Саясат • 07 Тамыз, 2018

Қазақстан – АҚШ:Экономикалық әріптестіктің жаңа белесі

216 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақстанның Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың АҚШ Мемлекеттік хатшысы Майкл Помпеоның шақыруымен Діни сенім бостандығын насихаттау жөніндегі бірінші министрлік конференциясына қатысу үшін Вашингтонға барғанын осыған дейін хабарлағанбыз. Сапар аясында Қ.Әбдірахманов жетекші америкалық компаниялар мен корпорациялардың басшыларымен кездесулер өткізіп, ол кездесуге АҚШ Сауда министрлігі және АҚШ Сауда өкілі кеңсесінің өкілдері де қатысты. Аталған кездесуді Қазақстан елшілігі Халық­аралық Бизнесті Дамыту жөніндегі америкалық Кеңесімен (BCIU) бірлесіп ұйымдастырды.

Қазақстан – АҚШ:Экономикалық әріптестіктің жаңа белесі

Америкалық кәсіпкерлер алдында сөз сөйлеген елі­міздің Сырт­қы істер минис­трі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жыл­­ғы қаң­тар­дағы Америка Құра­ма Штаттарына жасаған рес­ми сапа­рының ба­ры­сында қол жеткі­зіл­­ген уағ­даластықтарды жүзеге асыру­­дың маңыздылығын атап өтті.

«Вашингтон қаласындағы жо­­ға­ры деңгейдегі келіс­сөздер екі­жақ­ты сауда-эко­номикалық ын­тымақ­тас­­тықты айтарлықтай жан­­дан­дыруға мүмкіндік берді. Елбасы сапа­рының қоры­тындылары бо­йын­ша қол қойылған іскерлік келі­сім­шарттардың көлемі 7 мил­лиард долларды құрады және қазақ­стандық экономиканың барлық салаларын қамтыды», - деп атап өтті дипломат.

Кездесу барысында Қ.Әбдірах­манов Қазақстан­ның алдағы эконо­микалық сая­сатына тоқталды. Оның айтуынша, бұл саясат Қа­зақстанға шетелдік инвес­тицияларды тартуға және халықаралық биз­несті жүр­гізу үшін қолайлы жағ­дайлар жасауға бағытталған.

Министр экономикалық ба­сым­дықтар туралы айта келе, екі­жақты ынты­мақ­тастықты дамытуда агро­өнеркәсіптік кешен, әртүрлі тауарларды бірлесіп өндіру, денсаулық сақтау, ақпарат­тық технология­лар және қаржы қызметтерін ұсыну саласындағы «дамы­маған» әлеуетті атап өтті. Кәсіп­керлер «Астана» халық­аралық қаржы орталығының қыз­меті туралы толық ақпарат­пен таныстырылды.

Министр Мемлекет басшы­сы­ның ұлттық экономиканы диверсификациялау саясатын ес­кере отырып, Қазақстан ірі техно­логиялық жобаларды іске асыру үшін америкалық тәжірибе мен капиталдың ауқымды тарты­луына мүдделі екеніне назар аударды. Осы және басқа да көптеген жобалар қазақстандық жоғары лауазымды тұлғалардың Аме­рика Құрама Штатт­арына және америкалық сауда миссия­ларының Қазақстанға алдағы сапарлары кезінде талқыла­нады.

Америкалық кәсіпкер­лер Қазақ­станмен ынтымақ­тастыққа үл­кен қызығушылық танытты және сауда-эконо­микалық және инвес­тиция­лық салаларда табысты ын­ты­мақтастықты одан әрі дамытуға да­йын екендігін білдірді.

Кездесу барысында бір­лес­кен эконо­микалық іс-шаралар өткізу мәселесі де талқыланды. Осы тұр­ғыда АҚШ Сауда министрлігінің өкілі Даника Старкс екі ел ара­сын­дағы ға­рыш сала­сындағы ын­тымақ­тастыққа қызығушылық танытты. Д.Старкс аталған мәсе­ле бойынша тараптардың мамандарына консультация­лар жүргізуге шақырылды. Америкалық тарап 24-26 қазан күндері Қазақстанға АҚШ экономикасының түрлі салаларын таныстыратын 15-20 компаниядан құралған сертификатталған сауда миссиясын жіберуді жоспарлауда. «Осындай миссиялар байланыстарымызды кеңейтетініне сенімдімін», –деп атап өтті Д.Старкс.

Талқылауға қатысқан АҚШ Сау­да өкілі кеңсесінің өкілі Зеба Рейязуддин Қазақстан Республи­касының мем­лекеттік билік органдарымен халықаралық сауда саясаты мәселелері бойынша, соның ішін­де Дүниежүзілік сауда ұйымы, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, америкалық «Жал­пы Басымдықтар Жүйесі», Сауда және инвестициялар туралы негіздемелік келісім (ТИФА) аясындағы тығыз ынтымақтастық туралы хабарлады. Осылайша, АҚШ Сауда өкілі делегациясының Қазақстанға сапары ағымдағы жыл­дың тамыз айына жоспарланып отыр.

Өз кезегінде «Chevron» ком­па­ния­сының өкілі Эми Кон­рой жоғары деңгейдегі сапар бары­сында қол жеткі­зілген уағда­ластықтарға сәй­кес корпора­ция Қазақстан аума­ғындағы жобаларды жү­зеге асыруға 250 млрд доллар инвестициялауды жос­пар­лағанын мәлімдеді. Қазіргі уа­қыт­­та «Chevron» компания­сы қазақстандық тараппен сәйкес жоба­ларды іріктеу жұмыстарын жүргізуде.

Іс-шарада «John Deere» корпо­рациясының мүддесіне өкілдік еткен Сарой Дин ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына тоқ­талды. АҚШ-тың ауыл ша­руа­шылығы техникаларын шығаратын ең ірі өндірушісі «айтарлықтай ауыл ша­руашылығы мүмкіндігіне, сон­дай-ақ ірі көлік және тран­зиттік әле­уетіне ие мемлекет» ретінде Қазақстанмен ынтымақтастықты дамытуға ниет білдірді. Осыған байланысты С.Дин Қазақстан Прези­дентінің АҚШ-қа сапары барысында қол қо­йыл­ған «Қорғас» арнайы экономикалық айма­ғында өнімдерді шоғырландыру орта­лығын құру туралы «ҚТЖ» ҰК» АҚ, «DHL Global Forwarding» және «John Deere» АҚ арасындағы келі­сімді іске асыру барысы туралы хабардар етті. Сонымен қатар С.Дин Ауыл шаруашылығы министрлігі делегациясының өткен жылы «John Deere» кәсіпорнына сапары туралы және осы жылы ком­панияға Қазақстан делегация­сын шақыру ниеті туралы мәлімдеді.

«Сиерра-Невада» корпо­ра­ция­сының халықаралық бизнесті да­мыту жөніндегі директоры Ертем Мутлу Қа­зақстандағы кіші авиа­цияның даму перспективалары туралы және компания Қазақстанда ұшу және жерге қону үшін ерекше жағдайларды талап етпейтін ұшақтар құрастыру бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыруды ұсынатынын хабарлап, бұл әуе кемесінің аймақтағы шалғай жерлерге қолайлы екендігін атап өтті. 50-ге жуық жолаушыға арналған мұн­­дай ұшақтар әлем бойын­ша кеңінен қолданылады, оның ішінде АҚШ арнайы мақсатты күштерімен Ауған­станда қолданылған.

Сонымен қатар іс-шараға қазақ­стандық нарыққа шығу мүмкіндігін қарас­тыратын америкалық компаниялар­ (AGCO GSI, Navistar, AMS, SkyPower және т.б.), сон­дай-ақ шетелдік жә­не жеке инвестициялар жө­нін­дегі мемлекеттік корпо­рациясының (OPIC) өкіл­дері қатысты. Олардың бар­лығы ағымдағы жылдың 4 қа­занында Нью-Йоркте өте­тін Қазақстан бойын­ша Инвестициялық конфе­ренцияға қатысуға шақы­рылды.

Қамбар АХМЕТ,

«Егемен Қазақстан»