Аймақтар • 09 Тамыз, 2018

Мақтаарал ауданына сенатор Әли Бектаев іс-сапармен келді

696 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мақтаарал ауданына тұңғыш рет ҚР-ның Парламенті сенатының депутаты Әли Бектаев іс-сапармен келді. Жаңадан құрылып жатқан ауданның ахуалымен танысу үшін ең алдымен аудан әкімінің аппаратында болып, аппарат ғимаратын аралап көрді, деп хабарлайды Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі.

Мақтаарал ауданына сенатор Әли Бектаев іс-сапармен келді

Халық қалаулысы Мырзакент кентіндегі «Ақ алтын» мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен арнайы кездесіп, мәжіліс өткізді. Өз сөзінде Әли Әбдікәрімұлы енішін алып жаңадан аудан болған мақтааралдықтарды құттықтап, Мырзашөл өңіріне деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ықыласы ерекше екенін атап өтті.

«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қиын-қыстау кезеңге тап болып, қаржының тапшылығынан көптеген аудандар біріктіріліп, бір әкімшілік орталықтан басқарылды. Сол жылдары Мақтаарал, Жетісай, Асықата аудандарының орнына іріленген Мақтарал ауданы құрылып, орталығы Жетісай қаласы болды. Бүгінгі таңда еліміз еңсесін тіктеп, дамыған 50 елдің қатарына енді. Бюджетіміз толып, қаржы мәселесі өз шешімін табуда. Мінеки, арадан 21 жыл өткеннен кейін Елбасымыздың іріленген Мақтарал ауданын 2-ге бөлу туралы Жарлығы шығып, бұрынғы Мақтаарал ауданы қайтадан құрылды. Қаншама жылдар бойы жетім баланың күйін кешкен Мырзакент кенті аудан орталығы болды. Ауданның өз бюджеті болып, алдағы уақытта жаңадан құрылған Мақтаарал адам танымастай өзгеріп, құлпырып, дамитынына мен сенемін. Сондықтан, еншілеріңізді алуларыңызбен Сіздерді шын жүрекпен құттықтаймын!» - деді Али Бектаев.

Жиынды жүргізіп отырған аудан әкімі Бақыт Асанов жаңадан құрылған ауданға ең бірінші болып келгені үшін халық қалаулысына алғысын айтып, аудан тұрғындарын киелі Мырзашөл өңірінің қара шаңырағы саналған Мақтаарал ауданын дамытуға бірігіп атсалысуға шақырды.

«Ағымдағы жылдың 10-шы тамызынан бастап заңға сәйкес аудан әкімдігінің құрылымдық бөлімдерінің басшыларын тағайындау жүзеге асырылады. Тиісті тағайындаулардан кейін кесте бойынша әкімшілік аумақтық бірліктердердегі тұрғындармен кездесіп, өзекті мәселелерді анықтайтын боламыз.  Сондықтан, мен Сіздерді ынтымақ-бірлікті арттыруға, ауданымызды көркейту, абаттандыру және дамыту жолында бірігіп жұмыс жасауға шақырамын!» - деді Бақыт Нәсірханұлы.

Сенатордың тұрғындарымен кездесуі барысында өңірде қордаланған көптеген мәселелер талқыланды. Әли Бектаев тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер мен жасалған өтініштерді барынша шешуге ат салысатынын, жаңадан құрылған ауданға қолдау көрсету үшін үкіметке депутаттық сауал жолдайтынын атап өтті.

Мәжілістен соң депутат Атакент кентіндегі Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, аудан ғалымдарының тың жаңалықтарымен танысты. Институт директоры Ибадулла Үмбетаев мекеменің лабараторияларын аралатып, ғалымдардың жұмыс барысын көрсетті. Осы уақытқа дейін мақтаның 12 сортын, қауынның 4 сортын ойлап тапқан институттың жұмысына Әли Бектаев дән риза болып, ғылыми қызметкерлердің еңбегіне табыс тіледі.