Аймақтар • 09 Тамыз, 2018

Елімізде зейнетақы қызметтері «WhatsApp», «Telegram» мессенджеріне қосылды

284 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры қызметтерін оңтайландыру мақсатында салымшылары үшін заманауи қызметтер ұсынып отыр. Ендігі кезекте  enpf.kz  сайтында ерікті зейнетақы жарналары бойынша шарт жасауға мүмкіндіктер жасалды.

Елімізде зейнетақы қызметтері «WhatsApp», «Telegram» мессенджеріне қосылды

Қор салымшылары үшін жартыжылдық бойынша есеп берген БЖЗҚ мамандары зейнетақы қызметтерінің салымшылар үшін де алушылар үшін де қолжетімді екендігін жеткізді. Сайт арқылы  «Жеке кабинет» және «Электрондық қызмет көрсету» бөлімі арқылы келісімшарт жасауға болады. Оны пайдалану үшін салымшыларда электронды цифрлық  (ЭЦҚ)  кілт болса жеткілікті. 

БЖЗҚ төрайымы Н.Наурызбаева ағымдағы мерзімдегі көрсеткіштерге шолу жасап, зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 8,4 триллион теңгені құрағандығын әрі  жыл басынан бергі аралықта 663,6 млрд теңгеге, яғни 9 пайызға өскендігін мәлімдеді.

Жартыжылдық қорытындысына сәйкес қорға 5,6 миллионнан астам салымшы зейнетақы жарналарын аударған. Осы мерзімдегі түсімдердің жалпы сомасы 407,5 млрд теңгеге (кері қайтарылған жарналарды есепке алмағанда) жетті. Көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда (366,4 млрд теңге) 11 пайызға жоғары. Түсімдердің негізгі үлесі міндетті зейнетақы жарналарына тиесілі.

Салымшылар мен алушылардың зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс сомасы 356,4 млрд теңгені құрап отыр.  Яғни, жыл басынан бері табыс 4,5 пайызды құраса, бұл кезеңдегі инфляция деңгейі 2,6 пайыз болған. Ал қордың бір жылы ішіндегі табысы  9,5 пайызды құрап отыр. 

Қор тарапынан экономикалық белсенді азаматтарды жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту әрі қорға бірнеше жылдар қатарынан жарна аудармағандар салымшылармен  жұмыстар қолға алынған. Дерекқорда 2015-2017 жылдар аралығында ашылып, бірде-бір немесе тұрақты жарна түспеген шоттар анықталды. Тиісті мерзім ішінде  218,4 мыңнан астам салымшымен байланыс орнатылып, 29 мыңға жуық азаматқа кеңестер берілген. Ал осы уақытта 50,65 мың шотқа жарна аударылған. 

Ағымдағы жылдың мамыр айында БЗЖҚ «Telegram» мессенджеріне қосылды. Пайдаланушылар жаңа қызметтің көмегімен қысқаша көшірме алу, электрондық поштасына жіберу, «Жеке кабинетке» кіру паролін қалпына келтіру, маңызды жаңалықтар және ағымдағы көрсеткіштерімен танысу мүмкіндігіне ие болса,  шілде айында іске қосылған «WhatsApp» қызметі ел ішінде және  шетелде жүргендерге жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы қажетті ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Ал қор бөлімшелері жоқ аудандарда зейнетақы қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында «Мобильдік кеңсе» жобасы іске қосылып, қажетті техникалармен және жерсеріктік байланыс құралымен жабдықталған. Биылғы жылдың 16 сәуірі мен 30 маусымы аралығында «Мобильдік кеңсе» 75 рет жолға шығып, республика аймақтары бойынша салымшылармен байланыс орнатты.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ