Медицина • 02 Тамыз, 2018

Шаруалардың базынасы бар

438 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Наурыз айының соңын ала Жамбыл облысында көктемгі дала жұмыстары қарқын алды. Бұл күнде өңірдің Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл аудандары алма бағын өсіруде белсенділік танытып келеді. Елбасының кооператив құру мақсатындағы тапсырмасын орындау барысында өңірде осы уақытқа дейін бірнеше өндірістік кооператив құрылып, жұмысын бастап та кетті. Алғашқы коопетарив жұмыстары өнім беріп те үлгерді.

Шаруалардың базынасы бар

Мәселен, Байзақ ауданы, Суханбай ауылдық округіндегі «Асыл Бақ» өндірістік кооперативі 50 гектар жерге интенсивті алма бағын өсіруді қолға алып отыр. Өткен жылы жолға қойылған жобаның құрылысы бүгінде аяқталуға жақын. Ал ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап мұнда Польшадан әкелінген алма көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Таяуда облыс әкімі Асқар Мырзахметов алма бағын құрылысының жұмысымен танысқан болатын. Әкім мұндағы құрылыс жұмыстарын жан-жақты зерделеп, болашақта бұлардың қаншалықты өнім беретінін де сұрап білді.

– Алма көшеттерін отырғы­зуды сәуір айынан бастап, осы айдың соңына дейін аяқ­тау­ды жоспарлап отырмыз. Дала жұмыстарына бүгінде 54 адам мен 10-ға тарта техника жұмылдырылған. Негізінен мұнда «айдаред», «гала», «голден делишес» сортты польшалық алма көшеттері отырғызылуда. Болашақта аталған бақ гектарынан 50 тоннадан алма беретін болады. Енді алдағы 5 маусымға дейін тиісті құрылыс жұмыстарын аяқтап, бақты кооперативке өткізетін боламыз, – дейді құрылысқа жауапты «FTC Equitу» ЖШС басшысы Алмас Кәрібаев. Копператив басшылығы көшеттер тамырланып, өнім бергенге дейін 2 жыл бойы бақты польшалық мамандармен бірлесе бақылауда ұстайтындықтарын айтып отыр. Олар жергілікті мамандарды жаңа технологиямен жабдықталған интенсивті бақтың жұмысына үйретеді. Жергілікті мамандар үшін польшалық мамандардың көмегіне жүгінбей-ақ, интенсивті бақ өсіруге мүмкіндік жасалуда.

 Осы уақытқа дейін аталған серіктестік Жамбыл ауданы, Шайқорық ауылының маңынан 47 гектарлық үдемелі алма бағының да құрылысын жүргізген екен. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында да 100 гектар жерге шие көшеттерін отырғызыпты. Бүгінде өңір экономикасының дамуына елеулі үлес қосып отырған «Асыл Бақ» өндірістік кооперативіне 10 шаруашылық мүшелікке кірген. Кооператив мүшелері мемлекеттің қолдауын айрықша атап өтті. Аталған кооператив Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жалпы жобалық құны 720 миллион теңге болатын осы жобаны қолға алып отыр.

Дейтұрғанмен, шаруалардың алаңдайтын мәселелері жоқ емес. Бұл алаңдаушылықтың бәрі де қаражат көзіне келіп тіреледі. Байзақ ауданындағы «Талап» шаруа қожалығының төрағасы Мауыт Фазулов қант қызылшасын егуге қажетті 800 гектар егіс алқабына су үнемдеу технологиясын енгізу үшін инфра­құрылым тарту жұмыс­та­рына А. Мырзахметовтен көмек сұрады. Инфрақұрылым тарту жұмыстарының жалпы құны 312 миллион теңге болады екен. Алайда әкім бұл қаражаттың бірден бөліне салмайтынын, бұл мәселені «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында шешу қажеттігін жеткізді.

Жамбыл өңірі қант қызыл­шасын егуде белсенділік танытып келе жатқан аймақтың бірі. Жыл басында облыс басшысы өткен жылы 120 мың тонна қант өндірген Тараз қант зауытының жүктемесін биыл 200 мың тоннаға дейін жеткізуді тапсырған еді. Бірақ ол үшін шаруалардың да мәселесі шешілуі тиіс. Мысалы, Байзақ ауданындағы Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Манат» шаруа қожалығы 70 гектар жерге дәстүрлі технологиямен қант қызылшасын егіп келеді. Аталған шаруа қожалықтың төрағасы Саха Манатов А. Мырзахметовке бүгінде қолданыстағы техника­лардың ескіргенін және қант қызылшасына қажетті герби­цидтердің қымбаттығын айтты. Сонымен қатар шаруаның айтуынша, биылғы жылы делдалдардың араласуының нәтижесінде тәтті түбір ұрығының бағасы да шарықтап кеткен.

Бұл күнде диқан үшін жерді тыңайту мәселесі де өзекті болып шықты. Ол үшін еңбеккер әкімнен өңірдегі «Қазфосфат» ЖШС өндіріс ошақтарынан қалған қалдықтарды осы мақсатқа пайдалану үшін көмектесуін сұрады. Бұл ретте А. Мырзахметов қа­жет­ті техникаға қатысты ақпа­ратты Ауыл шаруашылығы ми­нис­трлігіне хат арқылы жолдау­ды, зиянкестерге қарсы дәрі-дәр­мек мәселесін шешуді, тәтті түбір бағасын тұрақтандыруды және егер кері әсері болмаса «Қаз­фосфат» ЖШС өндірісінен қалған қалдықтарды жерді тыңайтуға пайдалану жолын қарастыруды тиісті мекеме басшыларына тапсырды. Егер тапсырылған тапсырмалар жүзеге асатын болса, шаруалардың да мәселесі біржақты шешіледі.

Қант қызылшасын егудегі мәселе Байзақ ауданында ғана емес, Жамбыл ауданында да бар болып шықты. Жамбылдық шаруалар да қант зауытын қызылша тұқымымен қамтамасыз ету мәсе­лесін кешіктіріп жатқанын айтуда. Мәселен, Жамбыл ауданы, Көлқайнар ауылдық округіндегі «Қызыл-Диқан» өндірістік кооперативінің төрағасы Нұридин Бетманов бүгінде 50 гектар жерге тәтті түбір отырғызу мақсатымен егістікке тамшылатып суару технологиясын енгізуге барлық мүмкіндікті жасап қойыпты. Бірақ тұқым жағы шаруаның тірлігін тұралатып тұрған көрінеді. Айша бибі ауылдық округіндегі «Ақ көл» шаруа қожалығы бүгінде 100 гектар жерге пияз, картоп және сәбіз егу жұмыстарын бастап кетіпті. Аталған шаруашылық биыл алғаш рет тамшылатып суару технологиясын қолданып отыр екен. Қожалық бригадирі Ислам Минусов осы уақытқа дейін жылына 1 гектардан 70-80 тонна өнім алып келгенін айтады. Бірақ өнімнің бәрі де егістік басынан сатылып кетеді екен.

Расында да, бүгінде кәсібін дөңгелетуге ниетті шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау аз емес. Сондай-ақ, шаруалар еккен жері мен алған өнімі үшін тағы да субсидия алады. Жергілікті биліктің шаруаларға деген ниеті түзу. Бірақ шаруалардың алған өнімінен облыс экономикасына ешқандай да пайда түсіп жатқан жоқ. Неге десек, науқандық жұмыспен қамтылған азаматтар арнайы мекемеде тіркеліп, олардың зейнетақы қорына ақша аударылып жатпаған соң салыққа да қаражат түспейді. Сондай-ақ өз өнімдерімізді өз пайдамызға жарату мәселесінде де осындай олқылықтар бар.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы