Өнер • 06 Тамыз, 2018

Алтын аяқтан су ішкен ақсақал

2138 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанаға Дәбей ақсақал келген. Ақын, жазушы Ырысбек Дәбейдің әкесін Алматыда бір-екі рет көріп, әңгімесін тыңдағанмын. Ескінің адамы ғой, Алтайдың аңызын, қисса-дастандарды жадынан өшірмей сақтап келе жатқан қарттың әңгіме айту мәнері де көпке ұқсамайды. Біз ұйып тыңдаймыз. Тыңдаушысын тапқан атамыз, өзі де ақынжанды кісі, шабыттанып кетеді. 

Алтын аяқтан су ішкен ақсақал

Астанадағы ағамыздың үйіне келетінін естіп, әдейі сәлем бе­рейік деп бардық. Бірқыдыру әңгі­ме айтылды. Дастарқанға бата жасалып, сыртқа шығуға ыңғай­­ланғанымызда қолына таяғын алған ақсақал: «Бұл таяқ­қа бай­ланысты бір оқиға айта ке­тейін» деп сәл бөгелді.

– Атажұртқа көшіп келген соң, Мақаншыдағы Көктерек ауылында екі-үш жыл тұрып, Жансүгіровке көштік. Сонда бір жамағайынымыз бар еді.  Ырысбектің «Құлағыңызға сыбыр­лайыншы» дейтін әң­гіме­сіндегі кісінің балалары. Сол: «Көшіп бара жатырсың. Мені ұмытып кетерсің. Мына таяғымды ұстап жүр. Қолыңа алған сайын мен есіңе түсермін» деп берген. Содан бірнеше жылдан кейін Алланың қалауымен осы таяқты ұстап Меккеге бардым. Қонақ үйге орналасар күні, есік алдына ұмытып кетіппін. Ертесі есіме түскен соң, жанымдағы ұйымдастырушы жігіттерге іздеттіріп едім, таппай келді. Қош дедік. Содан жұма күні жайнамазымды қағбаға қаратып жайып, намаз оқығалы тұрғанымда бір қарт адам таяқ ұстап  келе жатыр екен. Жақындағанда аңғарсам, менің таяғыма ұқсас. Е, таяқ деген ұқсай бермей ме дедім. Басқа жаққа емес, тура менің жаныма келіп, ол да жайнамазын төсеп, таяқты ортамызға қойып отырды. Анықтап қарасам, өзімдікі. «Мына таяқ менікі еді» деп айтуға тағы ұялыңқырап: «Ақсақал, таяқ өзіңіздікі ме?» дедім.

– Жоқ, осыдан бес-алты күн бұрын бір жігіттер тауып алдық деп әкелген соң, ұстап жүрмін, – деді.

– Бұл менің таяғым еді, – деп едім:

– О, Алла, Меккеде бір сабақ жіп жоғалмайды деуші еді. Міне, алыңыз, – деп өзіме қайтарды. Миллион адамның ішінен жоғалмай, бұйырып келе жатқан таяғым осы. Сендерге әңгіме болсын, – деп ақсақал үйден шыға берді.

Дастарқан басында өлең оқы­лып, ақсақалдың жас кү­ніндегі әңгімесін тыңдап әсерленіп шыққан бетіміз еді. Бұл оқиға да ерекше толқытты. Әр нәрседен жақсылық тауып, әр жаратылыстан хикмет сезетін осы кісілердің ізгі қасиетін жоғалтып алғандаймыз. Біздің сезімдеріміз де өзгеріп кеткендей. Қытайда тұрғанында халық жауы деп, түрмеге түсіп, алдына «жау» деген жазуы бар тақтай ілініп, басына қағаздан қалпақ кигізіп, көше аралатқанда да Тәңіріне бір наразы сөз айтпаған Дәбей қарттың: «Өлмеген құл алтын аяқтан су ішер» деген. Түрмеде таяқ жеп, бас жарылып, қан ақты. Өлген жоқпыз. Меккеге барып, зәмзәм іштік. Алтын аяқтан су ішкен деген сол емес пе?!» деген сөзі, енді, көңілден кетсеші.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»