Тарих • 09 Тамыз, 2018

Батыс Қазақстан облысында ғажайып жәді­гер сақталған

1341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлке­­тану музейінде біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырға жататын ғажайып жәді­гер сақталған. Ғалымдар «фалар» деп атаған бұл күміс табақшалар кәдімгі ат әбзелі – өмілдірік-құйысқанға бекіті­ліп, көр­кем­деп тұратын металл жапсырма екен.

Батыс Қазақстан облысында ғажайып жәді­гер сақталған

Археология ғылымында сарматтар кезеңіне (Біздің дәуірімізге дейінгі III ға­сыр­дан – біздің дәуіріміздің IV ғaсыры aра­лығы) жататын бұл ерекше құнды жәді­герлерді 1981 жылы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының Ғаяз Кушаев басқарған археологиялық экспедициясы тапқан. Табылған жері – қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Зеленов ауданының аумағындағы Володарка І бейітіндегі №4 оба.

Ғалымдардың зерттеуіне қарағанда, бұл бейіт және табылған жәдігерлер б.д.д. ІІІ-ІІ ғасырларға жатады. Фалар күмістен жасалған, жұқа алтын жапсырмамен көмкерілген, бетіндегі бейнелер шекіме әдісімен түсірілген.

Фалардың жалпы диаметрі – 24,6 см. Жалпы, сарматтар кезеңіне қатысты мұндай фаларлар бұрын-соңды талай табылған. Бірақ олар негізінен кішкентай болып келеді. «Дәл осындай көлемді фалар Санкт-Петербург­тегі Эрмитажда ғана сақталған» дейді музей қызметкерлері.

Мамандардың пікірінше, қалқаншада грек мифологиясында айтылатын үш басты Химерамен күресіп жатқан Беллерофонт бейнеленген. Сол сюжеттің қазақ даласынан шыққаны қызық.

– Ең қызығы, фалардың бетіндегі сурет алыстағы грек аңызынан алынғанымен, ғалымдар өнер туындысын жергілікті, яғни сармат шеберлері жасаған деген болжам айтады, – дейді ұзақ жыл осы музейде қор бөлімінің меңгерушісі болып қызмет еткен, бүгінде Батыс Қазақстан облыстық мәдениет басқармасының бөлім басшысы Гүлмира Қауланова.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»