Білім • 10 Тамыз, 2018

Жаңа білім бағдарламасындағы жүйесіздіктер анықталды

7848 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Білім жүйесінің жаңартылған стандарттар мен бағдар­ламаларға көшу науқаны қарқынды жүріп жатқанына да біршама уақыт болды. Мектепке дейінгі білім беруден бастап, докторантураға дейінгі стандарттар жарияланды.

 

 

Жаңа білім бағдарламасындағы жүйесіздіктер анықталды

Стандарттарға келетін болсақ, әр білім сатысына­ (бастауыш, негізгі, орта) ла­йықты оқыту мақ­саттары дәл анықталмаған. Стандарттар мәтіні бірін бірі қай­талайды.  Оқып ұғыну қиын. Білім сатысын оқу­шы қандай біліммен аяқтауы керек екені де белгісіз. Мәселен, мате­матика пәні бо­йынша бастауышты бітіргенде білім алушыдан не күтілетінін, негізгі мектепті бітіруші нені білуі керек екенін дөп басып ай­ту мүмкін емес. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде  «Жаңар­тылған бағдарламаның жаңалығы қандай?» деген мақа­лада жазған едік  (14 маусым, 2016 ж.).­ Амал не, жауап берілмеді. 

Мақалада бағдарлама авторлары да, мақұлдап қол қою­шы лауазымды тұлғалар да, мұғалімдерге арналған жалпы­ педагогикалық, әдістемелік бағ­дарлама жасау мен мектепте оқы­­тылатын пәннің мазмұнын анық­таудың арасындағы айыр­­­­­­ма­шылықтың бар екенін ес­кер­мегендігі айтылған болатын. Бас­тауыш мектеп математика бағ­дарламасының мазмұны да анық­талмаған. Бағ­дарламаны жасау­шылар мақсаттар жүйесінде бәрі бар дейтін көрінеді. Ол мақ­­­саттар жүйесі де ойланбай, жүйелілік пен сабақтастық қағидат­тарын сақтамай, арзанқол жасал­ған дү­ние екендігі көрініп тұр.

Дәл сондай жағдай мектептегі  қазақ тілі пәнінің жа­ңартылған бағдарламасында да орын алды. Бұл туралы Бижомарт Қапалбек «Қалай оқытудан бұ­рын, нені оқытуды шешіп ала­йық» атты мақаласында  жазды. Бұл мақалада да жаңартылған бағ­дарлама авторлары білім беруде нені оқыту, білім мазмұнын  жаңарту мен қалай оқытуды, әдістемені жаңартудың аражі­гін аша алмағандығы туралы айта келіп, «...базалық білімді жүйе­сіз, ретсіз, жұлым˗жұлым етіп ұсынуға, жаңартылған бағ­­дар­ламаны жасаушыларға кім­ рұқсат берді екен?» деген­ таңданысын жасырмады. «Негізсіз, уақытша нәрселер жа­сауға әуес мамандар ат арба­ның алдына түсіп алып жүгір­генді қашан қояр екен. Олар өз­дері білмесе, тіл білімі мен әдебиеттанудың сала-саласын арнайы зерттеп жүрген мамандарға неге сүйенбеген? М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер инс­титутына, А.Байтұрсынұлы атын­­­­дағы Тіл білімі институтына неге жүгінбеген? Бұлар – жыл­­­дар бойы қалыптасқан филология ғылымының әдіснамасын ешқан­дай негізсіз бұза салатындай кімдер?» деген ренішін де білдір­ген.

Автор «...жаңартылған бағ­­­дар­­ламаны жасаушылар­ ті­лі қазақша шыққан бала­ның­ коммуникативтік дағ­ды­сы ту­­ғаннан бастап қалыпта­са­­тын­дығын, мұндағы мақсат жетіл­діру, мәтіндегі тіл бірлік­терін түстеп тану, мәтінді линг­висти­калық талдау, мәтін ту­ды­руға үйрету керектігін тү­сінбейтін сияқты», деген ре­нішін де айтып қалыпты. Бағ­дар­лама авторлары «...білім беретін ғылыми пәнді сөйлеу дағдыларын қалып­тастыруды көздейтін тіл үйрету пәнімен шатастырады» делінген.

Байқауымызша, жаңарған бағдарлама мектепте оқытудың тұғыр­намалық негізінсіз, кон­цеп­туалдық бағытты айқын­дайтын тұжырымдамасыз жа­салған. 1995 жылы қабыл­данған «Қазақ тілі» пәнін оқытудың тұжырымдамасы мен 1998 жылғы жалпыға мін­детті білім стандарты, оқу бағ­­дарламасындағы «Тарих-бі­лім-мәдениет» үштағаны не­гі­зін­де жаңаша жүйеленген тіл­­дік тақырыптар мен тілдік са­уаттылық – сөз дұрыстығы – сөз шеберлігі сабақтастығына не­гіз­делген білім мазмұны, сөз мә­дениеті мен ше­шендік өнерге үйрету жолдары және пікірталас мәдениетін оқы­туды ескермеген.

Бағдарламада дүние жүзінде берік орын алған не үшін оқыту, нені оқыту, қалай оқыту, неге қол жеткізу канондары шатастырлып берілгендіктен әдістеменің ішкі жүйесі бұ­зы­­лып, дара байланыстар ес­керілмеген. Жаңартылған бағ­дар­ламаны жасаушылар еш­қашан өзінің тұрақтылығын жо­ғалтпайтын білім маз­мұнын толық ажырата, түсіне алмаған сияқты. Әйтпесе, айтылым, тыңдалым, оқылым, жазылым сияқты білімді игерудің нәти­жесін көрсететін әрекеттерді бі­лім мазмұны дер ме?

Мектептегі пәндерді ана ті­лін­де оқыту емес, екінші тілді үй­рену үшін қолдау ретінде қарас­тыру, мәселен, математика пәнін оқытуды жоспарлау­да да кездеседі. Кез келген ғылым саласының өзіндік ғылыми тілі – жасанды тілі де болатындығы белгілі. Мектепте оқытылатын математика және жаратылыстану пәндері сәйкес ғылым тілін меңгерудің негізін қалайды. Ғылым тілі ана (сөйлеу) тілі­мізден, яғни табиғи тілден бөлек бола алмайды және онымен біте қайнасып жатады.

Кез келген ғылым өзінің ұғым­­­­­­­­дар жүйесінен тұратындығы бел­­гілі. Ұғымның аты  терминмен (сөз, сөз тіркестері) немесе сәйкес символ арқылы белгіленіп, өрнектеледі. Ұғымның қасиеттері мен белгілері, ұғымдар арасын­дағы өзара байланыстар пайым­дар арқылы сипатталады. Па­йым­дардың тілдік өрнектелуі – сөй­лем. Математикалық сөйлем – ак­сиома, анықтама, теорема (кейде тұжырымдама) түрінде көрініс табады. Математикалық білімнің ерекшелігі, ол математикалық тілден бөлінбейді. Сондықтан математиканы оқыту әдістемесі ғылымы, математикалық білім­дерді меңгеруде оқушылардың сөйлеу тілін дамыту, ал ол өз кезегінде ойлаумен тікелей байланыста болады деген қағиданы басшылыққа алады. Ауызша және жазбаша математикалық тілге үйрету, математиканы оқытудың ажырамас құрамды бөлігі саналады. Оқушыны математикаға үйрете отырып, бір мезгілде олар­дың математикалық тілін жетіл­діреміз және керісінше. Сон­дықтан оқу жоспарларында «Тілдік мақсаттар туралы» деген арнайы бөлімнің болуы мен әрбір тақырыпқа «ғылыми тіл қамтылған тілдік мақсат үлгі­сінің» беріліп отыруын талап ету мұғалімге артық жүктеме болайын ­деп тұр.

Өкінішке қарай, жаңартылған бағдарламаны жасаушылар білім берудің жүйелілік, бірізділік, ғы­лымилық және сатылай оқыту ұстанымдарын ұмытқан секілді. Сан жылдар бойы оқытудың әр сатысында қалыптасқан дәс­түр мен жүйені бұзған. Демек, баланың ойлау, сөйлеу қабі­леттерін дамыту мәселесі дұ­рыс ескерілмеген. Осы орайда, тал бесіктен жер бесікке дейін тоқтаусыз жүретін сауат ашу жүйесін 1-сыныпқа пән етіп енгізудің өзі үлкен қателік бол­ғанын айта кеткен жөн. Оның үс­тіне бұл оқулық өте үлкен әрі ауыр, баланың психологиялық-физиологиялық өсуі мен дамуына кері әсер етеді. Міне, сондықтан жаңартылған бағдарламаны жасаушылар өздерінше «жаңалық» ашып оқытудың сатылы-сабақ­тас­тық жүйесін ұмытқан. Оған дәлел, орфографияға қа­тыс­ты тақырыптардың оқу мақ­сатында да, тілдік бағдарда да аражіктерінің анық көрсетіл­мегендігі.

Қазақ тілін жаңартылған бағ­­­дар­­ламамен оқытамыз деп­­­­ оқушыларымызды сауат­сыз­­­­­­­дыққа бастайын деп тұр­ғаны туралы «Қазақ тілі» пә­ні­нің жаңартылған оқу бағ­дар­ламасында кемшілік көп» («Егемен Қазақстан», 13.06.2018) атты мақаласында Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педа­гоги­калық университеті қазақ тілі теориясы және әдістемесі ка­федрасының меңгерушісі, педагогика ғылым­дарының докторы Жанат Дәулетбекова бұлтартпас дәлел­дер келтіріп жазыпты. Оқу маз­мұнын анықтауға байланысты кемшілікті басқа пән мамандары да айтып жүр.

Білім – дұрыс ойлаудың негізі. Ойлай білген, ойлауға  үйренген бала дұрыс, шешен сөйлей алады. Дұрыс ойлау мен дұрыс сөйлеу – пәнді мең­герудің, жақсы оқудың алғышарты. Нәтижесінде, бала­ның бойында тіліне, ұл­ты­на, мемлекетіне деген құр­мет пен мақтаныш сезімі оянады. Елін, жұртын, тілін қастер­лейтін, ардақтайтын азамат болып өседі.

 Білім беру саласын жаңар­тылған мазмұнға көшіру дегенді, күні бүгінге дейін «тұрақты дамып отыру», «бағалау жүйе­сін жетілдіру» «мектептер­де игілікті білім ортасын қалып­тастыру», «бала мектепте өзін­ еркін сезініп, ұстаздары мен құрбылары ара­сындағы қа­рым-қатынаста мей­лінше мейірімді болу», «ма­териалдық-тех­ника­лық базаны тиімді пайдалану», т.б. деп жалпы пси­хологиялық-педагогикалық, әдіс­темелік мә­се­­лелерді атап жатады. «Қы­рық адам бір жақ, қыңыр адам бір жақ» деген осы шығар.

Жаңартылған бағдарламаға көшу науқаны еліміздің педагогтары мен әдіскерлерінің ең­бектерін шетке ысырып қой­ды. Қазіргі кезде мұғалімдер ең­бектерін еш уақытта қолына ұстап көрмеген ағылшынша есімдерді атайтын болды. Сол­ ағылшындардың айтқан­да­­рынан кем емес ой-пікір өзіміздің ға­лымдардың еңбек­терінде де жеткілікті. Тек сол қазынаны да пайдалана алсақ зиян шекпеген болар едік. Өзін құрметтеген ұлт қашан ұтылып еді?!

Еліміздің болашағы – бала­ларға рухани жаңғыру тұрғы­сынан ұлттық салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымызды сақтауға, жаңғыртуға негізделген білім береміз десек, білім стандарттары мен оқу бағдарламаларын қай­та түзу керек. Соған сай оқу­­­­­лықтарды жазу ісін жетік маман­дардың қатысуымен ұлт­тық шеңберде  шешу қажет. Ендігі жерде мұғалімдердің білімін көтеру курстарының мазмұнын да қайта қарауға тура келер, бәлкім. Біз осы ар­қылы әлемдік өркениетке өз үл­гімізбен қосыла аламыз.

Досымхан РАХЫМБЕК,

ОҚМПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы,

Құлахмет МОЛДАБЕК,

ОҚМПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы