Аймақтар • 05 Тамыз, 2018

Солтүстік Қазақстанда экспедициялық топ өз жұмысын бастады

389 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«National Geographic»–әлемдегі ең беделді ұжымдардың бірі. Негізі ХІХ ғасырда қаланған ұйымның меншігіне бірқатар телеарна, журнал, баспа үйлері кіреді. 

Солтүстік Қазақстанда экспедициялық топ өз жұмысын бастады

Бүгінде  800 миллионға жуық аудиториясы бар басылым 130  жылда 12 мыңнан астам грант бөліп, маңызды ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Журнал әлемнің  38 тілінде шығарылып, 80 елге тарайды. Орта Азияда  бірінші болып Қазақстанда 2016 жылы жарық көріп, мемлекеттік тілде таралатын тұңғыш шетелдік басылым болып табылады.

Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың ұсынысымен өңірге келген «National Geographic Qazastan» халықаралық журналының басшылығы БАҚ өкілдерімен кездесуде экспедициялық топ құрып, тарихи-мәдени орындарды, көрікті жерлерді  аралайтындарын, экологиялық мәселелерді, жан-жануарлар дүниесін зерттейтіндерін, алайда басты бағдар  туризмді насихаттау болып қала беретінін жеткізді.

«Шығармашылық топ теріскейге бірінші рет келіп отырғанына қарамастан іске бірден кірісіп кетті. Фотосуреттер мен бейнетүсірілімдерді жинақтап, ағылшын тілінде түрлі-түсті жинақ шығаруды жоспарлап отырмыз.  Ондағы мақсат–Шалқар, Имантау сияқты аймақтың қайталанбас сұлу табиғаты мен Ботай мәдениеті, Айғаным қонысы секілді тарихи орындарға шетелдіктердің назарын аударту. Топтың құрамында Италиядан арнайы шақыртылған өте тәжірибелі фотограф  Альберто де Мауро бар»,деді  экспедиция жетекшісі  Дәурен Құдайберген алдағы іс-шаралармен бөлісіп. Экспедиция қорытындысы бойынша  арнайы көрме ұйымдастырылып, суреттер  Қазақстан мен Ресей арасында өтетін өңіраралық форумға да ұсынылатын болады. Буклеттер жасалып, жұртшылыққа таратылмақ.

Облыс әкімінің орынбасары  Дәурен Жандарбектің айтуынша  өңірде табиғаты әсем, көрікті жерлер көп болғанымен, оларды насихаттау, таныстыру жағы кемшін. Енді осы олқылықтың орнын толтыруға он адамнан құралған экспедиция сүбелі үлес қосып, туристік әлеуетімізді шетелдіктерге кеңінен  танытады деген сенімде.

Топ мүшелері  14 күнде біржарым мың шақырым жерді жүріп өтіп, жиырмадан астам тарихи нысандарды араламақ.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

 Солтүстік Қазақстан облысы