Аймақтар • 10 Тамыз, 2018

Шу ауданына инвесторлар қызығушылық танытып отыр

739 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жамбыл облысының Шу ауданы – елімізге Қазақ хандығының алғашқы туы тігілген аймақ ретінде белгілі. Тоғыз жолдың торабында орналасқан тарихи мекен бүгінде Әулиеата өңіріндегі кең қанат жайған ауданның бірі. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын мәселелері және «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінде айтылған міндеттерді жүзеге асыруда да Шу ауданы айтарлықтай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Мұнда көптеген әлеуметтік проб­лемалар оң шешімін тауып, тұрғындар тілегіндегі түйінді мәселелер тарқатылуда. 

Шу ауданына инвесторлар қызығушылық танытып отыр

                                   Баспана – басты мәселе

Жергілікті тұрғындарды баспанамен қамту – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту жолындағы елеулі мәселе. Бүгінгі таңда тұрғын үй саясаты ел Үкіметінің басты назарында. Тиісінше мемлекет тарапынан тұрғындардың баспаналы болуына лайықты жағдай да жасалып келеді. Сондықтан жеке тұрғын үй құрылысы барлық ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткішіне айналып отыр. Елбасы тапсырмасын орындауға негізделген «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасы да халықтың әлеуметтік жағдайын арттыруға бағытталған. Мәселен Шу ауданында ағымдағы жылы жалпы алаңы 8145 шаршы метрді құрайтын 64 үй пайдалануға беріліп, нәтижесінде 344 миллион 840 мың теңге игерілген. Сондай-ақ аталған бағдарламаны жүзеге асыру мақсатында «Жетісу» тұрғын үй алабындағы 75 пәтерлі көп ­қабат­ты үйді қалпына келтіру жұмыстары жүргі­зілуде. Өткен жылы осы мақсатқа облыс­тық бюджеттен қаржы да қарастырылған. «Жал­пы ауданы 3459,63 шаршы метрді құрай­тын нысанды үстіміздегі жылдың тамыз айында ел игілігіне береміз деп жоспарлап отырмыз. Тұр­ғын үйдің құрылыс жұмыстары аяқталған соң, үй кезегінде тұрған 75 тұрғын қоныстой той­лай­тын болады», дейді аудан әкімі Қайрат Досаев.

 Бүгінде аудан бойынша 715 адам тұрғын үй кезегіне тіркелген. Олардың қатарында 3 Ұлы Отан соғысының ардагері, 158 жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай-ақ осал топтағы 480 адам және 74 мемлекеттік қызметшілер мен бюджеттік қызметкерлер бар.

                                        Туған жерге туың тік!

 Елдің ынтымағын арттырып, берекесін келтіруде кәсіпкер азаматтардың үлесі аз емес. Бүгінде «Туған жерге туың тік» акциясын бірауыздан қолдаған Шу азаматтарының қатары артып отыр. Көптеген кәсіпкерлер өздерінің елге жасап отырған жақсылығын жұртқа жариялауды қаламаса да, халықтың оларға құрметі ерекше. Кәсіп ашып, ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып жүрген шаруашылық иелері мұнда жетерлік.

 Бүгінгі таңда Шу ауданында 6029 кәсіпкерлік нысан тіркелген. Аталған кәсіпкерлік нысандарда 17732 адам жұмыс істейді. Биылғы сәуір айында жеке кәсіпкер Кошали Гусейновтің демеушілігімен құрылыс жұмыстары 350 миллион теңгені құрайтын «Нұрлы жол» техникалық қызмет көрсету орталығы ашылып, 40 адам жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар жуырда жалпы құны 250 миллион теңге болатын «Шыңғысхан» спорт кешені ашылып, 6 адам тұрақты жұмысқа орналасқан. Шу ауданының құрметті азаматы Болат Сауранбаев Ескі Шу ауылдық округіне қарасты Белбасар елді мекенінде жобалық құны 350 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысын бастап, ауыл халқының алғысын алды.

«Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» тұрғындар мүддесін көздейтіні анық. Бүгінде бес бастаманың қай-қайсысы да ел игілігіне қызмет етуде. Мәселен «шағын несие беруді көбейту» деп аталатын төртінші бастама бойынша биыл ауданда 3103 адамға 1 миллиард 672 миллион теңге көлемінде несие берілген. «Микрокредиттік ұйым – Шу» серіктестігі тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 23 азамат 25 миллион 779 мың теңге көлемінде несие алған. Сонымен қатар аталған серіктестіктің Тараз қаласы филиалы Шу бөлімшесі тарапынан 3068 тұрғынға 1 миллиард 524 миллион 828 мың теңге көлемінде несие қарастырылған. Ал «Шу несие серіктестігі» ЖШС арқылы 12 шаруа қожалық иелері 121 миллион 418 мың теңге несие алған.

 Қазіргі кезде өңірді көгілдір отынмен қамту мәселесі аса өзекті. Бұл орайда «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты бесінші бастаманы жүзеге асыру мақсатында аудан бойынша 36 елді мекеннің 10-ы көгілдір отынмен қамтылған.

 «Бүгінгі таңда аудан орталығына іргелес жатқан Алға және Сауытбек ауылдарын табиғи газбен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 18 ауылды газдандыру мақсатында магистральды газ құбырын жүргізуге жобалық-сметалық құжаттар дайындау үшін өткен жылы облыстық энергетика және тұрғын үй-шаруашылық басқармасына 95,2 миллион теңге бөлінген болатын. Қазіргі кезде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім республикаға өткізілді», дейді аудан әкімі Қ. Досаев.

                                        Инвестиция игілігі

 Өнеркәсіп саласы өркендеуге жол ашады. Ал оны инвестиция тарту арқылы жүзеге асыру – бүгінгі жоспар талабы. Осы орайда Шу ауданының экономикалық жағдайына бірқатар инвестор қызығушылық танытып отыр. Аудан әкімдігінің мәліметінше, ауданға инвестиция тарту бағытында еліміздің индустриялық-инновациялық дамуының 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында алдағы уақытта жалпы құны 314 миллиард 710 миллион теңге болатын 7 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Оның қатарында «ТОО WINDHAN», «M-KAT-GREEN», «Sun solutions Kazakhstan», «SBS Grop-S», «А & Т – Энерго» және «Синерджи Агро Трейд» жауап­кершілігі шектеулі серіктестігі бар. Соны­мен қатар бағдарлама аясында ағымдағы жылы «Асылжер» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі қант өнімін өндіретін зауыт құрылы­сының жобасын іске асыру мақсатында тиісті құжат­тарды аймақтық үйлестіру кеңесінің қа­рауы­на ұсыныпты. Ал Шу қаласында «Standar­dconstruction» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігі «Битум» зауытының құрылысын жүр­гізуде. Егер жоба толық жүзеге асатын болса, өндіріс орны үшінші тоқсанда іске қосы­лады.

 Болашақта Шу ауданында «ХОЗУ Агро Систем» серіктестігі арқылы қант қызылшасы мен қант құрағын өңдеу, қант және лимон қышқылын шығару зауыты іске қосылады. Бұл мақсатқа серіктестікке 4 гектар жер берілген. Ал осы ауданда биылғы қаңтар айында «Комбайн Сази Иран» серіктестігінің Иран кәсіпорны Бірлік ауылдық округінде мал шаруашылығы бағытындағы комбайндарды құрастыру зауытын ашуға ниет білдіргені де аудан үшін үлкен жаңалық. Келешекте аталған жобалардың барлығы дерлік жүзеге асатын болса, Шу өңірінің бұдан да әлеуеті артып, даму деңгейі жоғарылай түспек.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы