Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

Елімізде шетелдік 88 телеарна көрсетілмейтін болды

739 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде бірқатар шетелдік теле-радио арналардың тіркеу туралы куәліктері қайтарылып, олардың ақпараттық кеңістігімізде хабар таратуы тоқтатылды. Атап айтқанда, бұл тізімге енген шетелдік 88 телеарнаның иелері Қазақстан заңының талаптарын орындамаған.

Елімізде шетелдік 88 телеарна көрсетілмейтін болды

2017 жылы «Теледидар және радио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы заңының 42-бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес еліміздің аумағында хабар тарататын барлық шетелдік теле және радио арналар осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде Қазақстан аумағында заңды тұлғаны немесе өкіл­дігін (филиалын) тіркеуге міндет­телген еді.

Аталған заң 2018 жылдың 9 қаңтарында күшіне енгендіктен, телерадиоларды тіркеуге 9 шіл­деге дейін уақыт берілді. Міне, арада алты ай өткенде Ақпа­рат және коммуникация­лар ми­нистрлігі куәліктері қайтарылып, хабар таратуы тоқтатылатын ар­налардың тізімін жариялап отыр. Бұл – заңның талабы және ел­дің ақпараттық қауіпсіздігін сақ­таудың маңызды бір тармағы екені даусыз.

Ақпарат саласындағы осынау өзгерісті Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Бүгінде Қазақстанда шетел­дік 307 телерадио арна тіркеулі. Олардың жұмысын реттеп отыру мақсатында министрлік жыл басында заңнамаларға өзге­ріс енгізуге мұрындық болып, соған сәйкес барлық шетелдік телеарналар Қазақстан Республикасында өкілдіктерін ашуға міндеттелді. Оларға жаңа талаптарды орындауы үшін жартыжылдық уақыт берілді. Қазіргі күні 219 телеарна аталған талапты орындады. Қалған 88 телеарнаның хабар таратуын тоқтату мақсатында министрлік арнайы бұйрық әзірледі», деп жазды Д. Абаев.

Қазіргі уақытта еліміздің ау­ма­ғында хабар таратуды тоқта­татын арналардың толық тізімі Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің сайтында тұр.

Бұл арада уәкілетті органның заң аясындағы жұмысының тиянақты жасалғандығы бай­қа­лады. Өйткені министрлік жыл басынан бері өкілдіктерін аш­паған шетелдік теле-радио арна­лардың иелеріне өз қызметін Қазақ­стан заңнамасы талаптарына сәй­кестендіру қажеттілігі тура­лы ақпараттық-түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізген болатын.

Енді Қазақстан аумағында хабар таратуын жалғастыруға қызы­ғу­шылық танытатын шетел­дік теле-радио арналар өз өкіл­дік­терін ашып, қайтадан тіркеуге тұруы қажет.

Жуырда ғана министрлік «Шалқар» радиосының таралу ауқымын кеңейтіп, әсіресе, шекараға жақын елді мекендерді қамтуға қол жеткізгендігін жаздық. Осы екі қадамның да түп-төркіні ақпараттық қауіпсіздік тұрғысындағы маңызы жоғары мәселе болып отыр.

 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар