Аймақтар • 10 Тамыз, 2018

Алматыда қоғамдық кеңес отырысы өтті

334 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Алматыда қоғамдық кеңес отырысы өтті

Қоғамдық кеңес отырысы барысында қала қауіпсіздігі мәселесін шешу жолдары талқыланды. Енді Алматы қаласында қылмыстың алдын алу үшін 16 мың сергек камера орнатылады. Бұл туралы қалалық Қоғамдық кеңес отырысында Ішкі істер бөлімінің басшысы Серік Күдебаев айтты. Оның айтуынша, сергек камераларды жол бойына орнатқаннан кейін жол-көлік апатының көрсеткіштері төмендеген. Енді осы тәжірибе жаяу жүргіншілер жолы мен көпшілік орындарда да қолданылады. Қазір мегаполистегі қоғамдық орындардағы камералар ескірген. Ал, ірі мегаполистің шет жағындағы кейбір көшелердің бойында камера орнатылмаған. Сол себепті барлық көшелерге камера орнатылып, ескірген камералар жаңартылады.

«Талдау жобасы бойынша қала әкімдігінен әрбір ауданға 2000 сергек камера орнатуға қаржы бөлінді. Бұл мегаполисте қоғамдық орындар мен көше бойларына 16 мың бейнебақылау камерасы орнатылады деген сөз. Сол арқылы қоғамдық орындардағы қылмысты төмендету мақсаты қойылып отыр. Егер бұл жоба жүзеге асса шаһардағы барлық тұрғын үйлердің аулаларындағы камераларды да талдау жобасына қосамыз. Бұл тәртіп сақшыларына жедел әрекет етуге көмектеседі», деді қалалық Ішкі істер бөлімінің басшысы Серік Күдебаев.