Медицина • 02 Тамыз, 2018

Қағаз жүзінде қатып тұрады, ал орындалуы олқы соғып жатады

497 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақтың жері кең, дәулеті мол дейміз. Менделеев кестесіндегі элементтердің бәрі бар деп мақтанғанда төбеміз көкке жетіп, үніміз ғарыштан асады. Әлемде хромнан, қорғасыннан, мырыштан бірінші, ураннан екінші, мыстан төртінші, мұнайдан жетінші орындамыз дейміз. Осынша байлықтың иесі Қазақ елі еш нәрседен кенде болмаса керек. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев азаттық алғалы елдік іске қажет барлық мүмкіндікті жасап келеді. Тиісті мекемелерге тайға таңба басқандай нақты тапсырмалар беріп, оны жүйелі түрде атқаратын бағдарламалардың бағдарын белгілеп беріп отыр. Әйтсе де оны орындауға келгенде кейбір мекемелердің қағаз жүзіндегі есебі қатып тұрғанмен, нәтижесі олқы соғып жатады. Мұны Президент әр кез ескертумен келеді. 

Қағаз жүзінде қатып тұрады, ал орындалуы олқы соғып жатады

Жуырда салалық бағдарлама­лар­дың сапалы орындалуына қа­тысты Мемлекет басшысы Премьер-Министр Б.Сағынтаевты қабылдап, жетістіктермен қатар, біраз олқылық­тарды, әсіресе білім мен денсау­лық саласындағы іркілістерді, комму­налдық қызмет бағасының жөнсіз өсуін атап, оқу ақысының қымбаттап бара жатқанын, мықты деген универ­ситет­тердегі білім сапасының нашар­лығын ескертіп, Үкімет пен жергі­лікті атқарушы органдар салалық бағдар­ламаларды дер кезінде орындау қажеттігін тапсырды.

Шынында, нақты істі тұспалмен атқару көп жағдайда жұрт көңілінен шықпай отырғаны рас. Адам капиталын дамытуда басты көрсеткіш саналатын білім мен денсаулық сақтау саласына қатысты реформалар көп жағдайда нәтиже бермей отырғаны да ақиқат. Халықтың әл-ауқатына қатты әсер ететін коммуналдық қыз­мет­тердің түрлі сылтаулармен қым­бат­тауы да жұрт көңілінен шығып отырған жоқ. «Үйдегі көңілді базар­да­ғы нарық бұзады» дегендей, кеңсе қа­ғазындағы есеп пен өмірдегі жұмыс­тың арасындағы алшақтық анық бай­қалатын тұстар баршылық. Тез та­нылсақ деген атүсті тірлік көбін­де ұятқа қалдырып жататыны бар. Мил­лиондаған қаржыны бір сәттік көрініске жұмсай салу тыйыл­май келеді. Оған бұл арада мысал келтірмесек те жұрт көріп-біліп отыр. Бұл кейде қарап отыр­ғанымыз жоқ, жұмыс істеп жатырмыз дегенді көрсету ниетінен туа­тын секілді.

Әр маусым басталғанда жұртты алаңдататын бір дау, бір шу шығатын болып барады. Қазір аптап ыстықта суға кетіп жатқандар саны азаймай тұр. Алдын ала сақтық жүргізуге тиісті мекемелер бұл қасіретті де халықтың өзіне қарай ысыра салып, ақталып жатқан жайы бар. Қауіпті жерлерге ескертулерді енді қойып жатқаны белгілі.

Осы жылдың басында бензин жетіспеушілігі байқалып, оның соңы көмір дауына ұласты. Өзімізде жоқ болса бір сәрі, өзімізде барға кей өңірлердегі халықтың қолын жеткізбей, сақылдаған сары аязда дірдектетіп қойдық. Екі ортадан пайда тауып жүргендер көмір бағасын көкке көтерді. Көмір өндіру кеміген соң солай болған шығар десек, өткен жылы Қарағанды кен орындары 23 миллион тонна көмір өндіріп, жоспарды 12 проценттен асырыпты. Еліміз бойынша көмір өндіру 106,4 миллион тоннаға жетіп, жоспар 107 процентке көтерілген. Сөйте тұрып, өткен қыстың қыспағында жұрт бір қап көмірді 500 теңге емес, 700-1000 теңгеге дейін сатып алуға мәжбүр болды. Күзде бір тоннасы 15 мың теңге болған көмір бағасы қыс қысқанда 20-23 мың теңгеге бір-ақ шырқады. Шенеуніктердің бұрын ай­тып келген үйдей уәдесі, үкілеген үміті желге ұшты. Біз мұны неге айтып отыр­мыз. Таяуда теледидардан көрдік, қыс қамын жазда ойлаған халық көмір алуға ерте талпынған екен. Сондағы бағасы 13-14 мың теңге болған. Қыста бұл бағаның шарықтап шыға келмесіне кім кепіл бола алар екен. Тірнектеп жиған теңгесіне алған көмірін үйіне жет­кізуге ниет еткендер көлікке 25 мың теңге төлеу керектігін айтып, мұн­дай бағаны екінің бірінің қалтасы көтер­мейтінін айтып, реніштерін білдіріп жатты.

Күн жылынып, көмір мәселесі сирей бергенде су тасқыны қылаң берді. Бұл да біраз титыққа тиді. Дайын деген қажетті құрал-жабдықтардың жетпей жатқанын жергілікті жерлердегі басшылар мен қосшылар жарыса айтып, бөлінген миллиардтаған қаржылар туралы да ашына сөз қозғады. Сол бұрқ ете түскен су тасқынының әттеген-айы кей жерлерде әлі жойылып бола қойған жоқ. Анда-санда айтып қалып жатады. Соңында кінәлі ауа райын болжаушылар екен десті. Кейде осындайларды қоғамға жауып, оны қатыгез етіп көрсеткіміз келеді. Бұл шындыққа жанаспайды. Қоғам емес, барды ұқсата алмай, бөлінген қаржыны тиісті жерге жеткізбей жататын ұйымдастырудағы кемшіліктерден іздеу керек тәрізді. Жауапты адамдардан қатаң түрде талап ету тәртібі болуы тиіс деп білеміз. Су тасқыны жөнге түсіп, арқаны енді кеңге сала бергенде елдегі денсаулық саласына менингит деген дүрбелең жетті. Алғашында бұл жылда болып тұратыны айтылып, оның саны жарияланып, 58 деген не, 2015 жылы 424 оқиға тіркелген деді, тізгін ұстап жүргендер. Кейін бұл кесел өршіп, мәртебелі мекемелерді аяғынан тік тұрғызды. Денсаулық сақтау министрі Алматыға арнайы барып, Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасындағы, басқа да емханалардағы тазалықтың жайын, кезек күткен адамдарды көзі­мен көріп, кеңшілік жасамайтын кемші­ліктерді жария етті. Сөйтіп қағаз­да­ғы «ақиқат» лауазым иелерін ұятқа қалдырды.

Жұрт ішінде жүрген соң көрген шындықты бас басылымның бетінде «Жаны ауырғанның жанын ұқсақ қой» деп шағын мақала жазған едік. Оған Денсаулық сақтау министрлігінің департамент директоры бес бетке сыйғызып, атқарылған, атқарылып жатқан, алда атқарылатын жұмыстарды дәйекке келтіріп жауап беріпті. Мұны құп көрдік. Бірақ менингит кеселі келгенде «дұрыстың» арғы жағында кемшіліктің бары байқалды. Оның ең бастысы, жоғарыдан келген тапсырманы төменгі буынның ықтиятты орындай қоймай, арқаны кеңге салып, жауабын талап еткенде жалған ақпарат берумен шектелуде жатқаны айқындалды. Егер ондай болмаған болса, министр өзі куә болған олқылықтар алдан шық­пас еді. Елбасының Премьер-Ми­нистрмен кездесуіндегі айтылған ескерт­пелерде де осындай атүстілік жат­қанын ешкім де жоққа шығара алмас. Егер тапсырманы барлық құзыретті орган өкілдері бұлжытпай атқарса, бақылап отырғандар сырттан көздемей, нәтижесін қағаздағы жазумен бағаламай, көзбен көріп, құлақпен естіп түйіндесе, көп түйткілдің болмасы анық. Оның үстіне алдын ала дайындалған орындарды аралап қайту үрдісі де көп кемшілікке жол ашатындай. Ондай көңіл көкжиегін кеңейтетін істердің кейін кемшілігі шығып, мекеме қожырап, оның басшысын сүріндіретінін де көріп жүрміз. Бір өкініштісі, «көш жүре түзеледі» деген қасаң қағида біраз жұмысқа тұсау болуда. Жақында Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылындағы ауруханада болған үш адамның өлімі талайдың қабырғасын қайыстырды. Аты болғанмен, тозығы жеткен ауруханаға жөндеу жұмысын жүргізу енді қолға алынатын көрінеді. Сонда үш арыстай азамат өмірден озбаса, азып-тозған аурухана қалт-құлт етіп тұра беру керек пе?

Жалпы, ақиқат іс салтанат құрмай, ала-құла ақпаратқа арқа сүйеу елді оңалтпайды. Бүгінгі барды салалық бағ­дарламалар аясында сапалы орындап, шындықтың шырайын кіргізбесек, халықтың әлеуметтік жағдайын көте­ру қиындай бермек. Әсіресе, бүгін сөз жүзінде жүйткіп, ертең нәти­жесі тұманданса, алда айтқан кейбір көрі­ністер қайталана берері хақ. Бұл арада әр азамат ел мен Елбасы алдындағы  парызын жете ұғынса, жетелі жұмыс жұрт игілігіне айналса, ұлтымыз да, халқымыз да ұтылмайды. Қағазда қатып тұрғанмен, істе ілгері баспаса – оны халық айнадай көріп-біліп отырады. Мұның арты атқарушыға деген олардың сенімін жоғалтуға апаруы мүмкін. Сондықтан да шығар, Елбасының салалық бағдарламаларды сапалы орындау жөніндегі істі іркіліссіз атқаруды талап етіп отырғаны.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан»