Аймақтар • 02 Тамыз, 2018

Павлодарда экологиялық заңнаманы бұзған 116 дерек анықталды

377 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өңірдегі   экология департаменті экологиялық инспекторлардың мәліметінше, биылғы алғашқы жарты жылдықта облыс кәсіпорындары қоршаған ортаға  344,83 мың тонна  зиянды қалдықтар шығарған. Талап бойынша шек қойылатын деңгей - 968,5 мың тонна.

Павлодарда экологиялық заңнаманы бұзған 116 дерек анықталды

Инспекторлардың айтуынша, қоршаған ортаны сақтау шаралары аясында жергілікті бюджеттен департамент зертханасын жабдықтауға 79 миллион теңге бөлініпті. Сатып алынған КАСКАД-Н 31.1 газ талдауышы өндіріс орындарынан шығарылатын қалдықтардан зиянды заттардың бар екенін, химиялық элементтердің бар-жоғын анықтауға  мүмкіндік береді.

Өңір тұрғындары денсаулықтарына алаңдаушылық білдіреді. Өндіріс орындарының экологиялық талаптарды қаншалықты сақтайтыны ойлантады. Кәсіпорындар арнайы брифингтер өткізіп, қоршаған ортаны қорғау бағытындағы атқарылған жұмыстармен таныстыруы керек. Былтыр  өндіріс орындары 14 мың жасыл желек отырғызылыпты.

Тағы бір мәселе - кәсіпорындардың өз қалдықтарын жасыруы. Департаменттің мәліметінше, өндіріс орындары қалдықтарын басқа компанияға өткізіп, соңында қалдықтың қайда кеткені белгісіз қалады. Өндірістік қалдықты шығарғаны үшін төленуі тиіс эмиссиядан жалтарады.

 Өткен алты айда экология департаментінің мамандары 80 рет тексеріс жүргізіпті. Нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын сақтамау бойынша 116 дерек анықталып, жалпы құны 7 миллион 712,9 мың теңгеге айыппұл салынды.

 Сонымен бірге, департамент жанындағы мобильді топ заманауи құрылғылардың көмегімен жоспардан тыс тексерістер де жүргізеді.

Келесі жылдың 1 қаңтарынан елімізде жаңа экологиялық норма енгізілмек. Нормаға сәйкес, енді кәдімгі тұрмыстық қалдықтар арнайы полигондарға тек сұрыпталған күйінде шығарылуы тиіс. Еліміздегі экологиялық ахуалды жақсартып, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу өндірісін қолға алу үшін  қоқысты жинау, шығару және полигондарға жеткізу ережелеріне өзгерістер енгізіледі.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен  Қазақстан»

Павлодар

Суретті түсірген Валерий Бугаев