Медицина • 07 Тамыз, 2018

Көлік жүргізушілерін даярлаудағы кілтипан

890 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Жол бойындағы жантүршігерлік апаттың күн өткен сайын көбейіп келе жатқандығы қоғамда алаңдаушылық туғызуда. Әр апаттың артында қаншама қайғы-қасірет, адам тағдыры бар. Бейресми деректерге сүйенсек республика бойынша жыл сайын жүз мың тұрғынға шаққанда, 3 мың адам жол апатының салдарынан өмірден өтеді екен. 17 мыңға жуық адам апат салдарынан мүгедек болып қалады. Елімізде жол-көлік оқиғасының кесірінен 30 мыңға жуық адам ажал құшқан.

Көлік жүргізушілерін даярлаудағы кілтипан

160 мың адам әртүрлі дене жарақаттарын алған. Ел аман, жұрт тынышта қаншама отандастарымыз опат болып жатыр. Бүкіләлемдік банктің сараптауына қарағанда, Қазақстандағы жол апатынан ішкі жалпы өнімнің бір жарым проценті шамасында зиян келтіріледі екен. Материалдық және әлеуметтік шығын 600 миллиард теңгенің төңірегінде. Егер еліміздің қаржы көп жұмсалатын қорғаныс саласына жыл са­йын 200 миллиард теңге қаржы бөлінетінін ескерсек, жол-көлік оқиғасынан келетін зиянның көлемі оқырманға түсінікті болар еді.

Осынша қайғы шегіп, зиян тартып отырғанымызбен, нашар көлік жүргізушісін дайындағаны үшін әлі бірде-бір жүргізуші да­йындайтын мектеп немесе осы іске жауапты қызметкерлердің жауапқа тартылғандығын ес­ті­ген емеспіз. Бұрын көлік жүргі­зушілерін даярлайтын оқу орын­дары республиканың Білім және ғылым министрлігінің қара­ма­ғында болатын. Министрлік өз кезегінде әрбір категория бо­йын­ша бағдарлама түзіп, оқыту әдістемесін құрып, жаңа­ғы мектептің материалдық-тех­ни­калық базасын толық зерт­тегеннен кейін ғана лицен­зия беретін. 2007 жылдан бастап көлік жүргізушілерін оқытатын мектептер жол-көлік полициясына берілді. Биыл жаңа тәртіп бойынша оқу ұйымдары ғимарат пен қажетті құрал-жабдықтарды жалға ала алады. Енді шынын айтқанда, пайда көздеген әлдекімдер өздерінде материалдық-техникалық база болмаған соң, автодромды жалға алу туралы жалған құжат жасай салуы да әбден мүмкін.

Біз осы шетін оқиғалардың себебін анықтағымыз келді. Білетіндердің айтуына қарағанда, жол-көлік оқиғаларының себебі мен салдары сан алуан. Оның ішінде ең бастысы, көлік жүр­гі­зушілерін даярлаудағы жібе­ріліп отырған олқылық.

Облыс орталығында орта мек­теп­тердің жоғары сынып оқу­шыларына кәсіби білім беру бағытында бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, жүргізуші маман­дығына оқытылады. Жалғыз жүргізуші ғана емес, ертең тір­ші­лікке қажетті әрқилы кәсіп игеріледі. Әр оқу жылында кө­лік тізгінін ұстауға тілек білді­ретін оқушылардың саны 500 мыңға жетіп жығылады. Әрине, оқушылардың орта білім алуы­мен қатар белгілі бір кәсіпті меңгеріп шығуына еш қарсылық жоқ. Бірақ бұл арада айта кететін бір дүние, «ВС1» категориясы бойынша дайындалатын жаңағы 15 топтың құрамындағы жарты миллионға жуық оқушы кәсіби білімді қандай деңгейде алып жатыр? Міне, барлық мәселе осында. Көлікті жүргізіп үйренуге небәрі 8 автокөлік бөлінген. Оның екеуі «ЗиЛ» және «ГАЗ-53» жүк көліктері.

– Біз өз тәжірибеміз бойын­ша оқушылар тобындағы әр адам­ның дәйекті түрде тәжірибе жинақ­тап, білім алуы үшін топ­тағы 30 оқушыға кем дегенде үш автокөліктің қажет екендігін білеміз, – дейді «Арбакеш» ак­ционерлік қоғамының құрыл­тай­шысы Өтеген Кәрімов. Демек, оқу-өндірістік комбинаты оқу курстарындағы оқушыларды толық қамтамасыз ету, олардың шеберліктерін жетілдіру үшін кем дегенде 37 автокөлік қажет.

Бұл мәселенің бергі жағы ғана. Қазбалай берсеңіз, бір жоқ­­ты бір жоқ түртіп, түпсіз тұң­ғиыққа тереңдей түсер еді. Енді облыс орталығындағы авто­көлік жүргізушілерін даяр­лайтын курстар мәселесіне ке­лейік. Кешегі кеңес заманында «Казавтомотолюбитель», «ДОСААФ» және Көкшетау оқу комбинатын қосқанда көлік жүр­гі­зушілерін дайындайтын небәрі үш арнайы оқу орны болатын.

«Арбакеш» АҚ құрыл­тай­шысы Ө.Кәрімовтің айтуынша, барлық оқу орындарында оқытқан шәкірттеріне куәліктерін өздері тапсырады. Өйткені, олар жалғыз білім тәжірибесіне ғана емес, шәкірттерінің моральдық-психологиялық байыптылығына да жауапты. «Мысалға дейік, әуе училищесінде ұшқыштарға дип­ломды училищенің өзі береді ғой», дейді ол.

Шынында да, тәжірибелі маман пікірінің жаны бар сияқты. Әйтпесе, қазір рұқсат беретін әрі бақылайтын орган – Ішкі істер министрлігі. Куәлікті де беретін өздері. Бәлкім, қаптап кеткен жол апатының түпкі себебінің айтылмай тұрғаны осыдан ба екен?

Бүгінде Көкшетауда 19 көлік жүргізушілерін дайындайтын мектеп жұмыс істейді. Егер жүргізушілерді дайындайтын мектептер түлектеріне куәлік тапсырғаннан кейін алғашқы жарты жылда олардың кәсіби шеберліктеріне жауап беретін болса, осы білім ошақтарының қақ жартысы жабылып қалуы да әбден мүмкін. Өйткені, көбінде материалдық-техникалық база­ әл­сіз. Тәжіри­бе өткізетін алаңқайлары жоқ.­ Мұндай тәжірибелік алаң­­қайлар ертеден жұмыс іс­теп ке­ле жатқан жоғарыда атал­ған үш ұйымда ғана бар.

Сондай-ақ сападағы салғырт­тық оқу бағдарламасына да тіке­лей қатысты. Жүргізушілерді дайындайтын мектептер Білім және ғылым министрлігіне қарап тұрған кезде арнайы түзілген бағдарлама болатын. Қазір де бар. Бірақ жаңғыртуды қажет етеді. Өйткені жыл сайын жол жүру ережелеріне бірқыдыру жаңалықтар енгізіліп жатыр ғой. Сонымен қатар тағы бір қи­сынға келмейтін дүние – «Д» ка­тегориялы жүргізушілерді дайын­дау мәселесі. Шынын айт­қанда, қазір ешбір мектеп ол санат бойынша дайындап жатқан жоқ. Жолаушылар тасымалдау саласында жұмыс істейтін жүргізушілер ілкіден келе жатқан аға буынның жұқанасы. Мысалы, көлік жүргізушісі мамандығын қалаған азамат 18 жасқа толғанда «С1» категориясын алады. Ал «С» категориясын алу үшін 21 жасқа толуы керек, оның ішінде «С1» категориясымен бір жылдан кем емес жұмыс өтіліңіз болуы шарт. «Д» категориясын алу үшін алдымен «Д1» категориясына қол жеткізуіңіз қажет. Осы категориямен үш жыл жұмыс істеуіңіз керек. Оның ішінде «С1» категориясымен жұмыс істе­ген бір жыл еңбек өтіліңіз талап етіледі. Содан соң барып 25 жас­қа толғанда, еңбек өтіліңіз бес жыл болғанда «Д» категориясын ала аласыз. Онда да «Д1» категориясымен жұмыс істеген еңбек өтіліңіз үш жылға толуы шарт. Бірақ осыған көп жастардың шыдамы жетпейді. Өйткені бұл соншалықты қиялдайтын, армандайтын қасқалдақтың қанындай қат мамандық емес қой. «Мен ертең автобус тізгініне отырамын» деп алдына мақсат қойып, кім соншама жыл жүре алады. Міне, сондықтан да қазір облыс орталығындағы жолаушылар тасымалдайтын ұжымдар автобус жүргізушісін таба алмай отыр. Қазір еңбек етіп жүргендер бұрыннан келе жатқан аға буын өкілдері.

Жүргізушілерді оқытудағы тағы бір мәселе, куәлік алғысы келген адамның арнайы мектепте оқымай-ақ, өздігінен да­яр­лануы. Мамандардың айтуына қарағанда, бұл да жеріне жете ойластырылмаған әдіс. Әрине, оның да адамның уақытын үнем­деу, қол жетімділігін көбейу тұрғысында да оңтайлы жақтары болуы мүмкін шығар, бірақ көлік жүргізу, жауапкершілікті қажет етеді. Сондықтан өздігінен оқып, жүргізуші куәлігін алуға аталған саладағы мамандар қарсылық білдіреді.

Осы орайда жүргізушілер дайын­дайтын мектепке иелік етіп отырған «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігі туралы айта кеткеніміз жөн. Бірлестік 85 жыл бұрын құрылған. Еңбек майданына елеулі үлес қосқан, тарихы мен тағылымы мол. Ақмола облыстық «Отан» республи­калық қоғамдық бірлестігі алдымен тракторшылар дайындаған. Тіпті соғыс кезін­де ол трактор­шылар майдан дала­сында тан­кист ретінде Отан қорғау жо­ры­­ғына да қатысқан. Одан бе­ріде тыңға жорық бас­талған шақ­­та жүргізушілер даяр­лау­ға көшкен. Жалғыз жүр­­гізу­шілерді ғана емес, толып жат­қан техникалық мамандар да­йын­даған. Бүгінде де «А», «В», «В1», «С», «Е» категориялары бойынша жүргізушілер даярлауда. Алайда «Д» категориясы бойынша автобус жүргізушілерін даярлауға қауқарсыз. Өйткені олардың курсанттарды үйретуге қажетті автобустары жоқ. Ал өзге материалдық-техникалық базасы әріптестерінің көпшілігіне қарағанда көш ілгері. Қазір жылына жүзден астам жүргізуші даяр­лап шығарады. Жол ережесін үйрететін, машина құрылымын, тәжірибелік сабақтарды оқыта­тын пән кабинеттері толық жаб­дық­талған.

– Өзге әріптестеріміздегі ахуал ­туралы айта алмаймын. Біздің жұ­мысымыз өз ісімізге берік бо­лу,– дейді бірлестік төрағасы Виктор Юха. «Оқу мерзімі әр­қай­сысының қандай категория алатынына байланысты. Мысалы, «В,С» категорияларына жүргі­зушілерді 5 ай, «С1» категориясы бойынша 3,5 ай дайындаймыз», дейді ол.

Өздерінің автодромдары бар бірлестік те негізінен жүргізу­шілік шеберлігі тынымсыз ма­­шық­­пен қалыптасатынын ай­та­­ды. Мысалы «В» категория­лы жүргізушіні даяр­лау үшін 57 жұмыс күні керек. Егер топ­та 30 адам болса және оқу мер­зімі 8 сағат болатын болса, бір оқушыға қанша уақыт көлік тізгін­деу қажет екендігі өз-өзінен бел­гілі болады. Орташа есеппен алғанда, оқушының арнайы тренажерда жаттыққан уақытын қоса есептегенде, 40 сағатқа тарта уақыт керек. Демек, әр топқа 3 арнайы машина қажет болады. Ал мұндай мүмкіндігі жоқ оқу орындары жүргізушілерді қалай дайындап жатыр?

Облыстық әкімшілік поли­ция­сының тіркеу-емтихан бө­лім­шесі қызметкерлерінің айтуына қарағанда, жол-көлік оқиғалары орын алған кезде көлік жүргізушілерінің білік­тілігі сараптама жасалып, талдана бермейді. Бүгінгі күні облыста жүргізушілер дайындайтын 62 мектеп жұмыс істейді. Солардың арасынан «Арбакеш», «Отан», «Казавтомотолюбитель» ұжымдарының жұмыс сапасын жақсы қырынан көрсетуге әбден болады.

– Бұл ұжымдардың оқушы­ларының білім сапасы, жүргізу тәжірибесі емтихан кезінде кө­рініп тұрады, дейді аға инспектор Аслан Буканов. Ең қиын мәселе ортақ республикалық ба­заның болмауы. Бізде 2002 жылдан бастап осындай база жұмыс істеп еді. Мәселен, Қызылордада оқыған азамат бізде емтихан тапсыратын болса, әлгі база арқылы қайда оқығанын көруге болатын. Қазір қаржы тапшылығына байланысты база жұмыс істемей тұр. Желтоқсан айының бірінен бастап халыққа қызмет көрсету орталығына беру туралы ме­мо­рандумға қол қойылды. Ал бүгінгі көтеріліп отырған мәсе­леге байланысты айтар болсақ, біз көлік жүргізушілерін даярлайтын мектептерді тексере алмаймыз. Біздің жұмыс − емтихан қабылдау» дейді ол.

Міне, қаны шығып тұрған тақырыпты қаузағанда, екшеп алғанымыз осы. Әзірге жүргі­зушілер даярлаудың бет алысы осындай. Шаруасы шашетек­тен іс оңалғанша, қанша уақыт өтер екен. Ал өмір оған қа­рап тұр­майды ғой. Құдды жыл­дамдығы жоғары жеңіл көлік­тердей зымырап өтіп жатыр. Сол зымыраған дүниеде жолыңыз болсын, жолаушы!

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы