Аймақтар • 06 Тамыз, 2018

Министр мен спортшылар салт атқа мініп, туризмді насихаттады

793 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жетісудың Үйгентас өңірінде «Жамантас» атты жайлау бар. Теңіз деңгейінен өлшегенде 2500 метр биікте екен.

Министр мен спортшылар салт атқа мініп, туризмді насихаттады

Осы жалпақ құба жон өзара жалғаса келе Жоңғар Алатауына жымдасып бітеді. Айнала жасыл әлем. Тау басында өскен қарағай, аршадан көз тұнады. Мыңсан түрлі дәрілік шөп те аяқ астында өседі. Жазы салқын, коңырсамалды аумақ. Таудың арғы етегі – Қытай елі. Қырды қуалап мемлекеттік шекара өтеді. Қырағы шекаршылардан бөлек мал баққан шаруаның шұбаған ізі сайрап жатыр. Мыңғырған мал. Қысқасы, қазақтың ертеден әнге қосқан «Белжайлауы» осы шығар...

Қазір бұл жайлауды Жыланды, Лепсі ауылының малшылары жайлап отыр. Осы өлкенің өрені, «Жерсу» корпорациясының президенті,  белгілі мецанат Бауыржан Оспановтың асыл тұқымды жылқы шаруашылығында мың басқа жуық күлік бар. Мұнан бөлек табын-табын сиыр да өсіп жатыр. Түйе түлігі де осы маңды жайлаған. Аяқты мал қарашаның ызғары қонып, қар қалыңдағанша «Жамантаста» жайылып, қыстамаға келеді. Тау суық болғанымен, «Жамантастың» қысы малға жайлы дейді жылқышы қауымы. Жануарлар қыстан азығын теуіп тауып, өлең шөпке ауыз былғамай еркін шығады екен. Содан болар қоңын жоғалтпаған малдың өнімі де мол болмақ. Ет пен сүт өндіруге таптырмайтын жол. Мұның сыртында, табиғи азықпен қоректенген жылқы жүрсіке шыдамды, қуатты келеді екен. Салт жүрісте шалдықпайды. Әдетте таза қанды, яки араб тұқымынан шыққан жануарлардың тұяғы таулы өлкеде тасырқап, еңісті әрі биік жолдарда 2 сағаттан артық жүріске шыдамайды. Ал қазақтың төл тұқымынан тараған жабылар дәл осы «Жамантас» жонында сағатына 10 шақырым жерді еркін игере алады. Көзіміз жеткесін айтып отырмыз...

Жақында Бауыржан Оспановтың шақыруымен бір топ азамат Лепсі ауылына ат суытып, ары қарай тау жолымен сейіл құрды. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бастап, Алматы облысы әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қостаған салт аттылыар шеруі 50 шақырымға созылған тау жолымен жүріп өтіп, «Жамантас» жайлауына жетіп бел жазды. Салт атқа мініп, сейіл құрғандар арасында қазақтың әйгілі спортшылары да болды. Боксшы Қанат Ислам, аралас жекпе-жек жеңімпазы Арман Оспанов, Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаев, күміс жүлделі чемпион Нұрбақыт Теңізбаев сияқты жігіттер тақымындары тиген атпен тау бөктерлеп жүріп өтті. Және бұл сейілдің маңызы мен мәні бөлек болды. Қазір тұтас еліміздегі сияқты Жетісу өңіріде де туризмді дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ал көңілді демалыс іздеп, табиғатқа құмартқан адам үшін тау туризмінің түрлі жолдарын ұсыну қажет. Өткенде Алакөлдің жағасында дуатлоннан жарыс өткен болатын. Сол кезде жанкүйерлер мен ұйымдастырушылар тарапынан «Неге салт атпен серуендеп, тау арасында демалатын маршруттар ашпасқа?» деген тілек айтылған еді. Кәсіпкер Бауыржан Оспанов қағілездік танытып, сол мақсатқа жол ашуға кірісіпті. Бұйырса, Жетісудың Алакөл өңірі тек жағажай туризмінен бөлек тау арасында атпен серуендеуге қызыққан адамдар үшін жаңа демалыс орынына айналады. Экологиялық туризмнің фанаттары үшін дәл осы «Жамантас» жайлауындағыдай тұмса табиғатқа көз қандырып, қазақтың қымызы мен сірне-қуырдағына қарын тойдырып қайтудан артық рахат болмас еді. Ал атқа мінудің жөні тіптен бөлек. Тазы жүгіртіп, құс ұшыратын дәстүрлі аңшылық жолын да жаңғыртуға мүмкіндік бар.

- Қазақты ат үстінен көрудің өзі бақыт қой. Әрі ұлттық дәстүрді ұлықтау мен саламатты өмірдің салтын ұстанудың таптырмайтын жолы ат спортын дамыту. Біз бұл жерде кәсіби спорттан бөлек, көңілі қалаған әрбір адамның атқа мініп, табиғатта серуендеуіне мүмкіндік беретін бұқаралық бағытты қолға алып отырмыз. Оған бізде барлық жағдай бар. Адамдарды қызықтырып, құлақтандырып осындай демалыс түрлерін дамытпақшымыз, - деді шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Алматы облысы

Суреттерді түсірген Жеңіс Ысқабай

Соңғы жаңалықтар