Жаһандану дәуіріндегі қызықтың жалған түрлері көбейіп тұрғанда жаңа шаңырақ көтерген жастарға жұбайлық өмірдің оң-солын көрсетіп, ақылдарына ақыл, сабырларына төзім сыйлап отыратын алдыңғы буынның өзі әлтек-әлтек кезеңдерден өтіп, сансырап қалған жайы тағы бар.
Осындай жағдайда бірінші неке тәңірден екенін түсіндіріп, насихаттап отыратын барлық отбасылық институтар мен тетіктер ауадай қажет болып тұр.
Ендеше бұл күндері «Almaty Towers» ғимаратында орналасқан «Open Almaty» Алматы қаласы әкімдігінің қоғамдық қабылдау алаңында Сотқа дейінгі татуластыру орталығы іске кірісті.
Ашылғанына ай толмаған аталмыш орталықтың тұсаукесер рәсімінде Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов жұртшылықты Сотсыз татуластыру орталығының жұмысымен таныстырып, оның тиімділігі, дауды сотқа дейінгі реттеудің артықшылықтары төңірегінде әңгімелеп берді.
– Ата-бабаларымыз: «Дау-дамайдың мұраты – бітім» деп тегіннен-тегін айтпаған. Азаматтар кішігірім құқықбұзушылықтар сот мәжілісіне бармай-ақ, орталыққа келіп, өздерінің дауларын реттей алады. Татуласу орталығының арқасында олар өздерінің уақыты мен шығындарын үнемдей алады. Мұның экономикалық жағынан тиімділігі мол. Қос тарап өздерінің дауларын ынтымақпен, бітімгершілікпен шеше алады, – деді Алматы қалалық сотының төрағасы Нұрғазы Әбдіқанов.
Ендігі жерде бұл орталыққа Алматыдағы барлық ауданның тұрғындары келіп, өздерінің дауларын шеше алады. Мұнда психолог, педагог, адвокат, медиатор, судьялар отырады. Олар халыққа тегін қызмет көрсетеді.
Дегенмен қазірге Татуластыру орталығына келіп табысып, мәселелеріне медет тауып жатқан отбасылар жоқтың қасындай деуге болады.
Аталмыш орталықтың медиаторы Алла Шабанованың айтуынша, қазір мұнда ақыл сұрап келіп отырған адамдар аз. Бастапқыда бірнеше жұп келіп, кеңес алып кеткен. Бірақ, орталық қызметкерлері олардың әрі қарайғы тағдырларынан хабарсыз. Өйткені жұмысы жандана қоймаған мұндай мекеменің бар екені көпшілікке әлі де мәлім емес. Жарнамасы жетіспей тұрған сыңайлы.
Алайда қазір елімізде бітімгерлер көмегіне жүгінетіндер қатары артып келеді екен. Мәселен, Медеу аудандық сотына 361 арыз-шағым түссе, соның жартысына жуығы бітімгершілікпен аяқталған. Егер бұл орталықтың жұмысын халық жақсы қабылдайтын болса, арыздар сотқа емес, осында түсетін болса, сотта қаралатын істер мейлінше азайса, онда мұндай орталықтар қаланың басқа да аймақтарынан ашылатын болады.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»