның ішінде ақпараттық технологиялар, робот техникасы және нанотехнологиялар салаларына, 5 мыңы еңбек нарығында қа­жет­тілік байқалып отырған басқа ма­мандықтарға, 3 мыңы магистр­лерді даярлауға, 1 мыңы PhD док­тор­ларын даярлауға бағыт­талды. Сөйтіп жоғары білім грант­тарының саны 53 594-ке жет­кен.

Білім гранттарының 5944-і күндізгі оқытудың 1-курсына, 2650-і жоғары оқу орындарының да­йындық бөлімдеріне қабыл­дауға бөлінген. Көрсе­тілген ба­сым­дықтарды ескере отырып, 24737 грантты техникалық жә­не технологиялық маман­дық­­тарға, 9499 грантты педа­­го­­гикалық, 2785 грантты ауыл шаруашылығы және ветерина
рия, 2700 грантты меди­ци­на­лық, 1450 грантты гума­­ни­­тар­лық, 100 грантты құқық, 300 грант­ты өнер, 1780 грант­­ты әлеу­­меттік ғылымдар, эко­но­мика және бизнес, 3246 грант­ты та­би­ғи ғылымдар, 2330 грант­ты қыз­мет көрсету, 500 грантты әс­кери іс және қауіп­сіз­дік маман­дық­тарына бөлу көз­деліп отыр. Со­нымен қатар мем­лекеттік тап­сырысты орналас­тыруға рұқ­сат етілген жоғары оқу орын­дарының тізімі де то­лыға түскен.

Білім гранттарын та­ғайындау конкурсына 75430 адам құжат тапсырған екен. Соның 60327-сі қазақ тілінде білім алғысы келетіні айтыл­ды, ал 14810-ы орыс тілінде оқуға ниет білдірген, ал ағыл­шын тілін 293 талапкер қажетсі­ніп отыр, деді мамандар. Оған қоса «Мәңгілік ел жастары – индус­трияға!» жобасының аясында сту­ден­т­терді оқыту квотасы бойын­ша конкурста 5494 адам білімін сынап көрмек.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»