Аймақтар • 03 Тамыз, 2018

Маңғыстауда ірі қара мал басы артып келеді

507 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұл туралы ауыл шаруашылығының дамуы жөнінде өткен отырыста айтылды. Қазіргі таңда қала және аудан әкімдіктерінің мәліметіне сәйкес, облыста мал шаруашылығымен айналысатын шамамен 1000 (2017 жылы – 920 шаруа қожалық) шаруа қожалығы бар.

Маңғыстауда ірі қара мал басы артып келеді

Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұлдың айтуынша, оның ішінде: асыл тұқымды мал шаруашылығы бойынша 30 асыл тұқымды мал шаруашылығы субъектісі тіркелген (2017ж.-30 субъект). Қой шаруашылығында – 3 шаруашылық (қой -10 481 бас), жылқы шаруашылығында - 17 шаруашылық (жылқы 3091 бас), түйе шаруашылығында – 8 шаруашылық (түйе -1709 бас) және сиыр шаруашылығында – 2 шаруашылық (сиыр-312 бас) тіркелген. Жалпы алғанда облыс көлемінде асыл тұқымды мал басының саны 15 593 бас болып отыр.

Сондай-ақ, қазіргі таңда облыс бойынша шөп шабу жұмыстарымен 30 бригада айналысуда.

Статистикалық мәліметке сәйкес, осы жылдың 6 айында - ірі қара мал саны – 23 410 бас болып 19,1% ға (01.07.2017 - 19 656 бас), қой-ешкі – 532 708 бас болып 3,7% ға (2017 жылы - 513 026 бас), жылқы – 92 954 бас болып  11,5% ға (2017 жылы - 83 348 бас), түйе – 69 966 бас болып 11,8% ға (2017 жылы – 62 597 бас) болып, барлық мал саны – 719 038 басты – 5,6% (2017 жылы – 678 627 бас) артып отыр.

Қазақстан Республикасында АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасында, жайылымды суландыру мен шалғай жайылымдағы мал шаруашылығын дамытуға баса назар аударылған.

-2017 жылы 1030 гектар жерге, оның ішінде тамшылата әдісімен 800 гектарға көкөніс-бақша дақылдары егіліп, одан 15 800 тонна өнім алынды. Ал биылғы жылы  1100 гектар жерге егін егіліп  16 800 тонна  көкөніс, бақша өнімдері алынады деп жоспарланған болатын, алайда жаңадан қосылған жылыжайлар есебінен бұл көрсеткішті 18 000  тоннаға дейін жеткізуді мақсат етіп отырмыз. Облыста 2016-2017 жылдар аралығында барлығы 20 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Құрылған кооперативтердің бағыты: 1 шұбат өндіру, 3 мал сою, 14 ет, шұбат өндіру және 2 көкөніс-бақша дақылдарын өндіру. Қазіргі таңда 20 кооперативтің 13 жұмыс жасап тұр, 6 кооператив өз жұмысын тоқтатуда, дейді Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл.

Республика бойынша егін шаруашылығын цифрландыру тапсырмасының бірінші кезеңі - өнірдегі егістік алқаптарды цифрландыру бойынша (электрондық картасын қалыптастыру) жыл басынан бері 7 ай ішінде облысымыздың картаға енгізілген аумақ - 1160,08 га (жоспар – 1100 га) құрады, орындалуы - 113%  жетті.

ҚР Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың            2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде кәсіпкерлікті оның ішінде ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында, 2017 жылы облысқа 474,0 млн теңге бөлініп толықтай игерілген болатын. Нәтижесінде 130 адамға несие беріліп, шамамен 219 адам жұмыспен қамтылды.

Биылғы жылға бөлінген қаржы – 1 244 млрд теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда - 3 есеге көбейіп отыр. Егер осы қаражатты толық игерген жағдайда, шамамен 500 адамға несие беріліп, 750 адам жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы