Аймақтар • 02 Тамыз, 2018

Хамза Есенжановқа туған жерінде ескерткіш орнатылды

943 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Подстепное кентінде жазушы Хамза Есенжановқа ескерткіш орнатылды. Бұл қаламгердің 110 жылдық мерейтойы аясында көрсетілген құрмет.

Хамза Есенжановқа туған жерінде ескерткіш орнатылды

Орал қаласының дәл іргесіндегі ірі елдімекеннің «Ұлы дала» саябағында орнатылған ескерткіштің ашылу салтанатына жазушының туыстары, жергілікті қаламгерлер, жазушы шығармашылығын зерттеушілер, мектеп оқушылары қатысты. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында орнатылған бюсттің авторы – оралдық мүсінші Дмитрий Баймұқашев.

- Бұл шара егемендіктің арқасында іске асып жатыр. Хамза Есенжанов – қазақтың ұлы жазушыларының бірі. Ол советтік дәуірде қуғынға ұшырап, көп жыл айдауда жүрді. Хамза ағамен Алматыда көрші тұрдық. София апай бүкіл өміріне сүйеніш болғанын көрдік. «Сор болды-ау 37 мына елге, Далада ару зарлап, жылады ер де. Өзімді құлай сүйген дәрігер қыз, Қартайды еріп жүріп лагерьде»... София апай Хамза аға сотталып, айдауда болғанда бірге жүрді. Ол да Мағжан Жұмабаевпен қандас, текті жердің қызы еді. Халықтың мұңын жазған жазушы халыққа жау бола ма? Қазақ халқы басынан не кешті, неге олай болды деген сауал жастарды ойлантуы тиіс, - деді жазушы бюстінің шымылдығын сыпырып тұрып ақын Ақұштап Бақтыгереева.

Батыс Қазақстан облысында жергілікті әдебиетші Сайлау Сүлейменов қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығын жүйелі зерттеп, бірнеше кітап шығарған ғалым. Бастамашыл топтың мұрындық болуымен Батыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы былтыр Хамза Есенжанов есімін иеленді. Биыл «Хамза жолымен» экспедициясы ұйымдастырылып, оған қатысушылар өңірдің Ақжайық, Сырым, Теректі аудандарымен жүріп өтті. «Қаламгердің әйгілі «Ақ Жайық» трилогиясы – ХХ ғасырдың басында осы өңірде өткен қоғамдық-саяси оқиғалардың жылнамасы сынды шығарма» дейді Сайлау Хамитұлы.

Осы шарадан кейін ауылдық мәдениет үйінде жазушы шығармашылығына арналған дөңгелек үстел мәжілісі өтіп, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ақын Шолпан Қыдырниязова, өлкетанушы, профессор Жайсаң Ақбай, айтыскер ақын әрі жазушы, ұлағатты ұстаз Дариға Мұштановалар қаламгер туралы ойларын ортаға салды.

Айта кетейік, Орал қаласына ең жақын орналасқан, жергілікті халық саны басым Теректі ауданында совет кезеңінен қалған ономастикалық орашолақтық сол күйінде сақталып тұр. Елдімекендері Долинный, Богдановка, Новопавловка, Покатиловка, Приречное, Подстепное болып келетін Теректі ауданы орталығының өзі Федоровка аталады. Қазақ жыршылық өнеріндегі ұлы ұстаздардың бірі саналатын Марабай жыраудың туған жерінде қазақы қалыпты қалпына келтіретін осындай шаралар керек-ақ еді. Подстепное ауылында Хамза ескерткішінің бой көтеруі осындай қырымен де ел есінде қалды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ