Футбол • 07 Тамыз, 2018

«Астана» бір аттаса топтық кезеңге шығады

458 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгін УЕФА Чемпиондар лигасында сынға түсіп жатқан елорданың «Астана» командасы аталған турнирдің үшінші іріктеу кезеңі аясында Хорватияның «Динамо» командасын өз алаңында қабылдайды. Егер елорда командасы бұл кезеңнен де іркілмей өтетін болса, онда кем дегенде Еуропа лигасының топтық сатысына жолдаманы нақтылап қояды.

«Астана» бір аттаса топтық кезеңге шығады

«Астана» клубы үшінші іріктеу кезеңінде Дания чемпионы «Мидтьюлланд» клубына қарсы ойнап, екі ойын қорытындысы бойынша (1:2) үшінші іріктеу сатысына шыққан болатын. Данияның Хернинг қаласында өткен қарымта кездесуде бірінші минуттан бастап шабуыл шебінде конголық шабуылшы Жуниор Кабананга ойнады. Астанадағы алғашқы матч­та Роман Мұртазаев шыққан-ды. «Астана» командасының бас жаттықтырушысы Роман Григорчук қарымта матчта осындай өзгеріс жасады. Қарсылас команда сапында да өткен ойынмен салыстырғанда бір ойыншы ғана өзгерген екен. Екі команда құрамында аздаған өзгеріс болғанымен, ойын дәл бірінші кездесудегідей өтті.

«Мен бүгінгі ойында тың өзге­рістердің болуы мүмкін екен­дігін білген едім. Егер шынды­ғына келер болсақ, Дания чем­пионатындағы қарсыластардың ойынын көріп, қарымта кездесуге шы­ғатын құрамын дәл таптым. Кешегі ойын Астанадағы кезде­сумен салыстырғанда айтар­лықтай ерекше болды дей алмаймын. Мүмкін, жанкүйерлердің қызу қолдауы кездесу барысына басқаша атмосфера берген болар», дейді Роман Григорчук.

Командалар кездесудің алғашқы минутынан-ақ гол соғудың қамына кірісіп, ойынды белсенді бастады. Әсіресе алаң иелері жылдам гол соғуға тырысып бақты. Дегенмен «Астана» қорғанысы сыр бермей, қауіпті шабуылдардың бетін қайтарып жатты. Орайы келгенде қақпашы Эрич те алыс-жақыннан бағытталған соққыларды дәл аңдап, Дания командасының шабуылшыларын айып алаңына аттап бастырмады. Григорчуктің шәкірттері де жиі шабуылдап, Хансеннің мазасын әбден қашырған. Сондай сәттердің бірінде, нақтылай түссек, 19-минутта Кабананга гол соқты. Алайда испаниялық төреші Хуан Мартинес бұл голды есептемей тастады. 95 минутқа созылған ойында есеп ашылмай, Астанадағы алғашқы кездесуде 2:1 есебімен жеңіске жеткен елорданың «Астана» командасы Чемпиондар лигасының үшінші кезеңіне жолдама алды.

Ал осы кезеңде «Астанаға» қар­сылас атанып отырған Хор­ва­тия Бірінші лигасының чемпионы «Динамо» Чемпиондар лигасындағы жорығын екінші іріктеуден бастады. 2000 жылдан бері Еурокубок ойындарына қа­тысып келе жатқан команда Из­раильдің «Хапоэль» клубын екі матчтың қорытындысы бо­йынша 7:2 есебімен тас-талқан етіп жеңді. Хорваттар өз алаңында 5:0 нәтижесімен басым түссе, сырт алаңдағы қарымта кездесуде 2:2 есебімен тең ойнады.

«Динамо» Хорватияның қазіргі таңдағы ең мықты ұжым­дарының бірі саналады. Негізі 1945 жылы қаланып, тамыры кеңге жайылған команда беде­лі бес құрлыққа тараған бірне­ше талантты футболшыны тәр­биелеп шығарған. Аңыз фут­болшылардың арысы Златко Кранчар, Борислав Цветко­вич­термен басталып, қазіргі таң­да ұлттық құрамада жасындай жарқылдап жүрген Лука Мод­рич, Ведран Чорлука, Матео Ковачич, Деян Ловрен, Дома­гой Вида және тағы басқа аяқ­доп шеберлерімен кете береді. Осын­дай таланттардың бағын аша білген команда ішкі чемпио­наттың 18 дүркін чемпионы саналады. Тіпті, 2005 жылдан 2015 жылға дейінгі 10 жылдықта ұзақ уақыт «билеп-төстеп», бірінші орынды ешкімге бермей келген «ерлігі» бар.

Соңғы 20 жыл көлемінде Еурододаларда жыл сайын бақ сынап жүрген «Динамо» осы уақыт аралығында Еуропаның бірқатар азулы командаларымен ойнап, тәжірибе жинақтап алды. Десе де біздің «Астана» клубы бұл команданың алдында қа­ра­жаяу емес. Небәрі 9 жылдық тарихы болса да, соңғы 4-5 жылда Еуропаны дүр сілкін­діргені ешкімге жасырын емес. Бұл сөзімізге былтыр Еуропа лигасының топтық кезеңінен өтіп, плей-офф сатысына дейін жет­кені айқын дәлел бола алады.

Ал екі команданың дәл қазіргі жағдайы мен мүмкіншілігі қай дәрежеде деген сұраққа жауап берер болсақ, ойын тәжірибесі бойынша «Астана» біршама басымдыққа ие. Себебі Хорватия чемпионатының екінші тур ойындары ойналса, Қазақстан біріншілігінің екінші айналымы аяқталды. Сөзіміз дәлелді һәм дәйекті болу үшін осы орайда мынадай бір статистиканы сөйлетіп жіберсек. «Динамо» командасы қатарынан 13 ойында жеңілген жоқ. Дегенмен, оның жетеуі жолдастық кездесу еке­нін ескерсек, ресми матчтың екеуінде тең түсіп, төртеуінде жеңіске жеткен. Елорданың «Астана» командасы болса, қатарынан 12 ойында жеңілістің не екенін білмей келе жатыр. 10 матчта қарсыластарынан басым түссе, екі кездесуде жеңімпаз команданың аты анықталмады. Екі команда арасындағы қысқаша статистика осындай.

«Динамо» футболшылары кеше түнде елімізге табан тіреді. Команда бас жаттықтырушысының айтуынша, клуб Қазақстанға жақсы көңіл күймен келген, тек бір футболшы ғана жарақатына байланысты Загребте қалған. «Біздің мақсатымыз – Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығу. Ол біздің орнымыз. Менің­ше, сол нәтижеге осы ойында қол жеткіземіз. «Астана­ны» «Хапоэль Беэр-Шава» командасымен салыстырар болсам, Қазақстанның командасы шабуылда осалдық танытқанымен, тасқамал қорғаушылары бар. Олар­дың бізге мүмкіндік бермей­тіні анық. Сондай-ақ «Астана­ның» қапталдағы футболшыларымен орталық жартылай қор­ғау­шыларынан да сақтануымыз керек», дейді Ненад Бьелица.

«Астана» өз алаңында жақсы ойнайтынын және «Астана Арена» стадионында көп жеңіле бермейтінін ескерсек, бүгінгі ойында да жеңіске жетуге мүмкіндік бар. Бүгінгі матчта «Астанаға» қойылатын негізгі талаптың бірі – қарсылас команда қақпасына мейілінше көп гол соғып, өз қақпамызға гол жібермеу. Егер осы талап жүзеге асатын болса, «Астана» келесі кезеңге өтуі бек мүмкін.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»