Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

ҚХА мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ортақ меморандумға қол қойды

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

ҚХА мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл ортақ меморандумға қол қойды

Іс-шараға ҚХА Төрағасының орынбасары – Хатшылық мең­герушісі Леонид Прокопенко мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров және ҚХА мүшелері мен Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өкілдері қатысты.

Құжатқа қол қою рәсімі ке­зінде Л.Прокопенко бұған дейін қос құрылымның арасында қа­лып­тасқан ынтымақты қарым-қатынастарды жетілдірудің сәті түсіп отырғандығын жеткізді.

Меморандумда тараптардың қоғамдық келісім мен жалпы­ха­лықтық бірлікті нығайтуға, адам құқықтарын қорғауға бағыт­талған міндеттерді іске асыру­да­ғы ын­тымақтастығы, жастарды патриоттық, ұлтаралық және мә­де­ниетаралық диалог бағытын­дағы іс-шараларды өткізуге, аза­мат­тық қауымдастық сезімді қалып­тас­тыру бағы­тын­дағы іс-ша­ра­­лар­ды ұйым­дас­тыруға тар­ту және қоғамдық келісім сала­сын­­дағы басқа да мәселелер көзделген.

Ал А.Шәкіров  өз сөзінде Мем­ле­кет басшысының ұлтаралық татулыққа, азаматтардың құқық­тарының қорғалуына ерекше мән беретіндігін атап өтті.

– Азаматтардың құқықтары ел Конституциясы мен өзге де сабақтас құжаттарда айқын бел­гі­ленген. Еліміздің заңдары азаматтарды діни, этностық белгілеріне байланысты қудалауға, қысым көрсетуге тыйым салады. Оны бұз­ғандарға тіпті қылмыстық жауап­кершілік те қарастырылған. 1998 жылы еліміз нәсiлдiк кемсi­тушiлiктiң барлық нысандарын жою туралы халықаралық конвенцияға қосылды. 2008 жылы БҰҰ нәсiлдiк кемсiтушiлiкті жою жөніндегі комитетінің өкі­леттілігін мойындады. Ең бас­тысы, Елбасы жетекшілік ететін Қазақстан халқы Ассамблеясы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына сүбелі үлес қосып келеді, – деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.

Ресми құжаттарға қол қо­йыл­ғаннан кейін тараптар өзара іс-қимыл шараларының жоспарын талқылады.

 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»