Медицина • 09 Тамыз, 2018

«7 – 20 – 25» және «Нұрлы жер» бағдарламаcы қалай орындалуда?

1234 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Елімізде ипотекалық «7 – 20 – 25» бағдарламасы шілде айынан бастап іске аса бастағалы бері 12 млрд теңгеге мыңнан астам өтініш келіп түскен. Оның ішінде 7,3 млрд теңгені құрайтын 640 ипотека рәсімделген. Алматы қала­сы көш басында келеді. Яғни ал­матылықтар 3,1 млрд теңгеге несие рәсімдеп, жалпы көрсет­кіштің 43 процентін құрап отыр. Ал Астана қаласында мақұл­дан­ған несие көлемі 1,9 млрд теңге­ге жеткен. Ақтаулықтар да атал­ған бағдарлама аясында белсен­ділік танытуда. Әзірге Атырау, Түр­кістан, Маңғыстау облыс­тарында бірде-бір несие рәсім­дел­мегені анықталды.

«7 – 20 – 25» және «Нұрлы жер» бағдарламаcы қалай орындалуда?

Биыл 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйпайдалануға беріледі

«Егемен Қазақстан» газетінің 11 шілде күнгі №129 санында «Бас­па­налы болудың жаңа мүмкіндігі – «7 – 20 – 25» бағдарламасы нақты жү­зеге асырыла бастады» деген атаумен мақала жарық көрген болатын. Онда атал­ған бағдарламаның талап-шарттары мен жалпы ережелері егжей-тегжейлі түсін­дірілген еді. Десе де, баспаналы болуға ниетті қауымның сан сұрағына әлі толық жауап берілген жоқ. Бұл ретте «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы мен «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының ара жігін анықтап, артықшылықтары мен толықтырар тұстарына тоқталуды жөн көрдік.

Инвестициялар және даму вице-ми­нистрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуын­ша, 2017 жылдан бері іске асырылып жатқан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы мен 2018 жылғы шілдеде басталған «7 – 20 – 25» ипотекалық бағ­дарламасы бір-бірін толықтырып, аза­мат­тардың баспаналы болуын жедел­детуді көздейді.

«7 – 20 – 25» бағдарламасында ха­лыққа төмен процентпен жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлерден пәтер сатып алуға ипотека беру қарастырылған. Бағдарламада ресми кірісі бар әрбір жұмыс істейтін азаматқа 20 проценттен аспайтын мөлшерде бастапқы жарнамен 25 жылға дейінгі мерзімге, 7 проценттік мөлшерлемемен ипотека рәсімделеді. Ипотека алушыларға қойылатын негізгі талаптар: бастапқы жарнаның міндетті түрде болуы, тұрақты табыс көзінің болуы, меншікте ешқандай тұрғын үйдің болмауы және де ипотекаға тек жаңа баспана берілуі тиіс.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің мәлімдеуінше, «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаннан кейін бөлімшелердегі клиенттер саны бірнеше есеге өскен. Әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында күніне 1500 – 1900 клиентке қызмет көрсетіледі.

− Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Астана қаласындағы бөлімшелерінде «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша кеңес беру мен өтінімдерді қабылдаудан өзге, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 300-ден астам несие беру және рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан өзге «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 162 пәтер сатылуда. Сонымен қатар, банк қазіргі уақытта әскери қызметкерлермен белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр, деді Инвестициялар және даму вице-министрі.

Айта кетерлігі, «7 – 20 – 25» бағ­дар­ла­масына 5 жыл ішінде 1 трлн теңге тар­ту көзделген. Яғни биыл – 100 млрд теңге, келер жылы – 150 млрд теңге, 2020 жылы – 200 млрд теңге, 2021 жылы – 250 млрд теңге, 2022 жылы – 300 млрд теңге қаражат тартылмақ. Биыл аталған бағдарламаға қатысушы банктер 100 млрд теңгеге шамамен 6,6 мың несие беруді жоспарлап отыр. Яғни бір несиенің орташа сомасы 15 млн теңге мөлшерінде есептелген.

Бұған қоса, биыл республика бо­йынша кем дегенде 12,1 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Ал былтыр 11,2 млн шаршы метр болатын 100,8 мың тұрғын үй салынған.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 54 мың тұрғын үй салынады

Биылғы І жарты жылдықтың қорытын­дысы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 49,7 мың тұрғынға жаңа үй пай­да­лануға беріліп, оның ішінде жеке үй саны 20,5 мыңды құраса, көпқабатты үйлерден берілген пәтер саны 29 мыңға жетіп отыр. Жыл соңына дейін шамамен 54 мың тұрғын үй салу жоспарланған.

Айта кетерлігі, «7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасы іске қосылғаннан кейін Үкіметтің 2018 жылғы 22 маусымдағы қаулысымен «Нұрлы жер» бағдарламасына бірқатар өзгеріс енгізілді. Соның ішінде тұрғын үй бағдарламасы бойынша азаматтардың ипотекалық несиелерін субсидиялау бағыты алынып тасталды.

– Жаңа «7 – 20 – 25» бағдарламасының енгізілуіне байланысты «Нұрлы жер» тұрғын үй бағдарламасынан «ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру» бағыты алынып тасталды. Бірақ «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 3336 азамат жеңілдетілген ипотека бойынша тұрғын үй рәсімдеп үлгерген. Оның ішінде былтыр 1196 адам ипотекалық несие алса, биыл 2140 адам несие арқылы тұрғын үйге қол жеткізді, – деді Қ. Өскенбаев.

Еліміздегі тұрғын үй саласында бұған дейін болған барлық механизмдер «Нұрлы жер» бағдарламасында толық қарастырылып отыр. Тұрғын үйге қаржы жинау, ипотека рәсім­деуден бөлек, жеке тұрғын үй салу мәселесі аталған бағдарламада жан-жақты қам­тылып, нарыққа барынша бейімделу көз­делген. Әсіресе бағдарламаның озған тұсы, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар үшін арнайы баспаналар салынбақ. Мәселен, І топтағы мүгедектер мен жетім балалар арендалық үйді ала алады. Бірақ оны жекешелендіруге рұқсат берілмеген. Арендалық пәтерді салу үшін бюджеттен жыл сайын 25 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа аймақтарда 3 мың пәтер салынып, әрбір облыста шамамен 180 арендалық баспана пайдалануға беріледі. Ал жалға алу ақысы, шаршы метрі үшін ай сайын 100 теңге. Мәселен, пәтердің ауданы 50 шаршы метр болса, бір айлық төлемақының көлемі 5000 теңгені құрайды.

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша алдағы 5 жылда Ұлттық банктен 1 трлн тең­геге жаңа тұрғын үй сатып алу үшін 66 мың­нан астам несие беру жоспарланып отыр. Бір ипотеканың орташа сомасы 15 млн теңге көлемінде болады деп есептелген. Еліміздің бас қалалары Астана мен Алматыда тұрғын үй жинақтары бойынша салынатын баспананың көлемі – 30 млрд теңге. Осылайша, пәтер кезегінде тұрған азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы Астана мен Алматыда үйдің шаршы метрін 180 мың теңгеге сатып ала алады. Ал аймақтарда бір шаршы метрдің бағасы 140 мың теңге болмақ. Бүгінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде тұрғын үй депозиттері барлар 1 млн адамнан асып отыр. Ал әкімдіктерде ресми тіркелген азамат­тардың саны 492,5 мың адамды құ­райды. Былтырғы көрсеткіш бойынша жалпы елімізде баспана кезегінде тұрғандар саны – 2 млн 300 мың адамға жеткен. Бұдан бөлек 1 млн 300 мың адам жер алу үшін кезекте тұр.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынатын тұрғын үйлердің көлемін ұлғайту, құрылыс алаңдарын кеңейту мақсатында инфрақұрылымды қаржыландыруды арттыру көзделіп, салынған нысандарды әкім­­­діктердің сатып алуына мүмкіндік бе­рілді. Бұған қоса, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына да, екінші деңгейлі банктердің (ЕДБ) клиенттері үшін де несиелік тұрғын үйді сату қарас­тырылып отыр. Бағдарламаға жаңадан енген өзгерістердің бірі, мемлекеттік және мем­лекеттік емес кәсіпорындар жұмыс­керлеріне тұрғын үй алуға қарыз беруіне, тіпті бастапқы жарнаны да өтеуге мүмкіндік берілген.

Бұл бағдарламаға қатысуға ниет білдіру­шілер алдымен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, өтініш толтырып, әкімдіктердің кезегіне тұруы қажет. Бағдарламада бірінші кезекте ардагерлер, жетім балалар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған жандар, мемлекеттік қызметшілер мен бюджет саласының мамандарын баспанамен қамту қарастырылған. Ескеретіні, әлеуметтік жағынан аз қамтылған азаматтар 11 санатқа бөлінген. Мысалы, көпбалалы иә болмаса толық емес отбасылар деп жекелей тіркеледі. Аталған бағдарламаның шарты бойынша үйге өтініш берушінің атында соңғы 5 жылда ешқандай баспана тіркелмеуі тиіс. Содан кейін Астана мен Алматы қалаларында үй алуға ниетті адамдар кемінде 2-3 жыл тіркеуде тұруы қажет. Бұл талаптың енгізілуі қарасы қалың көпшіліктің жаппай Астана, Алматы қалаларына қоныс аударуы­мен байланысты болып отыр.

«Нұрлы жер» бағдарламасында қаржы­лан­дырудың көздері – бюджеттік қаражат, жеке инвестицияларды тарту арқылы жә­не ха­лық тарапынан көзделген. Ал
«7 – 20 – 25» ипотекалық бағдарламасының қар­жылан­дырылуы «Баспана» ипотекалық компаниясы арқылы жүзеге асады. Оған аударылған қаражат екінші деңгейлі банк­терге бағытталмақ.

 

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»