Медицина • 06 Тамыз, 2018

Берекелі өңірге мерекелік көңіл-күй жарасады

512 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

«Қос орденді Қостанай, табысқан сенде дос талай» деп кешегі өткен заманда халық ән айтатын еді. Оған себеп те жоқ емес-ті. Шақшақ Жәнібек, Ыбырай Алтынсарин, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин сияқты ұлтымыздың марқасқаларын дүниеге әкелген Қостанай облысында бір кездері кен де, астық та, мал да болды. Жыл сайын дерлік өңір мемлекет қазынасына миллиардтаған пұт алтын дән тапсырып отырды. Ет пен сүтіңіз облысты ғана қамтамасыз етіп қоймай, артылғаны алыс-жақын көршілерге де  жөнелтіліп жатты. Соколов-Сарыбай кен байыту комбинатының аты бүкіл республика көлеміне мәшһүр болды. Қостанай мауыты-шұға комбинаты қазіргі заманның тілімен айтқанда, бүтіндей бір клас­терге айналды. Комбинат мата бұйымдар шығарса, қаладағы «Большевичка» атты тігін фабрикасы одан дайын киімдер тікті. Сол сияқты комбинаттың өнімдерін сататын өз дүкені де жұмыс істеп тұрды. Осындай жетістіктердің арқасы болар, Кеңес одағы кезінде облысқа екі бірдей Ленин ордені тапсырылды. 

Берекелі өңірге мерекелік көңіл-күй жарасады

Өкінішке қарай, еліміз тәуел­сіздік алған жылдардан бастап Қостанайдың дәуір­леген даңқы біртіндеп бәсеңси берді. Өйткені еге­мен­діктің елең-алаң шағында «бартер» деген пайда болып, бүкіл мал атаулының түбіне жетті. Айталық, ең нашар деген, бірыңғай дотациямен күн көріп отырған кеңшардың өзінде ол жылдары кем дегенде мыңға тар­та жылқы,  5-6 мың бас ірі қара, 20 мыңнан ас­там қой болса, бүгінде сол малдан тігерге тұяқ қал­ған жоқ.

Тоқсаныншы жылдар­дағы дағдарыстың сал­да­ры­нан миллиондаған гек­тарға егіліп келген астық ал­қаптарының көлемі күрт құл­дырады. Мысал үшін айтар болсақ, ол уақыттары кейбір кеңшарлардың бір өзі ғана 100 мың гектардан астам алқапқа егін егетін. Қостанайда өндірілетін кен­нің негізгі тұтынушысы болып табылатын Ресей өз эко­номикасының тұралауына байланысты қазақстандық шикізаттан бас тартты. Мі­не, осы жағдайлардың бәрі облысқа ауыр соққы болып тиді.

Облыстағы тұрғындар саны­ның кему үрдісі де біраз жайдан хабар беретін тәріз­ді. Мәселен 1999 жыл мен 2011 жылдың арасында облыс халқының саны 1 017 729-дан 879 579-ға дейін кемі­ген. Одан кейінгі төрт жыл­да халық саны 3 мың адамға артқанымен, соңғы екі жылда тағы да 8 мың адам­ға азайып кеткен. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында облыстың ең шағын деген аудандарының халқы 30 мыңға жақындап баратын. Бүгінде негізінен жергілікті ұлт өкілдері қоныстанған Амангелді, Жанкелдин, Науырзым аудан­дарының әр­қайсысының хал­қы­ның саны 20 мыңға да жетпейді.

Дей тұрсақ та, Қазақстан экономикасы жандана бастаған 2000-жылдардың ба­сынан бастап Қостанай өңірінде де қараң-құраң тіршілік пайда болды. Де­генмен, әбден титықтаған шаруа­шылықтарды қайта қал­пына келтіру оңай міндет емес еді. Сондықтан болар,­ облыс­тың әлеуметтік-эко­но­микалық ахуалын жақсарту бағытындағы жұмыстардың айтарлықтай дәрежеде қолға алынғанына қарамастан,  бір кездердегі биік межелерге жету әлі де мүмкін бола алмай отыр. 

Таяуда Қостанайда болға­нымда, атқарылып жатқан оң­ды іс-шараларды көріп көңіл тоғайды. Қалада құрылыс жұ­мыс­тары жап-жақсы қар­қынмен жүргізіліп жатыр екен. Бұлай дейтінім, бір заманд­ары тұрғын үй, басқа да құрылыстар салу­дан елімізде алдыңғы орын­дар­дың бірін иеленген Қос­танайда соң­­ғы жылдары бұл сала да едәуір саябырсып қал­ған бола­тын.

Негізінен коттедждер тұр­ғызылып (оларды да қалталы азаматтар өз күштерімен салып жатыр), көп қабатты үйлердің бой  көтеруі Қазақстанның басқа өңірлерімен салыс­тырғанда тым сылбыр дамыды. Соңғы жылдары сол олқылықтың орнын толтыру бағытында талпыныстың бар екендігі байқалады. Соның нәтижесі шығар, бір кездері құлазып бос жатқан «екінші Қостанай» деп аталатын аймақта бүтіндей бір шағын ауданның пайда болып келе жатқанының куәсі болдық.

Дәл осы жерде тұрғызылған аумағы атшаптырым болатын «Қостанай плаза» деп ата­латын супермаркет те халыққа қазіргі заман талабына сай қызмет көрсетіп тұр екен. Бұған дейін де қалада ірі-ірі сауда орындары пайдалануға берілгенін ескерсек, жаңа супермаркет солардың қатарын толықтыра түскен сыңайлы.

Оның сыртында қала көшелері тәртіпке келтіріліп, жаңадан асфальт төселуде. Бұл аз десеңіз, қа­ла­да УЕФА стандарттарына жауап беретін, биіктігі шамамен тоғыз қабат үйдей еңселі болатын футбол аренасы салынып жатқаны туралы жағымды жаңалықты да естіп қуанып қалдық. Егер осы қарқынынан танбаса, соңғы уақытта дамуы тежеліңкіреп қалған қаланың бойына қан жүгіріп, келбетінің көркейе түсер күні де алыс емес.

Біз Қостанайдағы құры­лыс барысын жайдан-жай әңгімелеп отырған жоқпыз. Бір замандары облыс құры­лыс салудан республика­да алдыңғы қа­тардан көрі­не білді. Оған қалада те­мір-бетон бұйымдары ком­бинатының жұмыс істеуі де өз септігін тигіз­гені анық.­

Ең үлкен автовокзал­ (Алматыдан кейінгі) мен көз тартатын темір жол вок­залы да қалада сонау 1970-1980 жылдары бой көтерді. Кинотеатрлар мен мәдениет үйлері де өзге қалалардағыдан артық болмаса кем болған жоқ. Ең бас­тысы, қала өте таза, тұр­ғын­дардың өмір сүруі үшін мейлінше қолайлы болатын. Соған орай шаһарда қоғамдық тәртіп те жақсы болды.

Сөз орайында сүтті ұн­тақ­тан езіп ішіп, ет пен же­міс-жидекті сырттан тасымалдап отырған қазіргідей шақта облыстың ауыл шаруашылығын дамытуға сұранып тұрған өңір екенін ес­ке сала кету де артық емес. Оған жоғарыда өзіміз аз-мұз тоқталып өткен бұрнағы жылдардағы көрсеткіштерге назар аудара отырып та көз жеткізуге болады. 

Кезінде біз де осы қалада оқыдық, өмір сүрдік. Қаладағы ас­ха­­на­ларда тағам түрлері дегеніміз молынан болатын. Әсі­ресе  жайлауда жүрген малдан алынған қаймақ пен сүт адам­ның тілін үйіретін. Несін жасырамыз, қазіргі уақытта облыстағы мал өсі­руге де, бау-бақша өсіруге де қолайлы ұлан-байтақ жерлер қаңырап бос жатыр. Оны да өзіміз әрілі-берілі өткенде жыл сайын көріп жүрміз. Мәселен Қостанай қала­сы­нан Арқалық қаласына дейін шамамен алғанда 450 шақырымдай жер.

Міне, дәл осы аралықты жүріп өт­кенде жолшыбай жайылып жүрген бір аша тұяқты кез­дестірмеуге болады. Осы орайда ауыл шаруа­шы­лығы неліктен кенжелеп қалып отыр, оны алға бас­тыру үшін не істеу керек деген сауалдың туындауы әбден мүмкін. Бұл үшін бар болғаны мемлекет тарапынан лайықты қолдау көрсетілуі керек, яғни арнайы субсидиялар бөле отырып, мал бордақылау алаңдары  мен тауарлы-сүт фермаларының санын арттыру қажет. Сонда ғана Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығын эконо­миканың драйверіне айналдыру керек деген талабы нақты жүзеге асатын болады.

Әрине, бұл айтылғандарға қарап Қостанай топырағында ауыл шаруашылығы мүл­де тұралап тұр деген ұғым­ тумауы тиіс. Облыс көле­мінде «Каркен» ЖШС, «Алтын­сарино», «Қара­су ет» сияқты жап-жақсы же­тістіктерге қол жеткізіп жүрген мақтау­лы ауылшаруашылық құрылым­дары бар. Сол сияқты Сачиков ауылында тауарлы-сүт фермасының ашылғанынан да құлағдармыз.

Бірақ ұлан-­ғайыр территорияны алып жатқан облыс үшін жоға­рыдағыдай санаулы шаруа­шылықтардың теңізге тамған тамшыдай ғана әсер ететінін де мойындау қажет. Рас, облыстың оңтүстік аудандарында мал өсіріп отырған жекелеген адамдар бар. Өкі­нішке қарай, облыс халқы олар­дың малынан алынған өнімнің игілігін көре алып отырған жоқ.

Өйткені тым шалғайда жатқан елді мекендерден өнім жеткізу өте қиын міндет болып тұр. Сондықтан олар да қолындағы малдарын саудагерлерге тірі салмақта сатып, күнкөрісін айырудан әріге бара алмай отыр.

Осы ойдың орайында бір еске­ретін жайт, әр өңірдің өзіне тән ерекшеліктері бар.­ Қазақстанның батысы мұ­­найы­мен және газымен өркендеп жатса, ондай қаз­ба байлығы жоқ Қостанай сияқ­ты облыстардың ауыл ша­руа­шылығын дамытуы тиіс екендігі еш күмән тудырмауы тиіс. Әсіресе азық-түлік қа­уіпсіздігі проблемасы әлемдік қа­уымдастықты алаңдатып отыр­ған қазіргі шақта мұның өзі дер кезінде қолға алынған өте маңызды іс болар еді.

Тек осындай мүм­кіндіктерді пайдалана отырып қана Тобылы мен Торғайы тулап аққан, жаға­лай қарағайлар көмкерген берекелі мекен Қостанай аты­ра­бының мерекелік көңіл-күймен өмір сү­ретініне үлкен үмітпен қарауға болады.

Сейфолла ШАЙЫНҒАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»