Тарих • 06 Тамыз, 2018

Тарбағатайдан тоналмаған екінші Алтын адам табылды

5654 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы жайлауында жүргізілген қазба жұмыстары нәтижесінде тоналмай, бүтін күйінде сақталған екінші Алтын адам табылды. «Екінші Алтын адам» деп отырғанымыз, 1969 жылы археолог Кемел Ақышев тапқан Алматы облысындағы Есіктегі Алтын адамнан кейінгі табылған Алтын адамдардың барлығы тоналған болатын. Арада жылжып жарты ғасыр өткенде табылған құнды жәдігер бүгін Өскемендегі облыстық тарихи-өлкетану музейінде БАҚ өкілдерінің назарына ұсынылды.

Тарбағатайдан тоналмаған екінші Алтын адам табылды

Елеке сазы жайлауындағы қазба жұмыстарына жетекшілік еткен археолог Зейнолла Самашев Алтын адамның ер кісі болғандығын, жас мөлшері 17-18-дерде, өмір сүрген кезеңі біздің заманымызға дейінгі 8 ғасыр екендігін айтады. Демек, бұл Алтын адам мен Есіктегі Алтын адамның арасында үш ғасыр айырмашылық бар.

Бір ғажабы, Тарбағатайдан табылған Алтын адамның өне бойы тұтастай алтынмен апталған деуге болады. Бас киімі, ондағы құлақшын, үстіндегі киімнің өңірлері, оң жақ беліндегі қанжарының қабы, сол жақ беліндегі қорамсағы түгелдей бұғы, барыс, қабылан стиліндегі алтын әшекейлермен безендіріліпті. Аяғындағы етігі ұсақ алтын моншақтармен әдіптеліпті. Қорамсақтың ұзындығы 1 метрге жуықтаса, мойнындағы сом алтыннан иіп жасаған алқасының салмағы бір келі тартатынын айтады археологтар. Қорамсақ ішіндегі жебе қалдықтары мен оны иыққа ілетін қайыстарының әшекей бұйымдары да жақсы сақталыпты. «Құнды жәдігер бұған дейін ашылмай келген көп жұмбақтарды ашуға мүмкіндік береді. Біріншіден, сол заманда материалды өңдеу технологиясы өте жоғары болған. Алтындардан көзге әрең көрінетін бұйымдар жасау оңай шаруа емес. Мұның артында үлкен өндіріс жатыр. Екіншіден, 8 мың жыл бұрын өмір сүрген халықтардың тұрмысы, діни нанымы, жерлеу рәсімі, немен қоректенді, ауа-райы қалай болғаны туралы құнды мағлұматтарға қол жеткіземіз. Бұрын тоналған Алтын адамдарға қарап отырып жалпылама реконструкция жасалды ғой. Мұнда бәрі сақталған. Болжам емес, тікелей жауап аламыз. Днк-сын шығарамыз, бет-бейнесін жасаймыз. Днк-сына расшифровка жасап, басқа Алтын адамдардың Днк-сімен салыстырып, ұқсастығын немесе айырмашылығын анықтаймыз. Алтынның құрамына химиялық сараптама жасап, бабаларымыздың алтынды қай жерден алып, өндіргенін де анықтауға болады», - дейді З.Самашев.

Ерекше назар аударар дүние, Алтын адамның шықшытынан алтын түтіктің шығуы. Мәскеуден Шығыс Қазақстанға арнайы келген антрополог ғалымдар бұл түтік Алтын адамның денесін мумиялау үшін пайдаланылған болуы мүмкін деген болжам айтуда. «Мүрденің ер адам екені анық. Қалай көз жұмғанын айту қиын. Жарақат алмаған. Бір ерекшелігі, сүйектері бірнеше жерден тесілген. Әлеуметтік мәртебесі жоғары адам қайтыс болғанда қоштасу үшін осылай жерлеген. Көшпенділер алып аумақты жайлағаннан кейін басқа жақтағы адамдар да қоштасу рәсіміне қатысуы үшін мүрдені бұзбай сақтауға тырысқан. Мумиялау үшін ішек-қарнын сылып тастап, әртүрлі шөптер мен сұйықтықтарды қолданған болуы керек», - дейді Ресей Ғылым академиясы этнология және антропология институтының қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Егор Китов. Антропологтың болжамынша, Алтын адамның бойы 170 сантиметр шамасында.

Өскемендегі тарихи-өлкетану музейінде өткен Алтын адамның таныстырылымына келген облыс әкімі Даниал Ахметов құнды жәдігерді көргенде таңданысын жасыра алмады. «Бойыңды мақтаныш сезімі кернейді. Біздің бабаларымыз қандай болған? Олар ұшы-қиырсыз кең далада көшіп қана жүрмеген, үлкен білім, парасат иесі болған. Мал бағуға емес, ең әуелі білімге, ғылымға ерекше мән берген. Жоғары технологияны меңгерген. Тоналмай, бүтін күйінде бізге жеткен Алтын адам соның айқын айғағы. Тарихтың жаңа парағы ашылды деуге болады», - деп тебірене сөйлеген аймақ басшысы құнды жәдігерге реставрация жасалатынын, Алтын адам табылған Елеке сазы жайлауындағы аумақ қоршалып, мемлекет қамқорлығына алынатын, күзет қойылатынын жеткізді.

Реті келгенде айта кетейік, 2016 жылы Д.Ахметовтің бастамасымен археологияны дамытудың 2016-2018 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы қабылданып, Катонқарағай ауданындағы Берел, Зайсан ауданындағы Шілікті қорғандары, Ұлан ауданындағы Аблайкит қорған-монастырі, Тарбағатай ауданындағы Елеке сазы мен Абай ауданындағы Қырықүңгір ескерткіштері зерттеліп, зерделенген еді. Сол жылы жас археолог Ерден Оралбай Елеке сазы ескерткіштеріне алғаш болып қазба жұмыстарын жүргізіп, бұл аумақта 300-ге жуық қорғандар бар екендігін анықтап, ғылыми айналымға енгізген болатын.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Суреттерді түсірген – Тілеубек ШАЯХМЕТ