Аймақтар • 03 Тамыз, 2018

«Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасына Павлодар өңірі қосылды

1028 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елімізде «Денсаулық жолы» атты ұлттық бағдарлама қолға алынды. Бағдарламаның мақсаты – құрамында тұз, қант, әртүрлі майлар бар азық-түліктерді тұтынуды шектеу немесе бас тарту туралы ақпараттандыру. Осы арқылы халық денсаулығын сақтау. Яғни халыққа саламатты өмір салты негіздерін үйретуді одан әрі жалғастыру. Елімізде басталған «Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасына Павлодар өңірі де қосылды. Шалғайдағы ауылдарда бағдарлама барысында терапевт, кардиология, эндокринология, онкология қызметі мен саламатты өмір салтын қалыптастыру қызметтерінің мамандары бар көшпелі жылжымалы медициналық кешендер іске кірісті. 

«Денсаулық жолы» ұлттық бағдарламасына Павлодар өңірі қосылды

Олар арнайы дәрігерлік тексерістер, консултьтациялық кеңестер өткізеді. Қажеттілік туған жағдайда тексерілуге келген тұрғындарды денсаулығындағы кінәратының анықталуына байланыс­ты өңірдегі емдеу мен оңалту ор­та­лықтарына жібереді. 

Мысалы, жуырда Шарбақты ауданы­ның орталығында «Саламатты өмір салтын қолдау орталығы», өңірдегі Қо­ғамдық денсаулық қорғау және Ден­саулық сақтау басқармасының мамандары «Біз саламатты өмір салты үшін» атты денсаулық күнін өткізді. Ден­саулық шеруіне шыққан ауыл тұр­ғын­дары, дәрігерлер, жастар мен мектеп оқушылары «Денсаулық жолы» бағдарламасының мақсатын қолдады. Акцияға қатысушылар «Әркімнің ден­сау­лығы – отбасындағы табыс пен әл-ауқаттың кепілі» деген саламаттылық салтына үндеді. 

Аудан әкімінің орынбасары Ризагүл Негманованың айтуынша, бүгінде аудандық ауруханаға қарасты 5 дәрігер­лік амбулатория, 21 медициналық пункт бар. Ауруханада 32 жоғары бі­лімді дәрігер, 97 орта медициналық қыз­мет­кер­лер еңбек етуде. Сонымен бірге аудан тұрғындарына стационарлық меди­циналық жәрдем, 40 орынды тәуліктік стационар, 53 орынды стационарлық жәрдем беру бөлімдері қызмет көрсетуде.

Шара барысында дәрігерлер аудан орталығындағы орталық алаңда ашылған шағын «Медициналық қалашықта» тұр­ғын­дардың қан қысымын, қандағы хо­лес­терин деңгейін өлшеп, жұқпалы емес аурулардың алдын алу бойынша кеңестер берді. Осы күні жас­тар флешмобтары мен спорттық жарыс­тар өткізілді. Қоғамдық денсаулық қорғау басқармасының мамандары ден­саулыққа пайдалы азық-түлік көрме­сін ұйымдастырды. Тіпті арнайы құрал­дың көмегімен сатып алынатын көк­өністердегі нитраттар деңгейін анық­таудың жолын көрсетті. Ауданда жол­сапарда жүрген біз де таңертең үнемі су ішетінімізді айтып, қан қысымын өл­шетіп, денсаулықты күту жайында біраз кеңес алдық.

– Елімізде басталған «Денсаулық жолы» бір күндік емес. Бұл адамға өмір бойы керек бағдарлама. Өйткені саламатты өмір салтын ұстанғы­сы келетін әр тұрғын күнделікті денсау­лы­ғына жауапты болуы тиіс. Өзіне-өзі қарауы керек. Біздің бұл жолғы шарамыз жұқпалы емес аурулардың алдын алуға бағытталып отыр. Тұр­ғын­­дарға зиянды тағамдар туралы ақ­парат беріліп, тү­сіндіру жұмыстары жүргізілуде. Тұз бен қантты, майлы асты көп қолдану түр­лі ауруларға себеп болатынын айтуда­мыз, – дейді облыс орталығындағы «Са­­ламатты өмір салтын қолдау орта­лы­­­ғының» директоры Тұңғышбай Баймаханов.

Ал облыстық Денсаулық сақтау бас­қар­­масының бөлім басшысы Айгүл Мұ­қышеваның айтуынша, шалғай ауыл­дарға баратын жылжымалы меди­ци­налық кешенде дәрігерлер кеңес беріп, зертханалық зерттеулер жүргізуде. Бір апта ішінде медициналық кешен аудан­ның барлық ауылдарын аралады. 

Биыл өңірде науқастар тегін дәрі-дәрмекпен толық қамтамасыз етіл­ген. Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сы­ның басшысы Ораз Мұқа­шев­тің айтуынша, жылдың басында амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету бойынша бірқатар қиындық кездесті. Қазір 46 ауру түрі бойынша 400-ден астам препарат сатып алынған. Со­ның ішінде арте­риялық гипертония және жүректің ишемиялық аурулары, қант диабеті бойынша дәрілерге қажеттілік орындалыпты. Туберкулез дерті бойынша 2-3 препараттың қоры бар. Басқарма дәрі-дәрмек тапшылығын бол­дырмау үшін 2019 жылға да өтініш беріп қойған.

Дәрігерлердің айтуынша, өкінішке қарай, ауыл тұр­ғын­дарының денсаулығы алаңдатады. Өйткені көпшілігінен арте­риялық гипертензия мен қант диабеті анықталды. Балалар арасында семіздік те байқалады. Артық салмағы бар тұрғындар да аз емес. 

– Осының бәрі денсаулыққа дұрыс қа­рамаудан, – дейді дәрігер Гүлнәр Иманқұлова. Сондықтан дәрігерлер облыс тұрғындарына тұз қосылған тағам­дарды азайтып, таза суды көбірек пай­да­лануға кеңес беруде. Күніне 10 мың қадам жаяу жүрудің пайдасы туралы да айтылды. Облыс орталығындағы №3 емхана дәрігерлерінің айтуынша, таңғы асқа дейін 1 немесе 2 кесе су ішуді дағдыға айналдырсаңыз асқазан, ішек жолдарын тазалайды. 

– Көкөністерді көбірек тұтыну керек. Нан, жарма және макарон өнімдері, күріш, дәнді-дақылдарды күнделікті тұтыну қажет. Йодталған тұзды пайда­лан­ған абзал. Құрамында майы мен тұзы аз сүт және сүт өнімдері (айран, сүзбе, йогурт) күнделікті дастарханда болғаны дұрыс. Жергілікті өндірушілердің азық-түлік өнімдерін сатып алуға басымдық берейік. Өйткені ауылдың дәмі табиғи әрі сенімді, – дейді дәрігерлер.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы, Шарбақты ауданы