Медицина • 02 Тамыз, 2018

Сарыбас жылан шақпайды

1794 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сарыбас жылан шақпайды

Бір құдайдың өзі жаратқан он сегіз мың ғаламда бірде-бір тіршілік иесі артық жаратылмағанын бүгінде ғалымдар да жоққа шығармайды. Соның бірі – кәдімгі жыландар. Оның уы медицинада дәрілік мақсатта пайдаланылатыны белгілі. Адам баласының психологиясы қызық-ақ. Жыландарды көре қалса, өзінен-өзі тітіркеніп, бойын қорқыныш се­зімі билеп қаша жөнеледі. Немесе оған тас атып, өлтіруге әрекет жасайды. Жы­лан да тіршілік иесі болғандықтан жан беру оңай ма, содан соң қарсы әре­кет­­ке көшіп, «жауын» шағып алуға ұм­ты­лады.

Егер адамдар өздігінен ұрынбаса, жыландар оларға тиіспейді деп тұжырым­дай­ды жаратылыстанушылар. Табиғатта жыландардың түрлері де мейлінше көп. Мысалы, сарыбас жыландар. Атауы айтып тұрғанындай бастары сары жыландардың негізгі тіршілік ететін ме­кені – өзендер мен көлдер. Оның жа­ға­­лауындағы құрақтар мен қамыстар. Қо­­ғалар мен әртүрлі су өсімдіктерін па­н­алайды.

Таяуда елге барып, бала кезден құлын-тайдай тебісіп бірге өскен құрдас­та­рым Қанатпен және Наушамен бірге ауылдың іргесіндегі Сарыөзенге барып шомылдық. Өзеннің ернеуіндегі құрақты майыстыра суға секіре бергенім сол еді, дәл аяғымның астынан екі-үш сарыбас жылан ытырылып, айдынның үстімен басын тік көтеріп жорғалап ала жөнелгені. Денем дір ете түсті. Мұн­да жыландар толып жүр екен дедім қасым­да­ғы серіктеріме.

Қанат пен Науша да бәрін көріп тұр екен: «ә, сарыбас жыландар ма, олар шақпайды ғой», десті жайбарақат. Содан соң екеуі де суға секіріп, жыландармен жарыса жүзіп кетті. Осы сөздерді бала кезімде де талай рет естігенім бар еді. Соның бәрі еске түсті де бойдағы бір сәттік тітіркену сезімінің бәрі сап ты-
йылды. Жыландар тек ағысы мол таза су айдындарында жүретіні де белгілі жайт. Бұлардың негізгі ордасы радиациядан ада, экологиясы таза табиғат қойнаулары емес пе еді. Ендеше бұзылмаған тұмса табиғатта өзімен өзі жүрген сарыбас жыландарға тиіспейік демекпін!

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы,

Қазталов ауданы