Қазақстан • 08 Тамыз, 2018

Ортақ туристік виза әзірлеу ұсынылды

388 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астанада Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Түркі кеңесі хатшылығы, «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы мен Сыртқы істер министрлігінің ұйытқы болуымен Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің Туризм жөніндегі Министрлерінің төртінші кездесуі өтті.

Ортақ туристік виза әзірлеу ұсынылды

Кездесуге Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің туризм саласының басшылары, Қазақстан, Түркия, Қырғыз Республикасы, Әзербайжан және Түркі кеңесі хатшылығының бірқатар өкілдері қатысты. Сонымен қатар, алқалы жиынға Өзбекстан мен Түркіменстанның мемлекеттік туристік комитеттерінің төрағалары және Қытай Халық Республикасының еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі құрметті қонақ ретінде шақырылған.

Туристік форумды Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы құттықтау сөзбен ашып, Ұлы Жібек жолы елдерінің ортақ туристік визасын әзірлеу туралы ұсынысын білдірді. «Қазақстан – ықылым заманнан бері Ұлы Жібек жолының ажырамас бөлігі. 2015 жылы Бодрумда өткен саммит барысында Түркі кеңесі мемлекеттерінің басшылары Қазақстанды «Қазіргі заманғы Жібек жолы» түркі кеңесіне туристік өнімдерді даярлау бойынша үйлестіруші деп таныған-ды. Осы орайда, біз шетелдік туристер үшін Түрік кеңесі бекіткен Жібек болы туристік бағдары бойынша «Ұлы Жібек жолы» визасын ұсына аламыз. Туристік мақсаттағы «Ұлы Жібек жолы» визасы Еуропа елдеріне ортақ «Шенген» визасының баламасы болар еді», деді министр.

Министрдің айтуынша, бүгінгі таңда Қытай мен Үндістан азаматтарының Қазақстанға 72 сағатқа дейін визасыз кіруіне рұқсат етілген. «Бүгінде 61 мемлекеттің азаматтары қазақстандық визаны алудан босатылды. Одан бөлек, 48 елдің азаматтарына туристік виза берерде шақыруды рәсімдеу талап етілмейді. Қытай азаматтарына топтық туристік визалар беру қолға алынды. Дәл осындай келісім Иран мемлекетімен жүргізіліп жатыр. Астана мен Алматы әуежайларында Қытай мен Үндістан азаматтарына 72 сағаттық транзиттік виза беріледі», деп атап өтті А.Мұхамедиұлы.

Сонымен қатар тараптар «Түркі кеңесі – Заманалы Жібек жолы» бірлескен туристік жобасының веб-сайтын дамыту, бағалау саясаты, маркетингтік және коммуникациялық стратегиясын жан-жақты талқылап, өз ойлары мен ұсыныстарын білдірді.  Сондай-ақ күн тәртібінде тұрған бірнеше мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

Айта кетейік, 2018 жылдың 2-8 қыркүйек аралығында Қырғыз Республикасының Шолпаната қаласында өтетін Үшінші Дүниежүзілік көшпенділер ойыны аясында түркітілдес Мемлекеттер басшыларының кезекті Саммиті болады. Бұл жиында тараптар Астанада өткен басқосуда ұсынылған жобаларды мұқият зерттеп-зерделеп, нақты шешім қабылдайтын болады.

Әли БИТӨРЕ,

«Егемен Қазақстан»