Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

Ақмола бекінісін алу үшін болған шайқасқа биыл - 180 жыл

875 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Отаршылдыққа қарсы қиян-кескі ұрыстардың бірі – Ақмола бекінісін алу үшін болған шайқасқа да биыл 180 жыл толып отыр.

Ақмола бекінісін алу үшін болған шайқасқа биыл - 180 жыл

Жазық далада қаз-қатар тізілген ақшаңқан киіз үйлерді көріп, Арқа төсін әнге бөлеген әдемі әуен естілгенде, бұл басқосудың жөні де, жолы да ерек екені білінгендей еді. 500 жыл бұрын дәл осы Қараегін ауылы маңындағы Шұбыртпалы көлінің жанында Темірқожа баба дүние есігін ашқаны, кіндігінен өрбіген он атаның барлығынан әділ билер, от тілді көсемдер мен шешендер ғана емес, баһадүр батырлар да көптеп шыққаны тарихтан белгілі. Алмағайып заманда азаттық күресінің асқар шыңындай Кенесары хан бастаған шайқастарға Шұбыртпалы елінің батырлары қатысып, ел бостандығы жолындағы күрестің бел ортасынан табылды. 

Атаулы датаға арналған алқалы жиынның ажарын ашқан ашық аспан астындағы сахнада театрландырылған көріністер көне тарихтан сыр шертті. Әдепті айтыс, әдемі әнмен тербелген дала төсі жетіген, домбыра, сырнай сияқты ұлт аспаптарымен түрлене, тербеле түсті. Жиналған жұрт Сыр елінен келіп, жырдан шашу шашқан Ә.Ноғайбаев, М.Бекпейісов, А.Ноғайбаева сынды өнерпаздарға дән риза болса, өңірдің жас ақындары да жүйелі сөзімен ел ықыласына бөленді.

Асқа келген айтулы азаматтар, меценаттар Қараегін, Сабынды ауылдарының әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және толық емес отба­сылардың мектеп жасындағы ба­лаларына қажетті киім-кешек, оқу құрал-жабдықтарын тарту етті. «Ру­хани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арқа жұртының арқасын кеңге салып, елдің өткен тарихына тағзым еткен Қараегіндегі асқа үш мыңға жуық мейман жиналды. Өнер бәйгесінен бөлек, жасөс­пірімдер арасындағы қазақ күресі мен түйе балуандардың да бәсекесі тартысты өтіп, Айбат Сейтен, Әлібек Зекенов, Олжас Шынкеев сынды білек­ті де жүректі жігіттер олжалы қайт­ты. Күн екіндіден ауғанда бас­­­талған аламан бәйгеде бірінші орынд­ы астаналық тұлпар еншілеп, автокөлік ұтып алса, екінші және үшінші орынды Тараздан келген сәйгүліктер еншіледі. Арқа төсіндегі асты ұйымдастырған «Ағыбай батыр» қорының төрағасы Ғабит Мұсабеков, Марат Дәрібеков, Шахмардан Сыздық, Берік Мырзахметов, Алмай Бимен сынды азаматтардың ерен ең­бегіне дүйім халық ризашылық білдірді.

Аида ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»