Бокс • 08 Тамыз, 2018

"Головкин-Канело" жекпе-жегіне сатылған билеттердің саны анықталды

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Golden Boy Promotions компаниясының президенті Эрик Гомес 15 қыркүйекке жоспарланған Геннадий Головкин мен Сауль «Канело» Альварестің  кездесуіне билеттер түгелдей сатылуға шақ қалғанын мәлім етті.

"Головкин-Канело"  жекпе-жегіне сатылған билеттердің саны анықталды

15 қыркүйекте Лас-Вегастегі T-Mobile аренасында өтетін GGG мен Канело арасындағы жекпе-жекке билеттер саны аз қалды. Golden Boy Promotions компаниясының президенті Эрик Гоместің айтуынша, сатылымда небәрі 2000-нан астам билет қалған. Ұйымдастырушылар айқасқа екі ай қалғанда барлық билеттері түгелдей сатылып кеткен бірінші кездесумен салыстыра отырып, андеркард құрамы белгілі болған бойда рематчтың билеттерін қыркүйектің басына дейін сатып жіберуге үміттеніп отыр.

«Билеттер өте жақсы сатылып жатыр, екі мыңнан астам билетіміз ғана қалды. Қазір тек жарнамалау кезеңі жүріп жатыр, сондықтан барлық билеттерді осы айдың аяғына дейін немесе келесі айдың басына дейін сатуды жоспарлап отырмыз. Бізге көп сайыстармен бәсекеге түсуге тура кеп тұр. Жақында ғана әлем чемпионаты (футболдан - авт.) аяқталды, алда әлі ҰФЛ, бейсболдан Мэйджер лига және басқалары бар. Билеттер айқасқа 1 ай қалғанда белсенді түрде сатыла бастайды. Біз 17 500-ден астам билет сатып үлгердік», - деді Гомес ESPN Deportes арнасына берген сұхбатында.

Головкин мен Альварестің алғашқы кездесуінен түскен табыс билеттердің сатылу  тарихында үшінші болды. Жекпе-жекке сатылған  19 318 билеттен 27 миллион доллар түскен. Бұған дейін Флойд Мэйвезердің Мэнни Пакьяомен өткен кездесуіне 16 219 билет сатылып, 72 миллион қаржы түскен еді. Одан кейін боксшының Конор Макгрегормен жекпе-жегіне 13 094 билет сатылып, 55 миллион өндірілді.