Аймақтар • 02 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда «Ежелгі Тараз қазыналары» көрмесі ашылды

995 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тарихи-өлкетану мұражайында «Ежелгі Тараздың қазыналары» атты көрме ашылды. Онда  екі мың жылдық тарихы бар көне шахар жайлы жан-жақты сыр шертетін  250-ден астам қымбат  экспонат қойылған.

Солтүстік Қазақстанда «Ежелгі Тараз қазыналары» көрмесі ашылды

Жамбыл облысы бойынша  тарихи-мәдени ескертікіштердің жалпы көлемі  үш мыңнан асады екен. Олардың ішінде  ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік  мұралар тізіміне енгізілген Баласағұн, Айша бибі, Қарахан баба секілді інжу-маржандардың орны ерекше. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайының директоры Рустам Бикенов  көрменің «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылғанын,  соңғы кездері мұражайлардың  серпінді дамуына үлкен  көңіл бөлініп отырғанын, осы орайда  жергілікті жердерден тысқары орналасқан рухани ортақ  киелі орындармен жас буынды таныстыру қазақстандық патриотизм қасиеттерін қалыптастырудың  бір тетігі болып табылатынын жеткізді.

Көрмеген келушілер  археологиялық қазба жұмыстарі негізінде табылған құнды жәдігерлерді тамашалап, Үйсін, Қарахандар дәуірінің, Қарлұқ қағанатының  сол кездегі өмір салтын, тыныс-тіршілігін көз алдарына елестеткендей болды. Қорық-музейдің экскурсия жетекшісі Ақжан Оразбақованың айтуынша  Ұлы Жібек жолын бойлай қонған Тараз нағыз сауда-саттық орталығына айналған. Химиялық сұйықтықтар, иіс сулар құятын құмыралар мен құтылар сол кезеңнен жеткен көрінеді. Мыс, алтын, күмістен соғылған тиындар 8-12 ғасырлардағы өркениетке тиесілі. Әйелдердің әшекей заттары, қыштан жасалған ыдыстар хас шеберлердің қолынан шыққанын  аңғартады. Өрнек, Қостөбе қалашықтары, Дәуітбек, Тектұрмас кесенелері жайлы да мол мағлұматтар топтастырылған.  Бұлар еліміздің киелі нысандарына жатқызылыпты.

«Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша  барлық мұражайлар тегін жұмыс істейді. Соның арқасында келушілердің саны екі есеге артты. Солтүстікқазақстандықтар өз тарихын ғана жақсы білумен шектелмеу керек. Елбасының  тарихын білмеген ұлттың болашағы бұлыңғыр деген сөзін жадымыздан шығармаған жөн», деді көрменің ашылу  рәсімінде сөйлеген сөзінде  мәдениет, архивтер және құжаттамалар басқармасының басшысы  Ермек Рахимов.

Осындайда Мемлекет Басшысының  «Ұлытау төріндегі  толғаныс» сұхбатындағы «Шығысқа барсаң-Берел қорғаны бар. Орталыққа келсең-қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар. Батысқа барсаң-Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекен бар. Оңтүстікке барсаң-Түркістан тұр. Қазақстанда осындай  қасиетті жерлер көп» деген» сөзі еске түседі. Тамыры өте ертеден басталатын осындай тарихымыздың бір кіндігі Тараз екені талассыз. Осы ойды шетелдік  айно ОРано Оклетс те қуаттайды. Германиядан  Ұлы Дала төсіне саяхаттап, Қызылжар өңіріне ат басын тіреген ол көрмеден зор рухани ләззат алғанын айтады.  Қазақтың шетсіз, шексіз даласын велосипедпен аралап жүрген саяхатшы көрікті жерлердің молдығына таңданысын жасыра алмайды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.