Тарих • 03 Тамыз, 2018

Қанағатшыл қария

709 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

1970-ші жылдардың аяғы... Заяат Мәлікұлы деген қария Моңғол елінің Қобда аймағында дүниеден өтті. Ақсақал бес тіл бі­летін сұңғыла, шариғат жолын ұс­танған, оқығаны мен тоқы­ға­­ны көп кісі еді. 

Қанағатшыл қария

Қазақ тілін айт­пағанда, орысша, қытайша, моң­ғолша, ұйғырша емін-еркін сөй­лейтін. Марқұмның туған же­рі – қазіргі Шыңжан өлкесіне қа­рас­ты Жемсары-Шонж маңы. 1930-1940 жылдардың аласапыра­нын­да Қобда бетіне өтіп кеткен екен де, анасы қалып қой­ып­ты. 

Жат елге табаны тиген алғаш­қы жылдары Зәкең «Ақкөл» дей­тін Ресеймен шекаралас сау­да бекетінде орыс кәсіпкерлері аш­қан жүн жуатын көшпелі фаб­рикада жұмыс істеп, тіл үй­рен­ген. Шамамен 1945-1946 жыл­дары Тақай Тәпбайқызы дей­тін апа­мыз екеуі Ақкөлде ша­ңы­рақ көтеріпті. Осы зайыбынан ту­ған үрім-бұтағы қазір түгелдей Қазақстанда өмір сүріп жатыр.   

Ақсақалдың 100 жасқа толу құрметіне орай елдің басшысы Ю.Цеденбал арнайы құттықтау жол­дап, республикалық арда­гер­­лер кеңесінің төрағасы Жам­бы­ның Жәмияны дейтін ге­не­ралды жі­бе­ріп, сый-сияпат көр­­сетеді. Мы­на фотодағы кө­рі­ніс дәл сол сәт­тен түсірілген.  

Осы кездесу барысында генерал: «Ақсақал, қанша мөл­шер­де зейнетақы аласыз?» деп сұ­рапты. Сөйтсе, Заяат ата еш­қа­шан зейнетақы алып көр­меп­ті. Себебін сұраса қария: – Терім сіңбеген арам ақшаны қа­­лай алам, – деп жауап берген. Жо­лау­шы генерал аттанар ал­­дын­­да аймақ басшыларына еске­р­тіп, қарияға зейнетақы тағайындап беруді тапсырады.

Содан үкімет адамдары келіп: «Зейнатақы арам ақша емес, жа­сыңызда істеген еңбегіңіздің өтеуі» десе, ақсақал одан әрі шыр-пыр болып: «Ойбай-ау, ол кез­де істеген еңбегім үшін ай­лық алдым емес пе!» деп бет қа­рат­папты. 

Амалы қалмаған бастықтар мән-жайды таныстыру үшін тап­сырма берген генералға хабар­ласады. Осылай да, осылай, ақсақал ақша алмай жатыр. Со­дан Зәкеңе генералдың өзі сөй­лесіп, жағдайға қаныққан соң «қарияны қинамаңдар» деп ор­та­лықтан ол кісіге арнайы сый­лық жібертеді. Генералдың іл­ти­па­тына риза болған Заяат қария оған  «қарағым, сен де менің жасыма кел», деп батасын беріпті. Құдайдың құдіреті, бата алған  Жамия генерал 2007 жылы 100-ге қараған шағында дүниеден өтті. 

Бертінде естідік, Заяат ата­мыздың анасы да көп жасап Турфан өлкесінде өмірден өтіп­ті. Марқұм өмір бойы «бір кү­ні келер» деп ұлын күтіпті. Күн­де ұйық­тар алдында пештің көмей­іне отын толтырып, үстіне су то­лы шәугім асып қояды екен. «Ұлым шөлдеп келетін шығар, дай­ын тұрсын» деп. Ол, ол ма, кей­уана егер де біреу-міреу «ба­лаң келді, сүйінші!» десе, ұя­лып қалмайын деп, қақтаған ақ кү­містің шетін тесіп, оған жіп өт­кі­з­іп мойнына іліп жүреді екен. Мақ­саты – сүйінші сұраған адамға бер­мек. Бейбақ ана дүниеден өте­рінде күмісті өзімен бірге қо­са жерлеуді өтініпті. О дүниеге бар­ғанда  ұлыма ұшырасармын де­ген үміті шығар... 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»