Көкейкесті: Сананың өзгеруі – тәрбиеден

Бүгінде білім мен ғылым барынша дамып, ел экономикасы ілгері басқанымен, руха­ни дүниемізге, адами құн­­­ды­лықтарымызға қаяу түс­кенін жасыра алмаймыз. Адамгершіліктің алтын діңгегін босаңсытып, рухани әлемімізді асқақтататын асыл құн­дылықтарға деген әуестігімізді әлсі­ретіп алдық. Ата-бабаларымыз қастерлеген ар-ұят, намыс, әдеп сақ­тау, жақын жандарды аялау, үл­кен­ге құрмет, кішіге ізет көр­сету, әдет-ғұ­рып, салт-дәстүр­ге берік болу сынды асыл қа­си­ет­терден ажырап, алыстап ба­ра жатқандаймыз. Қарақан ба­сының қамын күйттеп, өз жағ­дайын жасауды ғана мұрат тұ­татын жанның ел мүддесіне басын ауыртпасы анық. 

Егемен Қазақстан
03.08.2018 7116
2

Мәңгілік деп әспеттейтін мәдениетке, әдебиетіміз бен туған жер тарихына деген қызығушылығымыз көңіл көншітпейді. Демек, алаңдауға негіз бар. Ел мүддесімен, заман талабымен орайлас адами қалыптан айнымай, өзің үшін де, қоғам үшін де қарекет жасау қажеттігін көпшілік сезініп отыр. 

Әйтсе де «қоғамдық сананы жаң­ғыр­ту, рухани әлемді түлету не үшін қажет болды?» деген сауал төңірегінде ойлана бермейтін сияқтымыз. Қоғамдық сананы жаңғырту ел мүддесін көздеуден, ортақ Отанымыз – Қазақстанды озық елдердің қатарына қосу, Мәңгілік ел болу мақсатынан туындап отырғанына бәрі бірдей мән береді деу ертерек болар. Ұлы Дала елінің асқақ арманы жүзеге асуы үшін ата-бабаларымыз әспеттеген адами қасиеттеріміз бен ұлттық құндылықтарымызды қадірлеу қажет. Ол үшін адами капитал сапасын арттырудың қажеттігін айқындадық. Адам әлеуеті тек білім деңгейімен ғана өлшенбейді, оның моральдық келбеті де келісті болуы шарт. Ол үшін адам санасына ізгілік нәрін сеуіп, жүрегімен сезініп, қабылдайтын тәлімдік қарекет жасауымыз қажет. Әсіресе, жастар тәрбиесіне, оның ішінде рухани-адамгершілік тәрбиесіне басымдық берген абзал. Адамгершілік туралы түсінік әрқайсымызда болғанымен, оған анықтама берерде мүдіріп қалатынымыз бар, себебі ол – кең ауқымды ұғым. Топшылауымызша, адамгершілік – адам бойындағы ізгі қасиеттер жиынтығы, ол түрлі іс-әрекет, оның нәтижесі адамдармен қарым-қатынаста білінеді. Көру, есту, тыңдаумен, ізгілік атаулыны көңілге тоқумен бірте-бірте кемелдене түсетін ой-сана, мінез-құлық, іс-әрекет көрінісі. Адамгершілік деңгейі адамның сөйлеген сөзінен, жасаған ісінен, өзіне, өзгеге тигізер себінен көрінеді. Ұлы Абайдың «Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарай кісіні ал» деуінде үлкен мән жатыр емес пе. Сонымен табиғаттың керемет туындысы саналатын адамға тән адамшылық қалай қалыптасады? Тағы да хәкім Абайдың сөзімен айтсақ, адамның адамшылығы ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Ғылым демекші, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан «Жаңа гуманитарлық білім.100 жаңа оқулық» жобасының жастардың біліммен қатар, ізгілікті, әлемдік озық ақыл-ойды бойына сіңіруіне ықпал етерлік маңызы зор құндылық екенін атап өткеніміз ләзім. 

Ниет болса, жолға қойылса, рухани-адамгершілікке баулу тетіктері аз емес. Сөз басы – сәлем, ата-ананы сыйлау, адамзатты сүю, табиғатты аялау, туған жерді қастерлеу, ұлағатты сөзге құлақ түру, тарихи тұлғаларды өнеге ету секілді тәлімдік мәні зор құндылықтар жетерлік. Соның ішінде ұлағатты сөздерді санаға сіңіріп, үлгі-өнегені бойға дарыту, содан сабақ алу маңызды. Өкінішке қарай, бүгінде зердеге ұялап, көңілге қонатын, санаға нәр беретін әңгіме айтатын орта да сұйылған сыңайлы. 

Руханият та, адамгершілік те адамның ой-санасына, ішкі дүниесіне байланысты ұғымдар. Екеуі қосарланып бір ұғымды білдіреді. Адамгершілік тәрбиесіне түсіндірме сөздікте «ізгілікке, инабаттылыққа баулудың жолы» деген сипаттама беріліпті. Ал ізгілікті жақсылық, адалдық, игілік деп түсінеміз. Ғұлама ғалым әл-Фараби адамгершілікке тәрбиелеудің мәнісін «Жақсы мінез-құлық пен ақыл күші болып, екеуі біріккенде бұлар адамшылық қасиеттер болып табылады» деп түйіндеп, жақсы мінез-құлықтың тәрбие арқылы қалыптасатынын «Тәрбиелеу дегеніміз – халықтардың бойына білімге негізделген этикалық игіліктер мен өнерлерді дарыту деген сөз» деуі арқылы аңғартқан. Ғылыми тілмен берілген анықтамаға сүйенсек, тәрбие қоғамның негізгі қызметтерінің бірі, жеке адамды мақсатты, жүйелі қалыптастыру процесі, аға ұрпақтың тәжірибесін кейінгі буынға меңгертіп, олардың сана сезімін, жағымды мінез-құлқын дамытушы. Бұл педагогика оқулықтарының бірінен алынған тұжырым.

Тәрбие тал бесіктен басталады. Бала балабақшаға, мектепке біршама деңгейде ата-ана тәрбиесін алып келеді. Демек, отбасылық ахуалдың лебі балабақша, кейін мектепте сезіледі. Отбасындағы тыныштық, жағымды орта бала үшін маңызды екенін академик Асқарбек Құсайынов былайша пайымдайды: «Балаңыздың ерте жастан дамуына көмектесу үшін ерекше бір нәрсе істеудің қажеті жоқ. Алдымен ең жақсысы ата-ана арасындағы үйлесімді қарым-қатынас және үйде жағымды психологиялық ахуал жасау керек». Социология ғылымы отбасын тұтас қоғамдық организмнің бөлігі, әлеуметтік тәрбие беретін ұжым ретінде қарастырады. Махмұд Қашғаридің «Атасынан ақыл алса, тентек ұл да жөнделмек» деген өсиетін өнеге еткеніміз абзал.

Мектеп пен отбасы арасындағы байланыс жақсы болуы керек. Мектепті тәрбие жұмысының орталығы дей отырып, ғалымдар мектептегі басты тұлға мұғалімнің өнегесі шешуші рөл атқаратынын айтады. Бұған дәйек ретінде олардың «Тәрбиеленушінің тұлғасы отбасы, жолдас-жоралары, ересектер, қоғамдық ұйымдар, оқушылар ұжымдары арқылы қалыптасады. Осы ықпалдар ішінде сынып ұжымы мен тәрбиеші беделі ерекше рөлге ие. Тәрбиешінің өзі жоғары инабаттылық тәрбие өнегесін көрсете білуі шарт. Педагогтар мен ата-аналар балаларға қандай қажет сана бергісі келсе, соларды алдымен өз бойында қалыптастыруы керек» деген тұжырымын келтірген жөн болар.

 Педагог-ғалым отбасындағы тәрбие мен мектептегі оқу-тәрбие процесінің үйлесім табуын, тәрбиешілердің ұлттық құндылықтарға мән беруін ұтымды санайды. Оны «Ата-аналар бала тәрбиелеу жөніндегі халықтық дәстүрлермен қаншалықты таныс? 

Үлгі тұтарлық Жапонияны алайық. Жапон мектебінде дәстүрлі оқытуда білім беруге қарағанда тәрбиелеуге көп мән беріледі. Бұл елде 1879 жылы жарық көрген «Білім берудің ұлы ұстанымдарының» бірінде былай делінген: «Адамдар алдымен өзінде руханилықты тәрбиелеп, адамгершілік қағидаларын ұстануы керек, содан кейін өздерінің қабілетіне сәйкес әртүрлі пәндерді игеруге болады». Олардың ІХ ғасырдағы гимні әлі күнге қолданылып келе жатқанын 

таяуда теледидардан естіп, таңғалдық. Жапондардың рухының мықтылығы, ұстанымдарына беріктігі болар, ұлттық болмысын сақтай отырып, жаһандық өркениеттің алдыңғы қатарынан орын тепкендігі содан болса керек. 

Адамзат баласы үшін адамгершілік нормалары бірдей, алайда қазіргі жаһандану заманында әр ел, әр ұлт өзіне тән құндылықтардан көз жазып қалмай, өзіндік болмысын сақтап қалуы шарт. Мемлекеттің болмысы оның адами капиталының әлеуетімен тығыз байланысты болғандықтан, адамгершілік пен ұлттық сана-сезімнің бірлігі аса маңызды. Неге десеңіз, адамгершілігі жоғары жандар ел мүддесіне бейжай қарай алмайды. Осы орайда белгілі философ ғалым, академик Жабайхан Әбділдиннің «Ақылсыз, ойсыз дүниеде ештеңе жасалмайды. Сондықтан адамға алдымен ой керек. Ол ой ел мүддесімен үндес болуы қажет» деген тұжырымы өзекті.

Өзімшілдік, немқұрайдылық, қатыгездік, тасбауырлық жайлаған заманда тәлім-тәрбие жүргізу де оңай шаруа емес. Бір ғана ел емес, жаһанға бойлаған рухани дерт пе дерсің. Бұлай деуімізге себеп те жоқ емес. Ресейдің «Народное образование» журналының бірнеше нөмірін парақтай отырып, назарым атақты педагог-ғалым М.Поташниктің «Как воспитать нравственного человека в безнравственных обстоятельствах?» деген мақаласына ауды. Қысқаша түйіні: аудандардың біріне іссапармен барғанда, одан «Адамгершіліктен ада қоғамда адамгершілікке қалайша тәрбиелеуге болады?» деген сұраққа жауап беруін өтінеді. Академик төтесінен қойылған сұрақтың тым өткірлігіне, оны педагогикалық оқу орнының оқытушысы немесе ғалым, иә болмаса біліктілік арттыру институтының қызметкері емес, ауылдық жердегі практиктердің қойғанына таңғалғанын, бірақ оған аяқ астынан тұщымды жауап беру мүмкін болмағанын жасырмайды. 

М.Поташник кейін мектеп басшылыққа алатын негізгі құжаттарда «Адамгершілікке тәрбиелеу» деген бөлімнің де мүлдем жоқ екенін біледі. Сонымен «адамгершілікке қалай, не арқылы тәрбиелеу керек?» деген сұрақтың жауабы ретінде «кітап оқу, оны өзара талқылау», «бірлесіп киноға, музейге бару», «үйірмелерге, спорт секцияларына қатысу», «әдеби, музыкалық кештер өткізу» деген секілді тәрбиелік мәні бар 34 амал көрсетіліпті ресейлік басылымда. 

Қоғамды рухани сауықтыру – ортақ міндет. Бүгінгі таңда білім беру мазмұнының құндылықтық әлеуетін күшейту көзделіп отыр. Сара Алпысқызының бастауымен «Өзін-өзі тану» рухани-адамгершілік білім беру бағдарламасы дүниеге келді. Мектептердегі осы аттас пәнге барынша мән беріліп, қызығушылық артуда. Мектепте рухани-адамгершілік, жалпы адамзаттық құндылықтарды біртұтас педагогикалық үдеріспен үйлестіру жолға қойылып, қолға алынып жатыр. Бұл рухани құндылықтарды пәндер мазмұнына кіріктіру арқылы рухани-адамгершілік сипатта жетілген ойы, сөзі, ісі бірліктегі адамды қалыптастыру міндетін жүзеге асыруды жүктейді. Осылайша рухани сауықтыруға барынша көңіл бөлу қажеттігі сезілуде. Өйткені жас өскін өзінің кім екенін, не үшін өмір сүретінін, неге ұмтылатынын терең түсінуі, әр адамның өзін-өзі тануы қажет. Бұл тұрғыда оған бағыт-бағдар беретін педагогке артылар жүктің жеңіл болмасы анық. «Баланың мінез-құлқын түзеу өте маңызды, өте жауапты жұмыс. Бұл педагогикалық шеберлікті де, төзімділікті де, сақтықты да, ойлануды да керек етеді», деген екен атақты педагог-жазушы Спандияр Көбеев. Рухани-адамгершілік тәрбие беру сабақ үстінде тақырып мазмұны, оқыту әдістері, түрлі тәрбиелік жағ­даят­тар арқылы жүзеге асатынын еске­ріп, мұғалімдер ендігі жерде пән­дік тақырыпты тәліммен терең ұштас­тыруға басымдық бергені ләзім. Қоры­та айтқанда, қоғамды рухани сауық­тыру жүйелі жұмыс жүргізуді талап етеді. Бұл үшін отбасы, мектеп, қоғам болып ынтымақтаса, нәтижелі қарекет жасау қажет.

Пиалаш СҮЙІНКИНА, 

Білім беру саласының құрметті қызметкері

ҚОСТАНАЙ

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

21.10.2018

Тіл меңгерудің өзекті мәселелері талқыланды

21.10.2018

Ұлттық құндылықтардың иесі – жастар

21.10.2018

«Қазпоштаның» 25 жылдығына орай «Жазылушылар күні» ұйымдастырылды

21.10.2018

Қостанайда есірткі сатушылардың көшедегі жарнамасы өшірілді

21.10.2018

Қостанайда «102» операторлары үшін еліміздегі тұңғыш скрипт жасалады

21.10.2018

Қостанайда Абай Әмірхановты еске алуға арналған фестиваль өтті

21.10.2018

Алматыда үйінен шығып кеткен журналист келіншектің мәйіті табылды

21.10.2018

Солтүстік Қазақстанда республикалық ақпараттық-насихат тобы Жолдау талаптарын түсіндірді

21.10.2018

Дәрігер телефонмен кеңес береді

21.10.2018

Мәдениет министрі жолдау бағыттарын түсіндірді

21.10.2018

Солтүстік Қазақстанда дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

21.10.2018

Астанада Солтүстік Қазақстан облысының ауыл шаруашылық жәрмеңкесі өтті

21.10.2018

Қорабай Есеновтің «Мәңгілік шырақ» атты мерейтойлық концерті өтті

21.10.2018

Туризмді дамыту жайы халықаралық форумда талқыланды

21.10.2018

Солтүстік Қазақстанда қазақ күресінен Батыр Баян атындағы республикалық турнир өтті

21.10.2018

Музейге қатысты мәселе талқыланды

21.10.2018

Қостанайда Қайнекей Жармағамбетовтың 100 жылдығы аталып өтті

21.10.2018

Астанада халықаралық ақындар айтысы өтіп жатыр

21.10.2018

«БӨРІЛІ МЕНІҢ БАЙРАҒЫМ...»

21.10.2018

Ұлттық палатада туризмді дамыту бағдарламасы таныстырылды

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Мирас Асан, «Егемен Қазақстан»

Ádep pen ádet

Jýyrda Almaty qalasyna jolymyz túsip, taǵylymy mol tamasha toıǵa qatystyq. Taý shatqalyna aqshańqan shatyr tigip, qudalaryn taǵatsyzdana kútip turǵan almatylyqtardyń ónegeli isine kóz toıyp, kóńil marqaıady. Biz toıly aýylǵa qudalar kelmeı turyp barǵan edik. Qyzyq ıelerimen burynnan tanyspyz. Arǵy túbi Arqanyń qazaqtary. Ultymyzdyń qadym zamandardan beri kele jatqan salt-dástúri, tartý-taralǵysy, jón-joralǵysy yqylym josynymen úılestirilgen toıdyń erekshe bolatyny sezilip tur.

Құрманәлі Қалмахан,

О́zge elde sultan bolǵansha...

Áı, qaıdam... О́zge elde sultan bolý qazir qıyn-aý. Sebebi óz eliniń Sultandary turǵanda shetten kelgen «bótenderdi» kim jaqtyra qoıar dersiz?! Soǵan qaramastan túrli sebeptermen shetel aýyp, «jumaq» araldaryn izdeýge bel býǵandar qarasy azaımaı tur.

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»

Urpaq azsa – ultqa qater

J.Aımaýytov pen M.Áýezov keıbir qazaq mineziniń minin, sol mindi kórip ósken balanyń jamandyqqa salynatynyn 1917 jyly «Alash» gazetinde jarıalaǵan maqalasynda: «Ultym», – dep oqyp shyqqandar halyq arasyna kelse, qaraıa bastaıdy» dep, artynan: «Saıyp kelgende, qazaqta qalyp turǵan ózgeshe minezder: tili aıtqandy qoly qylmaıtyn – turaqsyzdyq, uıymsyzdyq, basynan aspaıtyn – ózimshildik, ezdik» depti. 

Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Megapolıster múmkindigi

Elbasy «Qazaqstandyqtardyń ál-aýqatynyń ósýi: tabys pen turmys sapasyn arttyrý» atty jańa Joldaýynda elimizdiń aýmaqtyq damýyna jańa tásilder engizýdi qamtamasyz etý qajet ekendigin aıta kele: «Búginde jetekshi elderdiń ekonomıkasy kóbine jahandyq qalalar nemese megapolıster arqyly tanylady.

Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»

Izgilikke shaqyrý iriliktiń belgisi

Bıylǵy 10-11 qazan kúnderi Astanada ótken Álemdik jáne dástúrli dinder kóshbasshylarynyń dástúrli siezi óziniń halyqaralyq aýqymdaǵy asa mańyzdy únqatysý alańy ekenin taǵy bir ret dáleldedi.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікірлер(0)

Пікір қосу