Спорт • 07 Тамыз, 2018

«Астана – Париж» веломарафоны басталды

243 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстандық зағип және нашар көретін азаматтардың «Blind Race Astana – Paris» құрлықаралық веломарафоны басталды. Веломарафонның бір ерек­ше­лігі, 16 адамнан құралған топ 6000 шақы­рымды жүріп өтуі керек. Олардың алтауы зағип және нашар көретін жандар.

«Астана – Париж» веломарафоны басталды

Қатысушылар 6 мың шақы­рым жолды жүріп өтіп, 6 ел­дің 30 қаласын қамтиды. Оның ішінде Ресей, Беларусь, Поль­ша, Германия секілді елдер бар. Жобаны таныстыру, дос­тық қарым-қатынасты нығай­ту және тәжірибе алмасу мақ­сатында 11 үлкен қалада қоғам белсен­ді­лерімен, ерекше қажеттілігі бар адамдармен, спортшылармен және БАҚ өкілдерімен кез­­десу өткізу жоспарланған. Вело­ше­ру­дің негізгі мақсаты – саламат­ты өмір салтын насихаттау, вело­сипедті эко­логиялық таза көлік түрі ретінде дәріптеу, әлеуметтік және экотуризмді дамыту. Со­нымен қатар паралимпиялық спорт түрі ретінде мүгедек жандар арасында бұл спорт түрінің дамуына ықпал ету, жас­тарды патриоттыққа тәрбиелеу.

 «2016 жылы мүгедектігі бар азаматтарға арналған спорттық жарысқа қатыстым, шараның ұйымдастырылу деңгейі өте төмен болды, ешқандай жағдай  жасалмаған, қазір бұл спорт түрі бір ізге қойылған. Сол кезде мен өзімізден бастамасақ болмайтынын түсіндім. Міне, бүгінгі веломарафон соның жемісі деп айтқым келеді. Яғни мақсатымыз – зағип және нашар көретін жандар да қоғамның мүшесі екенін, біздің де өздігімізден жүріп-тұрып, қоғамға пайдамызды тигізе алатынымызды дәлелдеу. Сонымен қатар негізгі көздегеніміз – ве­ло­спорт пен параспортты наси­хаттау. Мұндай жоба Қазақ­станда тұңғыш рет ұйымдасты­ры­лып отыр», дейді «Шекара­сыз спорт» жобасының басшысы, «Астана – Париж» велошеруінің капитаны Бахтияр Базарбеков.

Веломарафон Астана әкім­дігі, «Нұр Отан» партиясы, Қоғам­дық даму министрлігі, «А.Ви­нокуров атындағы спортты да­мыту және қолдау» қоры, пара­лимпиялық комитет, Қазақстан Рес­публикасы спорт велосипеді феде­рациясы және «Ел тірегі» шағын және орта бизнес қауым­дастығының қолдауымен ұйымдастырылып отыр.

«Blind Race Astana – Paris» вело­марафонын 4 тамызда Аста­надағы «Қазақ елі» монументінің алдында ресми түрде басталды. Спорттық шараны 2018 жылдың қыркүйек айының ортасында веложарыстың отаны саналатын Францияның Париж қаласында аяқтау жоспарлануда. Веломарафон Қазақстан аумағында Астана, Атбасар, Әуликөл және Қостанай арқылы өтіп, әрі қарай Ресей тасжолдарымен Парижге дейін жалғасады.

Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»