Спорт • 07 Тамыз, 2018

Азияның клубтық чемпионаты аяқталды

444 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мьянманың Непьидо қаласында волейболдан ерлер арасындағы Азияның клубтық чемпионаты аяқталды. Осы жарыста бақ сынаған биылғы жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы – «Атырау» күміс медальді иеленді.

Азияның клубтық чемпионаты аяқталды

Айтулы додада сары құрлықтың ең үздік 13 командасы шеберлік байқасты. «А» тобында өнер көрсеткен «Атырау» тұсаукесер кездесуде Иранның «Khatam Ardakan» клубына ұтылғанымен, келесі бәсекелерде Катар мен Жапонияның өкілдерін жеңді. Плей-офф сайыстарында Шри-Ланка мен Пәкстан волейболшыларынан басым түскен жерлестеріміз финалда қайта Парсы елінің өрендерімен кездесті. Бұл жолы да ирандықтардың мысы басым болып, олар бас жүлдені олжалады. Үш сеттік матч 27:29, 23:25 және 22:25 есебімен аяқталды. «Атырау» күміс медальді иеленсе, пәкстандықтар үшінші сатыға табан тіреді.

Мьянамада өткен жарыста «Атыраудың» сапында Ислам Жұмабеков, Роман Хандролин, Нариман Сүлейменов, Олег Шевченко, Алпамыс Хилимов, Айбат Неталин, Антон Плетнев, Дамир Әкімов, Петр Чурзин, Василий Носенко, Сергей Кузнецов, Антон Кузнецов, Виталий Вориводин және Максим Мамедов сынды ойыншылар өнер көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, Азияның клубтық чемпионаты осымен 19 мәрте ұйымдастырылып отыр. Бұл бәсекелерде ең көп олжаға кенелген Иранның волейболшылары. Парсы елінің командалары 13 рет жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Оңтүстік Кореяның оғыландары екі мәрте теңдессіз деп танылса, Қытай, Қазақстан, Катар және Тайпейдің волейболшылары бір-бір реттен топ жарды. Осы орайда Иранның «Тайкан» клубы жеті рет жеңімпаз атанғанын да айта кетуге тиіспіз.

Қазақстанның өкілдері Азияның клубтық чемпионатында жеті рет жеңіс тұғырына көтерілді. 2002 және 2004 жылдары «Атырау» қола медальді қоржынға салса, 2005 жылы Алматының «Рахаты» бас жүлдені олжалады. 2006 жылы «Рахат» күміспен күптелсе, 2008 және 2011 жылы «Алматы» клубы дәл сол межеден көрінді. Міне, енді арада жеті жыл өткеннен кейін қазақстандықтар қайта жүлдегерлер қатарынан көрінді. Бұл жолы «Атырау» екінші орынды еншілеп, өз жанкүйерлерін қуантты.

Соңғы екі Азияның клубтық чемпионаты Ираннан келген «Сармайе Бенк» командасының жеңісімен аяқталды. 2016 жылы Мьянмада өткен жарыстық ақтық сынында олар Катардың «Әл-Арабиін» ұтса, 2017 жылы Жапонияның «Тойода Госейінен» айласын асырды.

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»