Медицина • 10 Тамыз, 2018

Даладан табылған «үшбу хат» мектеп музейіне тапсырылды

888 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Сергей Александрович даладан тауып алған «үшбу хатты» оқу жылы басталысымен оқушы­лардың алдында салтанатты түрде мектеп музейіне тапсыратын болады.

Даладан табылған «үшбу хат» мектеп музейіне тапсырылды

Сергей Вечер Докучаев орта мектебінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Ғұмыры өзі туған ауылда өтіп келе жатқан ол жаяу жүргенді, дала кезгенді ұнатады. Докучаев ауылынан айналадағы өзге елді мекендерге бару үшін жұрт секілді көлік іздеп жатпайды. Төте тартып кетеді. Сондағысы «жаяу жүрсең денсаулығың жақсарады, шынығасың» деген ойдан емес, даладан оны-мұны тауып алам ба деген «дәмемен» жүреді. Биылғы шілде айының басында көрші Шоқай әулие ауылында шаруасы болып, тағы да төтелеп кетіп бара жатқан. Ойламаған жерден олжаға кезікті.

– Алыстан күнге жарқырап бір нәрсе көрінді. Дереу солай қарай бұрылдым. Алдында  ғана шатырларды ұшырып кеткен алапат дауыл шығар әкеліп тастаған не зат болды екен деп, қасына барсам үлкен етіп жасаған «үшбу хат». Кәдімгі тарихтан өзіміз білетін, әке-шешеміз майданнан алған үшбу хаттың макеті, бір жағына соғыс жылдарындағы пошта мөрі басылған, екінші жағына «майданнан хат» деп жазылып, қалампыр гүлдері, Георгий лентасының суреті салынған, – дейді Сергей Александрович. «Үшбу хаттың» Жеңіс мерекесінде немесе соғыс басталған 22 маусымға байланысты акцияларда шарлар байлап аспанға ұшырылғаны белгілі. Сергей Александровичті енді оның қайдан келгені қызықтырды. Алтынсарин ауданындағы өзінің әріптестерінен, ауылдық округтерден қалдырмай сұрап шықты. Еш ауылда хат ұшыратындай акция өтпеген.

– Менің ойымша бұл «үшбу хатты» жеке адамдар өздері жасап ұшырды немесе Ресейдің Қостанаймен көрші облыстары жағынан келген болу керек. Мүмкін ол жақта өткен шаралардың бірінде аспанға ұшырған шығар. Өйткені кейде желдің бағыты сол жақтан тұрады, жеңіл әрі шарлар байланған хатты жел айдап, біздің ауылдың сыртына әкеліп тастаса керек, – дейді ол.

Сөзіміздің басында Сергейдің дала кезетінін бекер айтпаған едік. Расында солай екен. Ол мектепте оқып жүрген кезінде даладан мамонттың сүйегін тауып алады. Оны тарих пәнінен сабақ беретін ұстазы Василий Шалабаевқа әкеліп көрсетеді. Ұстазы оған дереу мамандар шақыртады.

 – Әлгі мамандар мамонттың өте ірі сүйектерін алып кетті. Одан кейін тағы оқтың ба, найзаның ба ұшын тауып алдым. Оны да ұстазыма әкелдім. Ол белгілі археолог Виктор Логвинді шақыртып көрсетті. Ол кісі бұл қола дәуіріне тән жәдігер екенін айтқан болатын. Сол кісінің шақыруымен бір жаз бойы археологиялық экспедицияда жұмыс істегенім бар. Даладан тарихқа қатысты зат тапқым келеді де тұрады, – дейді Сергей Александрович.

Сергей Александрович даладан тауып алған «үшбу хатты» оқу жылы басталысымен оқушы­лардың алдында салтанатты түрде мектеп музейіне тапсыратын болады.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан»