Аймақтар • 02 Тамыз, 2018

Әйгілі француз сауда бренді Қазақстан нарығына қадам басты

660 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы облысы Қарасай ауданының аумағында «Leroy Merlin» гипермаркеті ашылды. Осылайша, әлемге әйгілі француз сауда бренді Қазақстан нарығына тұңғыш рет қадам басты.

Әйгілі француз сауда бренді Қазақстан нарығына қадам басты

Тоқсан бес жылдық тарихы бар Leroy Merlin сауда компаниясы дүниежүзі бойынша құрылысқа арналған керек-жарақ сатумен танымал болған көне сауда желісінің қатарында. Қазір «Leroy Merlinнің» дүкендері жер шарының түкір-түкпірінде ашылған. Барлығы 325 сауда желісін құрайтын алып жүйеге Түркия, Грекия, Бразиля, Италия, Польша, Португалия, Испания, Қытай, Ресей, Украина сияқты 12 мемлекеттетің тұтынушылары қосылған. Қарасау ауданында ашылған шыт жаңа сауда үйі еліміздегі ғана емес, Орта Азиядағы алғашқықылар санатында екен. Бүгінде сауда империясының әлемдегі қызметкерлерінің саны 88 500 адамды құрайтын болса, Қазақстандағы гипермаркетте тағы 370 адам жұмыспен қамтылып отыр. Былтыр сауда брендінің айналымдағы қаржысы 18,2 млрд еуроны құрапты.

Алматы облысының аумағында ашылған сауда үйінің ашылу салтанатына Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартини, Алматы облысының əкімі Амандық Баталов жəне бизнес өкілдері қатысты. Жиында сөз алған облыс басшысы А. Баталов əлемдік деңгейдегі үлкен желінің Алматы облысынан ашылуы жетісулықтар үшін қуаныш екенін айтты.

-  Облыс аумағында ашылған ірі гипермаркет жобасы арқылы  өңірге 6 млрд. теңге инвестиция тартылып отыр. Мұнда 370  жаңа жұмыс орны құрылды. Көптеген жастар жұмысқа орналасты. Биылдан бастап Елбасының бастамасымен «7.20.25» бағдарламасының негізінде тұрғын үй салу қарқынды жүргізілетін болады. Сол үйлерді тұрғызуда, əрлеуде пайдаланылатын материалдардың балығы осы сөрелерден табылатынына сенімдімін. Компания жетекшілері қазірдің өзінде қырқтан астам отандық  тауар өндірушімен келісімшарт жасасып үлгеріпті. Соған сəйкес тауар бағасы да қолжетімді болып, зауыттардан тікелей осы сауда сөресі арқылы тұтынушыға жеткізілуі құптарлық іс. Біз өз тарапымыздан бизнесті дамытуға барынша қолдау көрсете береміз жəне тəуелсіз жас мемлекетіміздің экономикасын бірге көтереміз, - деді аймақ басшысы өз сөзінде.

Ал Францияның Қазақстандағы елшісі Филипп Мартини биыл Қазақстан мен Франция арасындағы байланыстың орнағанына 10 жыл толғанын атап өтіп, екі жақты тиімді әріптестіктің жемісі нәтижелі екенін айтты. «Соның бір көрінісі әлемге танымал француз сауда брендінің Қазақстан нарығына қадам басуы» дейді елші.

Алматы маңынан ашылған «Leroy Merlin» гипермаркеттер желісінің дүкені Қазақстанда өндірілген тауарды айналымға шығаруға үлес қосатын болады. Бұл тұтынушылар үшін қолжетімді баға саясатын ұстануға мүмкіндік береді. Алдағы күндері «Leroy Merlin» брендімен тағы да 3 дүкен ашылмақшы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы