Қазақстан • 10 Тамыз, 2018

Конвенцияға қол қою 20 жылға созылған келіссөздерді түйіндейді - Қ.Әбдірахманов

386 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ақтауда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммиті қарсаңында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталатын кездесу туралы өз пікірін білдірді. 

Конвенцияға қол қою 20 жылға созылған келіссөздерді түйіндейді - Қ.Әбдірахманов

− Министр мырза, Ақтау саммитінде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі анықталады деп күтілуде. Жиырма жылдан астам уақыт бойы теңіздің құ­қық­тық мәртебесі туралы Кон­вен­ция жобасын әзірлеген сарап­шылардың еңбегін қалай бағалар едіңіз?

− Сарапшылардың жұмысына жақында Мемлекет басшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өзі баға берген болатын. Бұл аса күрделі және көпжақты жұмыс. Оның нәти­жесі Ақтау саммитінде қарас­тырылады. Конвенция жобасын әзірлеу бесжақты форматта жүр­гізілді және онда көрсетілген бар­лық тұжырымдамалар мен ере­желер консенсус негізінде қабыл­данды. Біздің пікірімізше, бұл құ­жат өте теңдестірілген және онда келіс­сөздер процесінің барлық қа­ты­сушыларының мүдделері ес­керілген.

− Құжатқа әлі қол қойылған жоқ және парламенттер рати­фи­кациялағанша, оны жария­лау­ға болмайды. Дегенмен, Конвен­ция­ның негізгі мазмұны туралы айтып бере аласыз ба?

− Ең бастысы, мемлекеттер басшылары өздерінің саяси ерік-жігері, дипломатиялық күш-қайраты, тиімді шешімдерді іздестіруге ұмтылуы арқылы Каспий теңізіндегі ынтымақтастық туралы барлық мәселелер бойынша консенсусқа қол жеткізді.

Конвенция Каспий теңізін, соның ішінде оның суын, түбін, жер қойнауын, табиғи ресурстары мен оның үстіндегі әуе кеңістігін пайдалануға қатысты Каспий маңы мемлекеттерінің құқықтары мен міндеттеріне қатысты барлық мәселелерді шешуге арналған және бұл құжат тұтас Каспий аймағының қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен өркендеуінің кепілі болуы тиіс.

Теңіз акваториясы ішкі сулар, ені 15 теңіз милі болатын аумақтық сулар, 10 мильдік балық аулау аймақтары мен ортақ су айдыны сынды әртүрлі режімдермен межеленеді. Теңіз түбі мен жер қой­науын межелеу процесі ірге­лес және қарсы жатқан мемлекет­тер арасындағы уағдаластық ар­қы­лы жүзеге асырылады. Мұнда ха­лықаралық құқықтың жалпыға танылған қағидаттары мен нормалары ескеріледі.

− Ал теңіз бен оның айнала­сын­дағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Каспий маңы мемлекеттері қалай жұмыс істейді?

− Саммит аясында терроризмге, ұйымдасқан қылмысқа, биоресурстарды заңсыз аулауға және есірткі заттарының заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша ынтымақтастық мәселелерін талқылау жоспарланған. Одан бөлек, әскери іс-қимылдарды жү­зе­ге асыру, оқиғалардың алдын алу, теңізде жүзу қауіпсіздігі, сон­дай-ақ тараптардың құзыретті орган­дарының, оның ішінде шекара ведомстволарының өзара әрекет­тестігіне қатысты мәселелер көтері­летін болады.

Каспий маңы мемлекеттеріне тиесілі емес бөтен қарулы күштерді теңізге қатынастырмау да жекелеген мәселе. Бұл ұстаным 2014 жылдың қыркүйегінде Астраханьда өткен Төртінші Каспий самми­тінің қорытындысында қол қо­йылған Әзербайжан, Иран, Қазақ­стан, Ресей және Түрікменстан пре­зи­денттерінің мәлімдемесінде бекітілген. Сондай-ақ бұл уағда­лас­тық Конвенцияда да жазылған. Жалпы алғанда, Конвенцияға қол қоюдың Каспийдің мәртебесі тура­лы жиырма жылдан астам уақытқа созылған келіссөздерді түйіндей­тініне және теңіз маңы мем­ле­кеттерінің өзара халықаралық, сая­си, экономикалық және мәдени-гума­нитарлық ынтымақтастығын дамыту мен нығайтуы үшін мызғы­мас құқықтық негіз боларына сенімдімін.

− Құнды пікіріңіз үшін рахмет!

Сұхбат «ҚазАқпарат» ақпарат агенттігінен ықшамдалып алынды