Қазақстан • 09 Тамыз, 2018

Жатақхана «жыры»: Семейде студенттік жатақхана отбасылық отауға айналған

902 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Семейдегі құрылыс колледжінің бірінші және бесінші қабаттағы 33 бөлмесінде бұл оқу орнына мүлде қатысы жоқ адамдар тұратын болып шықты. 

Жатақхана «жыры»: Семейде студенттік жатақхана отбасылық отауға айналған

Әуелде осы жатақханаларда студенттер тұра ма десеңізші?! Семейдегі құрылыс колледжінің бірінші және бесінші қабаттағы 33 бөлмесінде бұл оқу орнына мүлде қатысы жоқ адамдар тұратын болып шықты. Сөйтсек бұл жатақханаларда айлап емес, жылдап пәтер жалдайтын отбасылар да тұрады екен. Сонда алыс ауылдан білім іздеп келген студент қайда барып тұрмақ? Аталмыш заңсыз іс-әрекеттер Семей өңірінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған мониторингтік тобы мен Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің Семей қаласы бойынша басқармасының бірлескен тексерулері барысында анықталып отыр. Бұл тексеру Қазақстандағы жатақханалардың жағдайын бақылауға арналған акцияға орай қолға алынған. 

Семейде жатақхана жетіс­пейді. Пәтер жалдау тым қымбат. Сондықтан мектеп түлектері жайлы жатақхана, оқуға мүмкіндік беретін жер іздеп, шетел асып жатады. Семейде 33 колледж, 4 ірі университет бар. Онда 30 мың студент оқиды. Жатақханада орын жоқ. Сондықтан да орта арнаулы оқу орындарына қарас­ты жатақханаларды көздің қарашы­ғындай сақтау қажет.

Осыған байланысты Сы­бай­­лас жемқорлықпен күрес мәселесіне орай арнайы құ­рыл­ған мониторингтік топ мү­шелері Семейдегі құрылыс және Семей көлік колледжінің жатақханаларын тексеруді жөн көрген.

– Алдын ала ескертілмеген­діктен құрылыс колледжіне кі­ріп шығу біршама қиындық туғызды, – дейді мониторингтік топ мүшесі Екатерина Гуляева. Жатақхана меңгерушісі, дирек­тордың шаруашылық істері бо­йынша орынбасары, күзетшілер мони­торингтік топты ішке өткіз­беген. Бір жарым сағат жүріп мониторингтік топ ішке әрең өткен.

– Колледж қызметкерлері әрине кімді де болсын, ішке өткізбейді, – деп түсіндірді кейі­нірек құрылыс колледжінің директоры Қайрат Тастекеев. Сондай-ақ директор бұл терроризмге қарсы іс-әрекеттердің орын алмауы үшін бекітілген тәр­тіп екендігін айтады.

Е. Гуляеваның айтуынша, бір жарым сағат күткен соң, құры­лыс колледжіне кірудің оңтайлы сәті туған. Директордың оқу ісі бойынша орынбасары алдымен жатақхананың жаңа ғана жөндеуден өткізілген бірінші корпусын көрсетуге тырыс­ты. Бұл жерде студенттерге жағ­дай жасалған. 3-4 адамға ар­нал­ған бөлмелер, шкаф, орын­дық, тұрмыстық бөлме, әр секцияға әжетхана мен суға түсе­тін кабиналар қойылған. Тоңа­зытқыштар тәрбиешілер бөл­месінде орналастырылған.

– Бұл корпуста балалар үйі­нен келгендер мен қараусыз қал­ған балалар тегін тұрады. «Сер­пін» бағдарламасы бойынша алыс ауылдан келіп оқитындар да осында тұрады. Олардың басым көпшілігі Қазақстанның оң­түстік өңірлерінен келген жас­тар, сондай-ақ тұрмысы тө­мен отбасылар да тұ­рып жатыр,– деді Е.Гуляева. – Бірінші корпусты көріп, қуанып қал­ған олардың екінші корпус­ты көргенде көңілдері түсіп кет­кен. «Бұл жер сонау 70-80-інші жылдардың белгісі екен­дігі көзге бірден көрінеді. Ұзын, күң­гірт дәліздер, көк түске боял­­­­­ған қабырғалар және 70-80­ жылдардан «естелікке» қал­ған әжет­ханалар. Бір қабатта екі электр плитасы, бір ғана жуы­на­тын жер бар. Сондай-ақ ол жер кір жууға да арналған. Әр қабатта он шақты, жиырма шақ­ты бөлмеден болса есептей беріңіз. Екі плитаға тамақ пісіру үшін қанша адам кезекте тұр», дейді ол.

«Студенттік» деп атал­ға­нымен, тексеру барысында мо­ни­торингтік және қоғамдық кеңес мүшелері алдынан шуыл­даған бір топ бала атып шық­қан. Тіпті аулада кішкентай сәби­лердің жуылған киімдері ілу­лі тұрғаны да көзге ерсі кө­рін­ген. Ал студенттік холлда бал­дырғандардың қол арбасы «мен мұндалап» тұр. Студент жастар көрінер емес. Онда шу-шұрқан болған балалар мен ата-аналар қайдан шықты? Анықтай келе жатақхананың 5-інші қабаты балалы отбасыларға жалға беріл­гені белгілі болды.

– Бұл отбасылар жатақханада ұзақ жыл тұрып келеді екен,– дей­ді Е.Гуляева. – Аягөзден көшіп келген бір отбасының айтуына қарағанда, олардың бұл жерде тұрып жатқанына 2 жылдан асқан. Алдымен бірінші қабатта айына 14 мың 500 теңге төлеп тұрған. Екінші баласы туған соң 5-інші қабатқа көтерілген. Он­да бөлме үлкендеу, айына 20 мың теңге төлейді. Мұндай от­басылардың саны 30 екен. Олар жалдамалы бөлме ақысын банк арқылы төлейді.

Иә, төртінші қабаттан төмен қарай студенттер тұрады. Әр бөл­меде – үш студент. Бүкіл бір қабат­тағы тұрғындар екі электр плитасында ғана тамақ пісіреді. Өзін колледж түлегімін деп та­­ныс­тырған Альмира есімді қыз­дың айтуынша, студенттер тамақ пісіруге жету үшін плитаға 1 сағаттан астам кезекке тұруға мәжбүр. Студенттердің №2 жа­тақ­ханасындағы жағдайдың нашарлығын құрылыс коллед­жінің директоры Қайрат Тас­те­кеев те мойындаған. Ол об­лыс­тық білім басқармасынан жатақханаларды түбегейлі жөн­деуге қаражат бөлгізе алмай отыр­ғанын айтты.

– Маған дейін қызмет еткен колледж директоры кезінде жатақхана құрылысына 64 млн теңге бөлгізіпті, – дейді Қ.Тас­текеев, бірақ пайдаға аспаған­дықтан, бюджетке кері қайтарыл­ған. Үш жыл ішінде жөндеуге арнал­ған жоба-сметалық құжат ескіріп кетті. Енді жаңадан смета жасау үшін қаражат керек.

Тексеру тобының «Сонда бұрын­ғы директор бөлінген қара­жат­ты пайдаланбай, кері өткізіп жіберуіне не себеп болды, бұл жатақханада 1971 жылдан бастап жөндеу неге өтпеген, отбасыларды неге шығармайсыздар», деген сұрақтарына Қ.Тастекеев былай деп жауап қайырды:

«2017 жылдың желтоқсан айында директор қызметіне келдім. Біз бірнеше рет бұл отбасыларына шығыңыздар деп ескерттік. Көнбейді. Күштеп шығару мүмкін емес, кішкене балалары бар» деп жауап берді.

Мониторингтік және қоғам­дық кеңес мүшелері келіп тексерген соң да отбасылардың өкілдері қалалық әкімдікке келіп, «бізді қалдырсын, тыныштық берсін!» деген талап қойыпты.

– Әрине қазір оларды шыға­рып тастау мүмкін емес, – де­ді қала әкімінің орынбасары Надеж­да Шарова. – Барлығы дерлік тұрмыстары төмен, барар жерлері жоқ. Олар ипотекамен үй ала алмайды. Бұл адамдарға банктер несиеге қарыз бермейді. Бірақ проблеманы шешу керек. Бұл мәселені ойластырамыз.

Мониторингтік және қоғам­дық кеңес мүшелері Көлік кол­лед­жінің жатақханасын да тек­серді. Комендант Мейрамгүл Изем­баева жатақхананы толық таныс­тырды. Жатақхана 290 адамға арналған. Біздің студенттер бір қанатында ғана тұрады. Биыл «Серпін» бағдарламасы бойынша 80 бала оңтүстік өңірлерден, 60 студент Шығыс Қазақстан облысынан келді. Қалған бөлмелеріміз қаладағы төрт колледжге жалға берілді. Басқа оқу орындарының студенттері мұнда айына 7300 теңге, ал осы Көлік колледжінің сту­денттері айына 4100 теңге төлеп тұрады», деді ол.

Жатақханадағы жағдай үй­дегі аураны еске салады. Кең бөлмелерде 3-4 студент тұрады. Бірнеше жыл бұрын түбегейлі жөндеу жүргізілген. Дүние-мүлік, тұрмыстық техника жаңа талапқа сай. Кір жуу, асхана бөлмелері бар. Кешке жақын олар тап-таза төсек орындарда ұйықтауға дағдыланған. Ак­ті залы, кітапхана, демалыс бөл­месі, сабақ қарайтын орындар да бар. Тіпті басқа жақтан келген жас­тарға орналаса тұруы үшін қонақ бөлмелер де жасалған.

– Біздегі бір күрделі мәселе, ыстық судың жоқтығы,– дейді Мейрамгүл Изембаева. – Бар­лық жуыну бөлмелерінде су жы­лытқыштар орнатылған. Сон­дықтан балалар арнайы кестемен аптасына бір рет қана жуынуға мәжбүр. Студенттер жаздың ыстығы, күннің лайсаң батпақ кездерінде аптасына екі-үш рет суға түскісі келеді.

Көлік колледжі жатақхана­сының тәрбиешісі Жәмила Б­а­гирова­ның айтуынша, сту­дент­тік жатақханаларды жылына бірнеше рет тексереді. «Кол­леджге келіп түскен бала­лар, әзір­ше студент деп те атау­ға кел­­мейтін, 15-16 жас шамасын­дағы жасөспірімдер. Сондықтан оларға үйлеріндегідей отбасы жылуын бергіміз келеді. Екінші ана­лары болуға тырысамыз», дейді ол.

– Екі жатақханадағы жағдай екі түрлі, – деді облыстық Жастар және балалар қауымдастығының төр­айымы, мониторингтік топ мүшесі Эльзира Жүнісова. Бірін­де түбегейлі жөндеу жүргізу және артық адамдарды шығару керек. Сондықтан да колледждердің өзара тәжірибе алмасуы дұрыс деп есептеймін. Сондай-ақ облыстық білім басқармасынан Семейдің студенттік жатақханаларын жөн­деуге қаржы бөлуін сұрау қажет.

Облыстық техникалық және кәсіптік білім беру және мамандарды даярлау орталығы ме­кемелерінің директорлар ке­ңе­сінің төрағасы Оралхан Сар­таев болса, Семейдегі 14 мем­лекеттік колледждің тек 5-еуі ғана өз жатақханаларын сақтап қалғандығын тілге тиек етеді. Қалаға облыстың аудандарынан бөлек республиканың түкпір-түкпірінен студенттер келеді. «Серпін» бағдарламасы бойынша оңтүстік облыстардан, Шымкент, Қызылорда, Тал­дықорған, Жам­был, Алматы жақтардан жас­тар келеді. Бірақ оларды жатақ­ханамен қамти алмай жатырмыз. Студенттер жатақ­ханасында 2551 орын жетіспейді. Сондықтан Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы аясында жаңадан жатақ­ханалар салып, ескілерін қалыпқа келтіру қажет», дейді О.Сартаев.

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Егемен Қазақстан»